2025 жыл «Ислам және отбасы құндылығы» жылы

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2025 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бағдарлық баяндама жасады.

Жиын қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы мен тыныштығы үшін арнайы дұға тіледі. Жиынға Діни басқарма қызметкерлері, облыстардың бас имамдары, Ғұламалар, Сарапшылар, Ақсақалдар кеңесі мен РАНТ мүшелері, Діни оқу орындарының басшылары мен ұстаздары қатысты.

«Біз 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жарияладық. Жарасымды отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды қанға сіңген қасиеттерді жаңғырту үшін 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Алла қаласа, осы жыл аясында бірнеше іс-шараларды жүзеге асырамыз» деді Бас мүфти.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы 2025 жылы жұмыстың негізгі төрт бағытына атап айтқанда, дін мен дәстүр, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру бағытындағы жұмыстарға басымдық берілетінін мәлімдеді.