Әдетте адам баласы табиғатынан жақсылық жасауға бейім жаратылған жаратылыс. Жақсылық жасаса өзіндік бір сезімге ие болып, рахат табады. Және бұл қайрымдылықтарың пайдасына, Алла разы болса екен, жолым ашық болса екен, барша қиыншылықтардан сақтаса екен деп тілері ақиқат. Расымен де қайрымдылықтың пайдасы орасан зор. Оны кейбірі білсе, кейбірі өмірінде көрген. Мәселен:
Қайрымдылық беру байлықты арттырудың себебі болады. Алла Тағала: «… тиісті орынға бір нәрсе жұмсасаңдар, сонда Алла тағы есесін береді» — деп айтқан (Сәбә, 39-аят).
Қайрымдылық жасау ең жақсы құлшылық болып саналады және күнәлардың кешірілуіне себеп болатыны да Құранда айтылған: «Олардың малдары көбейіп және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал» («Тәубе», 103-аят).
Қайрымдылық жасау адамды өзімшілдік, сараңдық, дүниеқорлық сияқты қылықтардан сақтап кішіпейілдік, жомарттық және кеңпейілдік сынды жақсы сипаттарға тәрбиелеп, баулиды. Ал бұл сипаттар Алланың ең жақсы көретін адамның бойында табылатындары.
Қайрымдылық түрлері көп. Соның бірі мал дүниені ұзақ мерзімге қайрымдылық ету болып саналады. Дінімізде осы қайрымдылықды уақып ету деп атайды. Уақып — сөздікте «қамау, кедергі болу» деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану. Ашып айтқанда бай бір адам өзінің жеке меншік мүлкін немесе табысының бір бөлігін мұқтаждарға еш келісім шартсыз беруі. Бұл үрдіс Ислам діні келгеннен бастап жүзеге асқан болатын. Оны Алла Елшісі, оның сахабалары, халифалар өз өмір жолдарында қолданған. Осы уақып қорларымен әлеуметтік, экономикалық және мәдени өркениет дамыған болатын. Уақып қоры адамзат алдындағы адал жауапкершілік сезімі, мейірімділік, жанашырлық, ынтымақтастық сияқты құндылықтарға негізделген. Жалпы адамзаттың пайдасына жұмыс жасайтын жүйе.
Уақыптың дініміздегі орны ерекше. Оны Құран аяттары мен де Пайғамбарымыздың асыл хадистеріменде айтып көрсетуге болады. Құран аяттарында: «Ей, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» (Бақара, 2/267.) деп, ескерткен.
Басқа бір аятта былай деп келеді:
لَن تَنَالُواْ الْبِرَّ حَتَّى تُنفِقُواْ مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنفِقُواْ مِن شَيْءٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ
«Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады» (Әли Имран сүресі, 92-аят.), деген.
Жәбір (р.а) атты сахаба: «Алла расулының сахабаларының ішінде мал мүлкін уақып қылмаған ешкім болмаған». Жалпы ең алғаш уақып етілген Құба мешіті. Оның салыну тарихын оқитын болсаңыз, ең алғаш салынған, көпшілікке арналған құлшылық орны. Одан кейін алты ай өткен соң салынған Мадина қаласындағы Пайғамбарымыздың мешіті. Осы уақып қылынған орындар тек құлшылық қылынбай, мұқтаждарға жәрдем беріліп, үй жоқтарға пана болып, білім алушыларға мектеп болған жер. Сахабалардың бірі Әбу Талха өзінің ең қатты жақсы көретін Бейруха атты құрма бақшасын Алланың жолында, адамдардың игілігіне уақып етіп, амал жасаған. Одан кейін де айта берсек, халық пайдасына уақып етілген нәрселер көп.
Уақыптың берген адамға мынандай пайдалары бар:
- Алланың құзырында көп сауапқа кенеліп, разылығына қол жеткізеді.
«Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дархан, бәрін білуші». (Бақара сүресі, 261 аят)
- Өмірінде көп жақсылықтарға жетеді.
لنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّى تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنْفِقُوا مِنْ شَيْءٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ
Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла (Т.) оны толық біледі. (Әли Имран сүресі, 92 аят)
- Өзінің артына бітпейтін бір сауап іс қалдырады.
Әбу Һурайрадан жеткен хадисте пайғамбарымыз айтты: « Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, амал дәптері тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: Жария берілген садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салихалы ұрпақ». «Адамдар қайтыс болған кезінде бүкіл амалдары тоқтатылады. Бірақ үш амалдың сауабы тоқтамайды. Олар: жалғасын тапқан садақа, пайдалы ілім және артынан дұға ететін салиқалы ұрпақ».
- Ислам дініне үлкен үлес қосады. Әсіресе медресе, мешіт, діни кітаптар сияқты игі амалдар жасаған болса.
- Мұқтаж адамдардың мұқтаждығын өтеген болады.
- Өмірінде, кәсібінде, отбасында қауіп қатер болмайтын болады.
Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Мал-мүлкінен күндіз немесе түні, жасырын немесе ашық садақа беретіндердің сауабы Алланың құзырында дайын. Оларға қауіп-қатер, қайғы болмайды» («Бақара сүресі», 274-аят)
Осы айтылған пайдалардан бөлек көптеген игіліктері бар. Сол үшін де уақып беру өзімізге де, өмірімізге де, қоғамға да өте қажетті амал.
Убаев Наурыз Ибатұлы
Облыстық орталық «Ар — Рахман» мешітінің наиб имамы