Қазақта салт-дәстүрлер өте көп. Олардың әрқайсысының өз маңызы бар. Қазақ халқының ежелден келе жатқан өзіндік орны бар дәстүрінің бірі – бата беру.
Бата беру – қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданысқа ие болып, ескірмей келе жатқан салттың бірі. Бұл дәстүр – тәрбиенің бастауы. Себебі қазақ қандай да бір істі бастамас бұрын үлкендердің алғысы мен батасын алған.
Халқымыз «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Соған орай, қалалық «Тәжиден Батырұлы» мешітінде ҚМДБ БҚО бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ақ бата – асыл мұра» атты бата сайысы өтті. Сайыс үш кезеңнен құралды: «Таныстыру», «Сұрақ – жауап» және «Еркін тақырып».
««Ақ бата – асыл мұра» атты бұл байқаудың отбасылық тәрбиеде мәні зор. Сондықтан да жыл сайын аталмыш шараны ұйымдастыру біз үшін маңызды дәстүрге айналды. Жасыратыны жоқ кейде ел ішінде бата беретін ақсақалдар азайды немесе жіп иіріп, текемет, сырмақ басатын әжелер қалмады дегенді жиі естіп жүрміз. Біздің мақсат – осы олқылықтың орнын толтыру әрі ұлттық құндылығымызды насихаттап, бүгінгі ұрпақтың бойына дарыту»,- дейді сайысты ұйымдастырушы «Ар – Рахман» мешітінің наиб имамы Наурыз Ибатұлы.
Қатысушылар өздерін батагөйлік қырынан ғана емес қала, аудан намысы үшін де барын салған өнер байқауының қорытындысы бойынша Ақжайық ауданынан Исаев Темірхан Мүбиінұлы І орын биігінен көрінсе, ІІ орынды Орал қаласының тұрғыны Абдрахманов Бағдат Қалиұлы еншіледі. Ал, ІІІ орын Орал қаласының тұрғыны Кусалиев Мақсот Жақыпұлына бұйырды.
Жеңімпаздарға және басқа да қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.