Адамдағы екі бейімділік

Алла тағала адамды жәннатқа шақыруда. Бірақ, оны жәннатқа дөрекі және надан күйінде емес, тәрбиеленген хәлде қабыл етуді қалайды.
Жамандыққа бұйырып тұрған нәпсімен емес, Алланы зікір етумен тыныштық тапқан көңілмен…
Ластанған сезімдерге толған жүрекпен емес, қалб-и сәлиммен…
Қысқасы, дұрыс иманмен, ізгі амалдармен және көркем мінезбен…
Бұлардың барлығы кәміл адам тұлғасының көрінісі…
Адамның жәннатқа кіруі үшін Алла тағала разы болатын тұлғаға айналуы, сондай-ақ кәміл адамның мінезіне ие болуы керек.
Адам құрметті, қадірлі болуы және салтанатты болған жәннатқа лайық хәлге келуі қажет.
Адамның табиғатында «үлгі алу» және «еру» ерекшелігі бар, өзінің тұлғасын осылармен қалыптастырады. Адамның осы қажеттілігі себепті Алла тағала адамзатқа тек кітап түсірумен шектелмеді, адамзат үлгі алып, артынан еретін пайғамбарларды жіберді. Бізге, ақырзаман үмметіне пайғамбарлардың мөрі, екі әлем сардары Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаны (с.ғ.с) сыйға тартты. Қасиетті Құран кәрімде:
لَقَدۡ مَنَّ ٱللَّهُ عَلَى ٱلۡمُؤۡمِنِينَ إِذۡ بَعَثَ فِيهِمۡ رَسُولًا مِّنۡ أَنفُسِهِمۡ يَتۡلُواْ عَلَيۡهِمۡ ءَايَـٰتِهِۦ وَيُزَكِّيهِمۡ وَيُعَلِّمُهُمُ ٱلۡكِتَـٰبَ وَٱلۡحِكۡمَةَ وَإِن كَانُواْ مِن قَبۡلُ لَفِى ضَلَـٰلٍ مُّبِينٍ
«Расында Алла (Т.) мүміндерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алла аятын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап, хикмет үйрететін Елші жіберді. Өйткені, олар бұрын ашық адасуда еді».
Алла Елшісінің ерекше өмір жолы мен керемет мінез-құлқына еріп, еліктеу, Хақ тағаланың ризалығына және махаббатына ие қылатын бас тартылмас себеп. Яғни, бір мүмін құлшылықтары мен жүріс-тұрысында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінің бағдарында сатылардан өтпейінше, Исламның мақсат еткен ең жоғарғы адам деп аталған «кәміл адам» дәрежесіне жете алмайды. Сондай-ақ, діннің жан тыныштығы мен бақытына да қол жеткізе алмайды. Өйткені, Алла тағала Исламның мақсат еткен «кәміл адам» үлгісін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тұлғасында ұсынған, оны әлемдерге рақым және барлық мүміндерге үлгі болатын тұлға қылған.
Осы орайда, ихсан ілімінің де мақсат еткені Хазреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с) ерген, кәміл адам тұлғасын қалыптастырып, зухд жолын ұстанған сахабалар секілді адамзатқа үлгі боларлық саңылақтарды шығару. Қиямет деп аталған сол зор күнде Ол (с.ғ.с) сияқты болуды талап қылғандар Оның (с.ғ.с) жанында болады. Өйткені, Ол (с.ғ.с):
«Кісі, жақсы көргенімен бірге болады» деген еді. (Бухари, Әдеп 96)
Біз Оған (с.ғ.с) қаншалықты ұқсай алдық?
Біз Оның (с.ғ.с) қаншалықты шәкірті бола алдық?
Шынайы жан тыныштығы, шынайы сән – салтанат Оған (с.ғ.с) ұқсай алуда. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі:
«Ең көп азаптың құрсауынан өткен Пайғамбар менмін» деген. (Термизи, Қиямет, 34/2472)
Бірақ, қанша азап көрседе Ол (с.ғ.с) әрқашан жан тыныштығында еді. Жеті баласының алтауын жоғалтып, оларды өз қолымен жерлесе де, жан тыныштығында болды. Ұхуд соғысында жанкешті көкесі Хамзадан, сүйікті сахабасы Мусхаб ибн Ъумайырдан айырылса да, сондай жағдайға қарамастан тәуекел мен тәслимат (бойсұну) көрсетті.

Меккенің фатхы(алынуы) сияқты үлкен жеңіс кезінде түйесінің үстінде шүкір сәждесін жасап: «Негізгі өмір ақиретте» деген санамен жеңістің Алладан екенін меңзеген еді.

Ең қатыгез дұшпандарының өзі Оны (с.ғ.с) «әл-әмин(ең сенімді) және ас-сыддық(ең-шыншыл)» деп атады.

  Оған (с.ғ.с) шәкірт болу -  жан тыныштығында болу, сенім артуға болатын және турашыл болу, қандай жағдай болса да кішіпейіл және сабырлы болу деген сөз...

  Оған (с.ғ.с) шәкірт болу - Оның (с.ғ.с) рухани жанасуынан үлес ала білу...

  Рыббым сәйкес қылсын...
 

Амреев Оразбек Жамбылұлы
«Ар – Рахман» мешітінің ұстазы