Ережеп айы – рухани дайындық айы

بسم الله الرحمن الرحيم‎

Ережеп айы – рухани дайындық айы

Ережеп – Рамазанның ережесіне етін үйрету үшін дайындық айы болып саналады. Дайындалмаған астың дәмі болмаған секілді, дайындалмаған істің сәні де болмайды. Сондықтан шығар Ережепті желге, Шағбанды бұлтқа, Рамазанды жаңбырға ұқсатады. Ережебінде егінің салынбаса, Шағбанда суарылмаса, Рамазанда жемісін жеу арман болады. Өзгені көріп қызығарсыз, қызғанарсыз, бірақ, ол сезген дәмді сезіне алмасыңыз анық. Өзге айлардан ерекшеленіп тұрған Ережептің не ерекшелігі бар?!

Атауының өзі бұл айды ерекшелеп тұр. Себебі «Ражаб» сөзі ұлықтау, құрметтеу деген мағынаны білдіреді. Қасиетті Құранда: «Аллаһтың көктер мен жерді жаратқан күні жазған үкімі (орнатқан заңдылығы) бойынша айлардың саны – он екі, олардың төртеуі – харам айлар. Міне, (адамзаттың игілігі үшін) ең дұрыс әрі мінсіз жүйе – осы. Ендеше, бұл айларда (яғни, қасиетті айларды құрмет тұтпай немесе орнын ауыстыру арқылы) өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар», – делінген («Тәубе» сүресі, 36-аят). Зұлқағда, Зұлхижжа, Мұхаррам, Ережеп айлары Құранда келген төрт харам айлар. Харам деген сөз санамызға тыйым салынған Аллаһтың бұйрықтары еске түсіп те тұрған шығар. Бірақ кейбір кезде харам үлкен құрметті, қадірлілікті де сипаттайтын кездері де болады. Қарапайым ғана мысал, қасиетті Қағба ораналасқан Мекке қаласындағы мешіт, Ал-Харам мешіті болып аталуы. Бұл атаудағы «Харам» сөзі құрметтілігін айқындап тұр. Тіпті бұл айларда қан төгіп,соғысуға тыйым салынған.

Ережеп айында елеулі оқиғаларда орын алған Нұх пайғамбардың қауымына топан су келгенде, Алланың әмірімен жасатқан кемеге қадам басқан ай. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ең алғаш уахи түскен ай.

Дұғамыз қабыл болмай қалды деп қайғырып жүрсеңіз, онда осы айдың алғашқы түні дұғалар қайтарылмайтын түн екен. Аллаһ елшісі (оған АллаҺтың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері»,– деген (Ибн Асакир).

Аллаһ елшісі (оған АллаҺтың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында ораза ұстайтын болған. Жоғарыда айтқанымыздай Ережеп – Рамазанның ережесіне етін үйрену үшін деген сөзіміз түсінікті болған шығар. Себебі  жәннатта суы сүттен ақ, балдан тәтті және мұздан салқын бір жұмақ өзен бар. Ол Ережеп деп аталады. Бұл мөлдір бұлақтан тек Ережеп айында ораза ұстағандар ғана ішеді екен. Алайда бұл айда ораза тұту, тұтпау әркімнің өз еркі.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) харам айларға ерекше көңіл бөлетін, оны қалай өткізу керектігі жөнінде сахабаларға кеңес айтып отыратын.  Ережеп айы басталған кезде: «Уа, Аллаһ! Ережеп және шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» (Бәйһақи)  – деп дұға оқитын болған. Ендеше баршамызға Аллаһ Тағала осы айдың берекесін беріп, Рамазанда Аллаһтың разылығына ие болуды нәсіп етсін!!!

Искалиев Талғат Мұратұлы

«Орал медресе – колледжі» ЖМ директоры