Пайғамбардың  (ﷺ)  мінезіндегі көркем үлгілер

Пайғамбардың  ()  мінезіндегі көркем үлгілер

«Шүбәсіз, Аллаһ Елшісінде сендер үшін әрі Аллаһқа және ақирет күніне бар үмітін артқан (Аллаһты және ақирет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Аллаһты көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар.»

(«Ахзаб» сүресі, 21-аят.)

Әрбір мұсылман адам өзінің өмірінде, мінез-құлқында Аллаһ Елшісін үлгі ете білуі керек. Өйткені Пайғамбардың негізгі жіберілген мақсаты да осы болатын. Бұл туралы Аллаһ Тағала Құран Кәрімде «Қалам» сүресінің 4-аятында: «Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің» -деген.

Пайғамбарды періштелерден емес, адамдардың арасынан таңдап жіберуінде ұлы Аллаһ Тағаланың көркем даналығы жатыр. Егер Пайғамбар періштелерден жіберілгенде (періштеде ішіп-жеу, ұйықтау, үйлену, ұрпақ көбейту сияқты сипаттар болмауы себепті) адамдарға үлгі бола алмайтын еді. Ал Пайғамбарымыз құлшылықта,  отбасылық өмір мен бала тәрбиелеуде, басқару саласында, яғни барлық істе бізге теңдессіз үлгі ретінде жаратылған.

Аллаһ Тағала адамзаттың бақыты үшін Қасиетті Құранды түсірген болса, Аллаһ Елшісі сол Құранды бойынан көрсетіп, күллі мұсылман үмметіне үлгі-өнеге бола білді. Бұған дәлел : Әзірет Айша анамыздан Аллаһ Елшісінің көркем мінезі жайлы сұраған адамдарға: « Оның мінезі тұнып тұрған Құран еді», –  десе, тағы бірде осы сауалға: ««Муминун» сүресін оқи аласың ба, осы сүрені оныншы аятына дейін оқы, Расулуллаһтың мінезі сондай еді» – деп жауап берген.

Пайғамбарымыздың көзін көрген сахабалар мұсылман ретінде өмір сүрудің жалғыз  жолы – Аллаһ Елшісінің соңынан еріп,  оның жолымен жүру деп санаған. Тіпті сахаба  Әбу Суфиян мұсылман болмай тұрған кезінде сахабалар жөнінде: «Олар Мұхаммед не істесе, тура соны қайталайды» -деп айтқан болатын.

Көркем мінездің кемел үлгісі болған Пайғамбарымыз: «Мен үшін сендердің ең сүйіктілерің, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болатындарың – көркем мінезділерің» -деп, өзінің бойындағы асыл қасиетін барша адамзатқа насихат етіп қалдырған. Аллаһ Елшісінің жолымен жүріп, амал еткен мұсылман ғана Аллаһ Тағаланың сүйіспеншілігіне бөленіп, Пайғамбарымыздың аманатына қиянат жасамаған болады.

Смайлова Ләззәт Байғабылқызы

«Тулбаев Мухаммед – Гариф»

мешітінің ұстазы