Ислам дініндегі қасиетті үш ай

Адамзат баласына ақылмен қатар нәпсі де берілді. Нәтижеде өмірдегі түрлі жағдаяттар кей кезде ақылмен шешіліп жатса, кей кезде нәпсіге беріліп жатады. Жыл он екі ай, жиырма төрт сағаттан тәуліктеріміз өтіп жатқаны сияқты, күнәларымыз бен сауаптарымыз таразының екі ұшында тартылуға күн өткен сайын жақындауда. Адам баласының табиғаты күнә жасауға, көп нығметті ұмытуға бейім болғандықтан Аллаһ Тағала 12 ай ішінде адамзат үшін 3 айды қасиетті айлардың қатарына қосып, басқа айлардан үстем қасиеттермен ерекшеледі. Бұл айлар көбіміз білетіндей, Ережеп, Шағбан, Рамазан айлары.

Әрбір мұсылман берілген мүмкіндікті соңғы мүмкіндік, «іс – әрекетім соңғы әрекеттерім» – деп, баға берсе, болашақпен емес, қазіргі сәтпен, қолда бар құнды адамдар мен уақыттың қадірін түсінуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, бұл айларға мұсылмандар қадір тұтып, қасиетті санайтын Рағайып, Миғраж, Бәрат және Қадір түндер кіреді.

Бұл айлар мейірім толқындары басталып, жүректерде рухани тыныштық пен қуаныш орнайтын, мейірімділік үстем болатын айлар. Бұл айлар кірген кезде мүміндердің жанын рухани атмосфера қоршайды. Бұл қасиетті айларда сондай берекелі түндер бар, бұл түндерде Аллаһтың мейірімі мүміндерге жаңбырдай жауады.

Жоғарыда келтірілген әрбір айдың қадір – қасиетіне жеке – жеке тоқталуды жөн көрдік. Тақырыбымыздың өзегі болған алғашқы ай – Ережеп айы болып есептеледі. Ережеп айы басталғанда Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) былай дұға ететін:

اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ، وَشَعْبَانَ، وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ

«Аллаһым,  бізге Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ет және Рамазан айына жеткіз!»

Зүннун – Мысри үш ай туралы:

«Ережеп – тұқым себу айы, шабан – суару айы, Рамазан – егін жинау айы. Әркім не ексе, соны орады. Ол не істесе де, нәтижесін алады»,- деген.  Демек, Ережеп айы бізді Рамазанға дайындайтын, мың түннен де қайырлы Қадір түнін қамтитын керемет маусымның алғашқы қадамын құрайды.

Рамазан – он бір айдың сұлтаны, үйіміздің, жүрегіміздің қонағы. Үйімізге қадірлі қонақ келгенде, оның келуіне бірнеше күн, тіпті айлар қалғанда дайындықты бастайтынымыз сияқты, біз де жүректердің сұлтаны Рамазанды қарсы алуға қажетті мән мен қамқорлық көрсетіп, тәнімізді, жанымызды, жүрегімізді алдын ала дайындауымыз керек.

Қасиетті Құранда “Ережеп” сөзі айтылмаса да, әр түрлі аяттарда қасиетті айлар туралы айтылып, бұл айларды құрметтеу керектігіміз бұйырылған.

Аллаһ Тағала «Тәубе» сүресінің 36 – аятында айлар турасында былай дейді:

اِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِنْدَ اللّٰهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْراً فٖي كِتَابِ اللّٰهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمٰوَاتِ وَالْاَرْضَ مِنْهَٓا اَرْبَعَةٌ حُرُمٌؕ

«Расында Аллаһтың қасында көктер мен жерді жаратқалы Аллаһтың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар».

Аллаһ Елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті айларды санаған кезде бұл айлардың ішінде “Ережеп” айын да атап өтті. Ол (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уақыт – Алла Тағала көктер мен жерді жаратқан күннің ретімен жалғасады. Бір жыл – он екі айдан тұрады. Оның төртеуі харам айлары. Олардың үшеуі қатар-қатар келген айлар, яғни : Зул-Қағда, Зул-Хидже, Мұхаррам және де Жумадул-ахир мен Шағбан арасындағы – Ережеп айы».

Пайғамбарымыз (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті түндер туралы былай дейді:

خَمْسُ لَيالٍ لَا تُرَدُّ فِيهِنَّ اَلدَّعْوَةُ: أَوَّلُ لَيْلَةٍ مِنْ رَجَبٍ وَلَيْلَةُ النِّصْفِ مِنْ شَعْبَانَ وَلَيْلَةُ الْجُمُعَةِ وَلَيْلَةُ الْفِطْرِ وَلَيْلَةُ النَّحْرِ

«Бес түн бар, оларда жасалған дұғалар қайтарылмайды: Олар: Ережеп айының бірінші жұма түні, Шағбан айының он бесінші түні, жұма түні, ораза айт түні және Құрбан айт түні». (Хадис – Шариф, Жамиғус – Сағир).

Келесі қасиетті үш айдың екінші айы – Шағбан айы. Шағбан – хижри жыл санауынын сегізінші айының атауы, Рамазанның алдындағы ай. 

Аллаһ Елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) Шағбан айының көп бөлігін ораза ұстаған. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.а.с) бұл айдағы амалдарын былай деп жеткізеді:

«Адамдар бағалай алмайтын бұл айда амалдар Аллаға ұсынылады; Мен бұл айда ораза тұтып, амалдарымның Аллаға ұсынылуын қалаймын» (Бұхари, «Сәум», 52) және Рамазаннан тыс уақыттағы ең сауапты ораза – Шағбан айындағы ораза екенін жеткізген болатын (Тирмизи, «Зекет», 28).

Пайғамбарымыз (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) :

إِذَا كَانَتْ لَيْلَةُ النِّصْفِ مِنْ شَعْبَانَ، فَقُومُوا لَيْلَهَا وَصُومُوا نَهَارَهَا، فَإِنَّ اللَّهَ يَنْزِلُ فِيهَا لِغُرُوبِ الشَّمْسِ إِلَى سَمَاءِ الدُّنْيَا، فَيَقُولُ: أَلَا مِنْ مُسْتَغْفِرٍ لِي فَأَغْفِرَ لَهُ أَلَا مُسْتَرْزِقٌ فَأَرْزُقَهُ أَلَا مُبْتَلًى فَأُعَافِيَهُ أَلَا كَذَا أَلَا كَذَا، حَتَّى يَطْلُعَ الْفَجْرُ

Егер, Шағбан айының ортасы болса түнде намаз оқып, күндіз ораза ұстандар. Сол түні Аллаһ Тағала күн батқанда: «Менен кешірім тілейтін адам бар ма, оны кешірейін, менен ризық сұрағандар бар ма, оған ризық берейін. Кімде-кім бір пәлекетке ұшыраса, оған амандық берейін, тағы да солай, солай, таң атқанға дейін»,- деді, ол. (Ибн Мажа, “Иһәматүс – салат”, 191)

Келесі қасиетті айлардың үшіншісі – Рамазан айы. Рамазан айы – дініміз ұлық, қасиетті деп есептеген қасиетті ай. Қасиеттілігі мен ерекшедігі Құран мен сүннетпен бекітілген, Рамазан айын халқымыз «он бір айдың сұлтаны»- деп те атаған.

Қоғамдық өмірде ынтымақтастық күшейетін, өміріміз көркейетін, береке мен сауапқа, рақымшылық пен кешірімге толы Рамазанның басы – рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу айы болып табылады.

Рамазан айы рухани өмірге толы, жүректер жаңғырып, нұрланып, жігерленіп, адамзаттың жан дүниесі тазарып, адами қасиеттер күшейетін ай. Осы тұрғыдан келгенде, Рамазан айы –  мүміндерге Алланың берген үлкен сыйы әрі нығметі екендігіне көз жеткізе аламыз.

Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.а.с) ең үлкен мұғжизасы, дүние мен ақырет бақытына жетелейтін ең сенімді жолбасшы, қасиетті кітабымыз «Құран» бұл айда түсе бастады.

Бақара сүресінің 185 аятында:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذٖٓي اُنْزِلَ فٖيهِ الْقُرْاٰنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدٰى وَالْفُرْقَانِۚ فَمَنْ شَهِدَ مِنْكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُؕ

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын».

Аяттан көрініп тұрғандай, жүректерге нұр, жүректерге шипа, мүміндерге мейірім, барша адамзатқа тура жол болып табылатын – Құран бұл айда түсірілген.

▪ Өмір бойы мың айдан қайырлы болған «Қадір түні» де осы айға кіреді.

▪ Исламның бес негізінің бірі – ораза, осы айда ұсталады.

Рамазан – жәннат есіктері ашылатын, тозақ есіктері жабылатын, шайтандар шынжырланған ай. Сүйікті Пайғамбарымыз (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай туралы былай деген:

“أَتَاكُمْ رَمَضَانُ شَهْرٌ مُبَارَكٌ، فَرَضَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ عَلَيْكُمْ صِيَامَهُ، تُفْتَحُ فِيهِ أَبْوَابُ السَّمَاءِ، وَتُغْلَقُ فِيهِ أَبْوَاب

الْجَحِيمِ، وَتُغَلُّ فِيهِ مَرَدَةُ الشَّيَاطِينِ

 «Сіздерге келген Рамазан – мубәрәк бір ай. Аллаһ сіздерге бұл айда ораза ұстауды бұйырды. Рамазан айы басталғанда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылып, шайтандар шынжырланады».

Рамазан айы – мейірім мен берекеге толы ай. Бұл айдың келуімен жақсылықтар көбейеді, жамандықтар азаяды, кедей – кепшік пен  қиындыққа душар болғандарға жәрдем қолы созылады. Бұл айда жасалған игі істер мен игі істердің сауабы басқа айларға қарағанда бірнеше есе көп.

Бұл ерекше айларды қадірлі етіп өткізуге мына іс – әрекеттер көмектеседі:

1) Түннің бір бөлігін ғибадатпен өткізу.

Құран Кәрімде «Муззаммил» сүресінің 1-4- аяттарында былай делінеді: 

يَٓا اَيُّهَا الْمُزَّمِّلُۙ.  قُمِ الَّيْلَ اِلَّا قَلٖيلاًۙ . نِصْفَهُٓ اَوِ انْقُصْ مِنْهُ قَلٖيلاًۙ . اَوْ زِدْ عَلَيْهِ وَرَتِّلِ الْقُرْاٰنَ تَرْتٖيلاًؕ وَمِنَ الَّيْلِ فَاسْجُدْ لَهُ وَسَبِّحْهُ لَيْلاً طَوٖيلاً

Әй бүркеніп жатушы (Мұхаммед Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) ! Түнде тұр. Бірақ аз ұйықта; Түннің жарымын немесе одан да аздап кеміт. Не оған біраз қос. (Түннің жартысында не одан аз, я көп тұруда еріктісің.) Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы.

2) Өз-өзімізге есеп беру.

Бұл айлар өзімізбен оңаша қалып, өлім, қабір, ақырет, дүниелік міндеттерімізді ойлап, өзімізге есеп беруімізге тамаша мүмкіндік. Бұл тұрғыда Құранда «Ойланбайсындар ма?», «Ой жүгіртпейсіндер ме?» деген аяттар бізді міндетті түрде шабыттандыруы қажет.

Пайғамбарымыз (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын):

حَاسِبُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُحَاسَبُوا

«Есепке тартылмай тұрып, өзіңді есепке ал»,- деп бізді өз-өзімізге есеп беруімізге шақырады (Тирмизи, «Қияма», 25).

3) Нәпіл оразаларды көбейту

Үш айды көктемге айналдыру үшін намазды, оразаны және осыған ұқсас нәпіл ғибадаттарды да көбейту керек. Өйткені намаз жамандықтан тосқауыл болса, ораза тақуалыққа себепші.

4) Мал-дүниеден садақа беру

Бұл үш айда зекет беру, мұқтаждарға көмектесу, туған – туыстарға қамқорлық жасау, жақсылық пен игі істер жасау, Алла разылығы үшін жомарттық жасау сияқты істерімізбен жарысатын күндерімізді көбейтуіміз керек.

Айтылған үш айдың қадір – қасиеті турасындағы ақпараттар бұл айларға қатысты мысалдардың бір бөлігі ғана. Алла барша мұсылмандарға бір жыл ішіндегі ерекшелігі мол айларда көп сауаптарға тырысып, жұмаққа бару мүмкіндігімізді арттыратын іс – әрекеттерді жасауға нәсіп етсін!!!

Амреев Оразбек Жамбылұлы

«Ар – Рахман» мешітінің ұстазы