Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Ең алдымен Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауаттар мен сәлемдер болсын!
Өмірімізде күнбе-күн, жүзбе-жүз кездесіп, туыс-туғаныңнан артық амандық-саулық сұрасып, әлемнің бір нүктесіндегі ортақ қоныста қоян-қолтықша араласып, шүйіркелесе бір кесе шай ішетін жанымызға жақын жандар бар. Ол әрине – көрші.
Асыл дініміз Исламда көрші ақысына үлкен мән беріледі. Бұл жайында қасиетті аят, хадистерде көп өсиет айтылған. Құран Кәрімнің «Ән-Ниса» сүресінің 36-аятында:
«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, жақын көршілерге, бөгде көршілерге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар . Негізінен, Алла тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді»,-дейді.
Байқағанымыздай, аятта айтқандай Аллаға ғана құлшылық ету, ата-ана мен туыстарға жақсылық жасау секілді исі мұсылман баласына тиесілі жоғары міндеттердің қатарына көрші атаулыны қосуында үлкен мән-мағына жатыр.
Ибн Омардан (р.а) жеткен риуаятта пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Маған Жәбірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», – деген.
Халқымыз айтпақшы: «Үй алудан алдын, көршіңді таңда», «Үй сатып алма, көрші сатып ал», «Сапарға шықпас бұрын серігіңді ойла, үй алмас бұрын көршіңді ойла» дей келе, осы нақылдардың барлығы Алла алдындағы көршіге деген парызымыз бен қарызын жүрегіне бекіткен, соған қарай көршіге ешқашан немқұрайлық танытпай пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сөзіне иланған ата-бабамыздың жауапкершілігін осыдан көрсек болады.
Көршімен тату болу – екі үйдің арасын, одан кейін айналасын, түбінде барша ауылға келетін берекенің бастауы екенін ұғынған ата-бабамыздың ұлы үрдісі болып табылатын осы жауапкершілікті бүгінде қалай атқарып жүрміз?!
Бұрынғы заманнан бері қазақ халқымыз; «Көрші ақысы – тәңір ақысы» дегенді, көкке көтерген ұранымыз болды. Тіпті даусы жеткен жердегі ауылды көрші еткен жырау бабаларымыз: Ағайынның аты озғанша, көршінің тайы озсыншы,- деп ұрандады.
Біздің қазақ халқы, тұрмысымызда көрші ақысына қиянат жасамау, қиын – қыстауда жәрдем беру, той-томалағында қызмет көрсетіп, қонағын күтісу, қазан – ошақ, аяқ – табақ, ас – сумен араласып бір-біріне көмек беріп жатады. Тіпті қазақ халқымыздың да, салтында көршісінен ізгілік істерді күту, жәрдем етіп талап ету, орынды болып саналады. Ал, бүгінде көршімізбен ренжісіп қалған жағдайда үйінде дәм ішілмек түгілі, тіпті қайтқанына қуанатын жағдай кездеседі. Саналы көршінің сараламас, бірақ кей кездерде санасыз көрші арасы түсініспей, бір-бірімен айқайласып, тіпті жұдырық ала жүгіретін, одан қалса бірінің есігін бірі ашпай жататындар да кездеседі.
Бүгінде көршінің хал-жағдайын біліп, қарасатын жандардың қатары азайды. Іргелес бір шатырдың астында отырған отбасының тұрмыс-тіршілігі араласу былай түрсын, аман-саулығын білуде салтымыздан алыстап бара жатқандай? Қой қоралас, ағайыны аралас дәуірдің жәймен жылжып бара жатқаны ма? Әлде нарық заманына ілесеміз деп, ұлттық құндылықтар мен дәстүрімізді ұмытып бара жатырмыз ба? Адамның пейілі өзгерді ме, әлде қоғамның талабы өзгерді ме?
Менің ойымша, заман да, қоғам да, барлығы өз орнында. Тек адам баласы күнкөріс қамы, жұмыс деп, одан қалса уақыт жоқ деп жүріп, көрші-көлеммен араласып-құраласып байланыста болмауының басты себебі, өзіміздің жеке басымызды кінәлау керек сияқты.
Кезінде халқымыздың терең мәнді, келісті, әдемі салт-дәстүрі бар еді. Көршілер күнде ертемен бір-бірінің сыбдырын естіп, төбесін көрісімен дауыстап сәлемдесіп, қол беріп амандасатын еді. Кешқұрым да, күндізгі шаруаларын жайғастырған соң, үлкендер ауыл сыртында бас қосып, жаңалықтарымен бөлісіп, тұтас ауылға қатысты ертеңгі жоспарларымен ақылдасатын еді. Аз уақыт болса да, әңгіме-дүкен құрып, қалжыңдасып бір жасап қалатын.
Көршіге қандай қызметімізбен ахуалына қарайласуымыз керек. Біріншіден, көршімізге көрінген жерде амандасуымыз керек. Екіншіден, сыпайы көркем мінез танытуымыз керек. Үшіншіден, әрдайым жақсылық жасауға талпынуымыз керек. Төртіншіден, қуанышына ортақтасуымыз керек. Бесіншіден, қайғысы, қиындығы болса оны бөлісіп, сырлары болса оны жасыру керек. Алтыншыдан, науқастанған кезде хал-ахуалын сұрау керек. Жетіншіден, алыс жол сапарға шығатын болса, үй ішіне қарайласып, мал-дүниесіне бас көз болу керек.
Сондықтан да, ізімізді басып, артымыздан өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға жастайынан көршіні құрметтеуге, ашық не жасырын қиянат жасамауға, үйінің ауласын сығалап қарамауға, кез-келген дүниесіне іші күйіп қызғанбауға, қажет болса, жағдайына қарайласып, шамасы жеткенше қол ұшын созып жәрдем көрсетіп, сәлемін беріп, құрмет көрсетуге тәрбиелеу керек!
Ақжайық аудандық мешітінің бас имамы: Тұрсынғали Кужапов