Тәубе

Араб сөздіктерінде «тәубе» сөзі «кері шегіну», «кері қайту», «артқа қарай аяқ басу» мағыналарын білдіреді. Терминдік мағынасына келер болсақ, «тәубе» – шариғат тыйым салған нәрселерді (өзі бұрын істеген) тәрк етіп, керісінше дін бұйырған қайырлы істерді жасауға ұмтылу» дегенді білдіреді. Сонымен қатар, тәубе сөзін «Истиғфар» деген баламасымен де атауға болады. Бұл да «бүркеу», «жасыру» деген мағыналарды береді.
«Тәубе» сөзі Құран Кәрімде 88 жерде кездеседі және оның 35-і адам баласының тәубе етуі жайында баяндалады. Мысалы, «Уа, мүминдер! Бақытқа жетіп, құтыламын десендер, Барлығын бірдей Аллаға тәубе етіндер» («Нұр» сүресі, 31-аят), «Уа, мүминдер! Шын ниетпен Аллаға тәубе етіңдер! Сонда ғана Раббыларыңнан күнәларыңды жойып, іргесінен бұлақтар ағып жататын жәннатқа кіргізу үміт етіледі. Алла ол күні пайғамбарды және онымен бірге иман келтіргендерді қорламайды…»(«Тахрим» сүресі, 8-аят), «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонан соң оған тәубе етіңдер» («Һуд» сүресі, 3-аят), Адам пайғамбардың тәубесі хақында Құран Кәрімде: «Сонда Адам (ғ.с.) Раббынан сөздер үйреніп алды да жалбарынды. Раббы оның тәубесін қабылдады. Өйткені Ол тәубені өте қабылдаушы, ерекше мейірімді» («Бақара» сүресі, 37-аят), әзіреті Ибрахим пайғамбардың тәубе етуі «Раббымыз, екеумізді де өзіңе бой ұсынушы қыл, ұрпақтарымыздан да өзіңе бой ұсынушы бір үммет қыла көр, әрі бізге хаж амалдарымызды көрсетіп, тәубелерімізді қабыл айла, әлбетте Сен өзің тәубені қабыл етуші, ерекше мейрімдісің!» («Бақара» сүресі, 128-аят), әзіреті Мұса пайғамбардың тәубе етуі «Мұса (ғ.с.), белгілі уәдемізде келіп, Раббы оған сөйлегенде, (Мұса ғ.с.): «Раббым маған өзіңді көрсет, Сені көрейін» деді. (Алла): «Мені, әсте көре алмайсың; бірақ тауға қара, сонда егер ол орнында тұра алса, сен де Мені көресің» деді. Сонда Раббы тауға елестеген сәтте, оны быт-шыт қылды. Мұса (ғ.с.) да талып түсті. Есі кіре сала: «Сен пәксің, Саған тәубе еттім, әрі мен сенушілердің алғашқысымын» деді» («Ағраф» сүресі, 143-аят), әзіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) тәубесі туралы «Шынында Алла, бір бөлімінің жүректері ауытқуға таяған ауыршылықтан кейін Пайғамбарға ерге муһажирлер мен Әнсардың, Пайғамбардың тәубелерін қабыл етті. Алла, оларға тым жұмсақ, өте мейірімді болғандығынан тағы да олардың тәубелерін қабыл етті» («Тәубе» сүресі, 117-аят), «(Мұхаммед ғ.с.) бұйырылғанындай тура бол! Сенімен бірге тәубе еткен кісілер де. Және артық кетпеңдер! Өйткені Алла, не істегендеріңді толық көруші» («Худ» сүресі,112-аят) деп баяндалады.
Мұсылмандар сенімінде бұл дүние уақытша екенін ешқашан ұмытпау керек. Осы дүниеде өзінің болмысы мен тағдырының мағынасын жақсы түсінетін әрбір адам дұрыс әрі дүзгін және Жаратушыдан қорқып өмір сүруге ұмтылады. Адамның осы мәселелерді дұрыс түсінуіне әсер ететін көптеген факторлар бар. Адам дұрыс жолмен келе жатқанына сенімді болу үшін оны әділ ететін және оны күнә жасаудан алшақтататын және Жаратушының алдында күнәһар ететін нәрселерден аулақ болуы қажет. Шынайы иман иесі үлкен және кіші күнәлардан аулақ болуға тырысады. Бұл жолды бірнеше бөлікке бөліп қарастыра аламыз. Егер ол шынымен иман еткен адам болса, онда ол күнә мен оған әкелетін әрекеттерді бірден тоқтатып, Алла Тағалаға жүгініп, кешірім сұрап, оның алдында шын жүректен өкінеді. Қасиетті Құрандағы Алла тағаланың өзі мұны бізге былай дейді: «Сендерден арсыздық істеген екеуіне де жапа беріңдер. Егер екеуі де тәубе етіп, түзелсе, олардан бет бұрыңдар. (тиіспеңдер.) Негізінен Алла, тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді.» (ан-Ниса сүресі, 16 аят). Бұл аяттан біз Алла Тағала, өзінің надандығы үшін күнә жасаған адамдардың өкінуін қабылдауға уәде бергенін көреміз.
Али (р.а) тәубенің мәні туралы сұралғанда, былай деп жауап берді: «тәуде жасаудың (шынайы өкіну) алты негізі бар:
1) бұрын жасалған күнәларға өкіну;
2) өткізіп алған міндеттемелердің орнын толтыру;
3) реніштер мен басқаларға келтірілген зиянның орнын толтыру;
4) дауласқандардан, араздасқандардан кешірім сұрау;
5) қателіктер мен күнәларды қайталамау ниеті;
6) өзін бұрын күнәда тәрбиелегендей, өзін Құдайға мойынсұнуға тәрбиелеу [адам қандай да бір жаман әдеттің немесе күнәның пайда болуына жол беріп, олардың дамуына мүмкіндік берген кезде, бұл әдет әдеттегідей болып кетуі қалыпты жағдай]».
Шынайы мұсылмандар тәубе жасау мен күнәні тәрк етудің мағыздылығын былай деп түсіндіреді:
Ибн Аббас ﴾р.а.﴿ былай деген: «Кешірімі сұралған күнә үлкен емес, бірақ оны қайталап жасай берсе кішкентай емес».
Хасан әл-Басри былай деген: «Ей, Адам баласы, күнәға тәубе етуден гөрі күнәні тастау оңай!».
Имам әл-Аузағи былай деген: «Мен Біләл ибн Сағдтың: “Күнәнің кішкентайлығына қарама, кімге қарсы келіп жатқандығыңа (яғни Алланың ұлықтығына) қара!” – деп айтқанын естідім».
Әуел бастан Алла Тағала адамды пәк етіп жаратпады және оның күнәлі істер жасауы оның табиғатынан. Алайда шынайы иман еткен, Алладан қорыққан, тура жолда жүруді өмірлік ұстанымына алған жан, күнәлі істерден барынша алыс болуға тырысады. Қандай да бір күнә істесе, сол бетте күнәсі үшін тәубе жасап, Жаратушыдан кешірім сұрайды. Адам баласы тәубе жасап, күнәлардан алыстамаған жағдайда жүрегі қатайып, мейірімділік жоғалып, күнәлі істері көбейіп, өмірдегі негізгі миссиясынан алыстай береді.

Тулбаев Мұхаммед – Гариф мешітінің бас имамы Қажымұқан Елтайұлы