Кез-келген адамның өмірінде басты орын алатын қадірлі де, аяулы ата-анасы болады. Ата-ана өмірдің мәні, біздің сарқылмас байлығымыз. Ата-анамыздың батасының, ақ пейілінің бойымызға сіңірген тәлім-тәрбиесінің арқасында өмірде өз орнымызды тауып, аңсаған арман-мақсатымызға жетіп, өмірдің рахатын, қызығын көріп келеміз.
Қорқыт бабамыз: «Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, ұл атадан үйренбей сапар шекпес»,- деп отбасында ата-ана тәрбиесіне үлкен мән берген. Ата-асқар тау, ана-мөлдір бұлақ, бала-жағасындағы құрақ демекші, ер бала тәрбиесінде әкенің, қыз бала тәрбиесінде ананың орны ерекше. Әке-асқар тау, отбасының қорғаны, тірегі. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер»,- дейді халық даналығы. Ер бала әке бойындағы жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі. Бала әкесінен ақылды, жігерлі, қайратты, сабырлы болуды үйренеді. Сәбиіне жарық өмір сыйлап, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт беріп аялаған, әлдилеген ол біздің ардақты да аяулы анамыз. Қыз бала мейірімділік, төзімділік, сабырлылық, инабаттылық секілді асыл қасиеттерді анасынан үйренеді. Әке – ана сөздерінің мағынасына үңілсек, қаншама терең де тұңғиық ой жатыр. Орыстың ұлы жазушысы А.П. Чехов: «Отбасы тірлігіндегі басты тетік – махаббат» дегендей ата-ана сәбиіне махаббатын, сүйіспеншілігін, нәрін, шапағатын төгеді. Әке мен ана әрқашан балаларының тілегін тілейді, денсаулығы мықты, жаны жақсы, адал, жанашыр болғанын қалайды. Балаларына қиындық кездессе, қиындықты жеңе білуге, мойымауға үйретеді. Олар балалары жырақта жүрсе, бауыр еті баласының амандығын, өмірде өз орнын адаспай тауып, бақытты болғанын қалайды. Кез-келген уақытта қуанышына да, қайғысына да ортақ болып, қуанғанда қатты тасып, қиыншылықта жасып кетпеуін қадағалайды. Балалары жетістікке жетсе төбесі көкке жеткендей марқайып, қуанады, мақтан тұтады. Әрбір ата-ана баласының биікте жүргенін қалайды, жақсы тәлім-тәрбиесін беруді мақсат тұтып, сол үшін аянбай еңбек етеді.
Ислам дінінде адам баласын сансыз сауапқа кенелтіп, бақытқа жетелейтін амалдар жетерлік. Соның бірі ата-ананы сыйлау, оларды аялап, қадірлеу. Адам баласы Алла Тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең ұлығы. Хақ Тағала адамды ата-ана дәнекерлігімен өрбіткен. Кез келген адам үшін Дүниеде ең қымбат жан оның ата-анасы. Бұл қымбатты жандарды Алла Тағала Құранда дәріптеп, оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндетін перзентке жүктеген. Жаратқан Алла ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейінгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлшылық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға сыпайы сөйле және оларға зекіме. Оларға мейіріммен құшақ жайып, былай деп дұға жаса: «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солайша мейіріміңе бөлей гөр» («Исра» сүресі, 23-аят).
Міне, жоғарыда айтылғандай Алла Тағала Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасауды әмір етеді. Әсіресе бойларынан қуат кетіп қартайған шақтарында, яғни перзентіне қалай мейірімділік жасаса, енді әке-шешесіне солай мейірімділік танытуды міндеттеді. Мұқтаждықтары көбейген кәрілік шақтарында ата-анаға «түһ» деп айтуға тыйым салды. Егер «түһ» деп кейіс білдіруден де төмен нәрсе болғанда, Алла Тағала міндетті түрде одан да тыйған болар еді. Ата-анасына қарсы келген перзент кандай амал істесе де, жәннатқа кірмейді. Сол үшін ата-анаға қарайласу, олармен жақсы мәміледе болу Исламдағы ұлы амал болып саналады.
Бабаларымыз да ұрпағына тәрбие бергенде әрдайым ата-анаға құрмет көрсетуді өсиеттеп отырды. Даналар айтқан сол сөздер санамызға сіңген ұлағатты өсиет болмақ: «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің», «Ата-ананың қарызы, ұрпақтың өмірлік парызы», «Алты аға бірігіп әке болмас, жеті жеңге бірігіп ана болмас».
Жарық дүниеге келуімізге себеп болған ата-анамыз үшін әрдайым игі дұғада болу – перзенттік борышымыз. Мына бір дұғамен ата-анамызға дұға етіп сөзімізді аяқтайық: «Екеуіне кеңпейілдікпен мейірім құшағыңды жай да: «О, Раббым! Бұл екеуін мені кішкентайымнан мәпелегеніндей, Сен де оларды мейіріміңе бөлей гөр!» деп айт» («Исра» сүресі, 24-аят).
Ата-ана-өмір мәні, осынау өмірімізде үлкен маңызға ие жандардың шетсіз шексіз махаббатын, ұлан-ғайыр еңбегін, үмітін ақтау, ата-анаға бақыт сыйлау-балаларының алдына қойылған үлкен парыз болуға тиісті. Ата-анамыздың бізге бауыр еті баласына жасаған әрбір жақсылығы қартайған шағында өздерінің алдынан көбейіп, гүлденіп жатса, олардың балаларына сіңірген еңбегінің жанғанының белгісі.
БҚО, Бәйтерек ауданы, «Жұбан Молда» мешітінің бас имамы
Алмат Әмірұлы Әміров