Адамзат жаратылысы, берілген нығметтер, мейірім мен сүйіспеншілік, түрлі жемістер мен көкеністер, ағза мүшелеріміз, ми және оның құрылымы сынды түрлі тақырыптағы бізге пайда алып келген нәрселердің барлығына зер сала отырып, барша нығметтің адам үшін қызмет етіп жатқанын көреміз. Дей тұрғанмен, адам баласы бұл нығметтерді үйреншікті құбылыс ретінде көруі бейімделе бастағанда сол нығметтерді тағы да еске түсіруімізге көмектесетін, жүрегімізді тазартып, тыныштандыруға көмектесетін Аллаһтың бізге берілген мейірімділігі таусылмайды. Солардың бірі жыл он екі айда барша мұсылман сағынып күтетін қасиетті айлар болып табылады. Олар: Ережеп, Шағбан, Рамазан айлары.
Әбу Бәкір әл-Бәлһи (280/893) былай дейді: «Ережеп айы – егістік айы. Шағбан айы – суару айы. Рамазан айы – егін жинау айы». Тағы басқа бір сөзінде ол: «Ережеп айы жел тәрізді, Шағбан айы бұлт тәрізді, Рамазан айы жаңбыр тәрізді”, – десе, көпшілік арасында “Ережеп айы ағаштардың бүршік жарған сәті, Шағбан айы жеміс беру сәті, ал Рамазан айы егін жинау күні сияқты”, – деген сынды түрлі теңеулер мен жүрекке жылы сөздер қамтылған.
Жалпы айлардың қадір – қасиетіне тоқталғаннан кейін тақырыбымыздың өзегі болған алғашқы қасиетті айымыз – Ережеп айына тереңірек тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Жалпы Алланың берген әрбір уақыты, сағаты бәрі ерекше және құңды, алайда құндының құндысы, артығының артығы болған айлардың алғашқысы Ережеп айы ол – Алла Тағала Құран Кәрімде атап көрсеткен қасиетті айлардың бірі. Сонымен қатар, соғысу харам саналатын төрт ай, дінімізде маңызды орын алатын үш айдың бірі. Тіпті Ережеп айы надандық дәуірінде де құрметке ие болып, бұл айда соғыс болмаған.
Қасиетті Құранда “Ережеп” сөзі айтылмаса да, әр түрлі аяттарда қасиетті айлар айтылып, бұл айларды құрметтеу бұйырылған.
Мысалы, Аллаһ Тағала «Тәубе» сүресінің 36 – аятында:
اِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِنْدَ اللّٰهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْراً فٖي كِتَابِ اللّٰهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمٰوَاتِ وَالْاَرْضَ مِنْهَٓا اَرْبَعَةٌ حُرُمٌؕ
«Расында Аллаһтың қасында көктер мен жерді жаратқалы Аллаһтың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар» десе, Ережеп айы басталғанда Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) былай дұға ететін:
اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ، وَشَعْبَانَ، وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ
«Аллаһым, бізге Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ет және Рамазан айына жеткіз!»( Мүснәд, I, 259).
Әнәс бин Мәликтен жеткен риуаятта, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Ережеп айына «Ережеп» атауының берілу себебі сұралғанда, Ол (с.а.с) : «Өйткені бұл айда Рамазан мен Шағбан айларына дайындық ретінде көптеген жақсылықтар жасалады», – деп жауап берген (Хәллал, Әбу Мухаммад әл-Хасан 60).
Ережеп айының тағы бір ерекшелігі, мұсылмандар қасиетті деп санаған қасиетті бес түннің екеуі яғни, Рағайып пен Миғраж түндері осы айдың түндері болып есептеледі.
Рағайып түнінің діни негізі – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғасы қайтарылмайтын бес түнді санай отырып, олардың арасында осы түнді атап өткен.
Пайғамбарымыз (с.а.с) былай дейді:
خَمْسُ لَيالٍ لَا تُرَدُّ فِيهِنَّ اَلدَّعْوَةُ: أَوَّلُ لَيْلَةٍ مِنْ رَجَبٍ وَلَيْلَةُ النِّصْفِ مِنْ شَعْبَانَ وَلَيْلَةُ الْجُمُعَةِ وَلَيْلَةُ الْفِطْرِ وَلَيْلَةُ النَّحْرِ
«Бес түн бар, оларда жасалған дұғалар қайтарылмайды: Олар: Ережеп айының бірінші жұма түні, Шағбан айының он бесінші түні, жұма түні, ораза айт түні және Құрбан айт түні». (Хадис-Шариф, Жамиғус-Сағир).
Мұсылмандар ғасырлар бойы дұғасы қайтарылмайтын түндердің бірі Рағайып түнде ықыласпен құлшылық етіп, бұл түнге ерекше мән береді.
Ережеп айындағы тағы бір қасиетті түні – Миғраж түні. Миғраж бұл пайғамбарымыздың Мекке дәуіріндегі пайғамбарлық кезеңінің ең қиын кезеңдерінде бір түнде әл-Харам мешітінен мешіт әл – Ақсаға, одан аспанға жасаған хикметке толы саяхатын меңзейді.
Құран Кәрімде “Исра” сүресінің 1- аятында бұл тұрғысында былай деп келтіріледі:
سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَىٰ بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِّنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا ۚ إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ
Құлын (Мұхаммедті Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Месжід Ақсаға апарған Аллаһ әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол Естуші, Білуші.
Мұсылмандардың қасиетті екі мешіті әл-Ақсаға, одан аспанға дейін созылған бұл қасиетті сапар Пайғамбарымыздың (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) тұлғасында адамзатқа ашылған үлкен көкжиек, әрі Аллаһтың мейірімі, ұлылығы мен құдіретіне тамаша бір куәлік болып табылады.
Миғраж оқиғасы – бүкіл адамзатты дәріптейтін және көтеретін құндылықтарға қол жеткізіп, әр түрлі зұлымдықтан тазарып, илаһи әмірлерге мойынсұну арқылы биік деңгейлерге жетуге көмектеседі.
Миғраж оқиғасы – күніне 5 уақыт намаз арқылы миғражға шығудың мағынасын, хикметін, ақиқатын сезіну арқылы әлемдердің Раббысының шексіз мейірімі мен құдіретіне жету болып табылады.
Миғраж – бұл адамның ынтымақтастық, сүйіспеншілік, құрмет және жақсы адамгершілік сияқты құндылықтармен көтерілуіне тамаша мүмкіндік. Жаратылыстың мақсаты мен даналығын түсініп, тыныштық пен қауіпсіздікте, өзімен, қоршаған ортамен және Жаратушыға құлшылық етіп, шүкіршілік ету жолында өмір сүру үшін күресу.
Ерекшелігі толассыз болған бұл айда мұсылмандардың жасау керек құлшылықтары төмендегідей болып келеді. Олар:
- Нәпіл намаздар мен оразаларды көптеп ұстау
- Қасиетті Құранды көптеп оқу
- Садақа, зекет беруге тырысу
- Жаман қылықтардан аулақ болып, жаман әрекеттерден өз – өзін тыю.
Рамазанға дайындықты психологиялық тұрғыда болсын, физикалық тұрғыдан болсын ерте басталса, қасиетті айлардың, қасиетті түндердің сауаптарын молынан алуға мүмкіндік болады. Аллаһ баршамызды бұл айлардың сауаптарына жетуімізге нәсіп етсін.
«Тәжиден Батырұлы» мешітінің
бас имамы Руслан Тыныштықұлы