«Ей, мүміндер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар, әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де». Бұл Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 59-аяты. Байқап тұрғандарыңыздай, қасиетті аятта әлемдердің Жаратушысы Алла Тағала Өзіне және жер бетіне жіберген Елшісіне бағыну керектігін бұйырған. Одан кейін арамыздан тағайындалған басшыға бағыну керектігін ескерткен. Бұл дегеніміз, басшыға бағыну жеңіл қарайтын амалдардың бірі емес екендігінің көрінісі.
Адам баласының сан түрлі мінез-құлқы, Алланың қалауымен бойына сіңген дарыны болады. Кейбір адамдардың спортқа икемі болса, ал кейбіреуінің әртүрлі шығармашылық істерге көңілі бұрып тұратыны бар. Сол секілді, бір қоғамға, бір ортаға, бір жамағатқа басшы бола алатындай дарын барлық адамда кездесе бермеуі мүмкін. Яғни, басшы болуды пендесінің пешенесіне Жаратушымыздың өзі жазатынын ескерсек, Оның жерде басшы етіп белгілеген құлына бағынбау, қарсы шығу Алла Тағаланың қалауына наразылық білдірумен тең амал емес пе? Ал, Жаратушымыздың қалауына шағымдану біздің халімізді нендей жағдайға ұшыратуы мүмкін екенін ойланып көрдіңіз бе? Бұл сұрағыма жауап ретінде Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисін келтіргім келеді: «Сұлтан (патша) – Алланың жер бетіндегі көлеңкесі. Кім оны (патшаны) құрметтесе, Алла оны құрметтейді. Ал, оны қорлағанды, Алла қорлайды». Яғни, адамдардың Алланың қорлауына ұшырауының бірден-бір себебі, Жаратушымыздың әмірлеріне қарсы келмейтіндей билік құрып отырған билік иелерін құрметтемеулері.
Сонымен қатар, басшыға бағынбау Пайғамбарымызға бағынбаумен теңестірілген. Оған дәлел ретінде Әбу Һұрайраның (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жеткізген мына хадисті келтіргім келеді: «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсынғаны. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбағаны. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны».
Әрине, басшылардың да иман-ахуалына сай, біліміне сай, табиғатына сай басқару тәсілдері, бір қоғамды өзіне бағындыру жолдары, қателікке бой алдыратын кездері болатыны сөзсіз. Кейбір басшылар Алланың және Оның жердегі елшісінің бұйрықтарына қайшы келетіндей шешім қабылдаулары да мүмкін. Сәйкесінше, ол басшы біреудің көңілінен шықса, басқа біреудің наразылығын тудыратыны баршамызға аян. Осы тұста: «Кімде-кім басшысынан ұнамсыз әрекет көрсе, сабыр етсін! Кім егер жамағаттан бір қарыс алыстаса, надандық дәуірінің өлімімен өледі», – делінген хадисті ұсынып, басшының кемшілік жіберген сәттерінде сабырлылық танытып, жамағат арасына іріткі салмауға шақырамын. Өйткені, Алла Тағаланың басшыға бағынуын бұйыруында ойланған пендеге үлкен хикмет бар.
Мәселен, бір отбасының мысалында қарастырып көрейік. Әрине, отбасының әр мүшесінің отбасылық өмірде өз алатын орны бар. Бірақ, шариғатымызда әкеге көп жағдайда үлкен жауапкершілік жүктеп, отбасының бақташысы ретінде қарастырған және отбасы үшін жауапты еткен. Ал, әйел адамды үйдің ішкі жылулығының нышаны етіп, күйеуіне бағынуды бұйырған. Егер әйел күйеуіне бағынбай, онымен ақылдаспай, өз бетінше өмір сүретін болса, отбасыда түсінбеушілік орын алатыны анық. Әкемен ақылдаспаған, әкені сыйламаған ананы көріп, баланың әкеге сыйластық көрсетуі мүмкін бе? Әрине, жоқ. Үйдің отағасы, қорғаны саналған адамға бағынбау арқылы отбасының шырқы бұзылып, ауызбіршілігі жойылып, ақыры отбасының күйреуіне куә болуымыз да мүмкін. Сол секілді, бір қоғамның жауапкершілігін мойнына артып отырған басшыға бағынбай, сыйластық танытпай, тәртіпке бағынбаудың да салдары тым ауыр. Соның бірі салдары, халықтың ауызбіршілігі жойылып, бір сүрінгенін күтіп, жағадан алғалы тұрған жауға жем болуы.Оның зияны бір отбасыға емес, бүкіл халыққа тиетіні анық.
Ойымды ынтымақ пен бірлікке шақырған Қазыбек бидің сөзімен аяқтағым келеді: «Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман».
Алла Тағала еліміздің бірлігін, тыныштығын артта берсін!
Ар – Рахман мешітінің наиб имамы Наурыз Ибатұлы