Сабырлық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі болып саналады.
Пенденің басына ауыр сынақ немесе қайғы – қасірет ауру келсе Құдайды немесе өзге біреуді жазғырып тағдырына наразы бола бастайды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: “Кім бір түн бойы ауырып, оған сабыр қылса және Алла Тағаладан разы болса, күналарынан анасынан жаңа туғандай пәк болып арылады. Демек ауырғандарыңда денсаулықты аңсай бермеңдер” деген. Асылында біз ауырып жанымыз қиналып қиыншылық көргенде сабырлық қылсақ, оның өзінде біз үшін хайыр бар екен.
Сабырдың бірнеше түрлері бар:
- Аллаға құлшылықта сабырлы болу.
- Алла тағаланың арам қылған нәрселерден сақтануда сабырлы болу.
3.Кесел-кесапатқа, қиыншылыққа тап болғанда, әсіресе, кесел-кесапаттың алғашқы сәттерінде сабырлы болу.
Қазақ атам айтқандай: Сабыр түбі — сары алтын,сабырлының бәрі алтын. Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа демекші әркез сабырды серік тұту біздер үшін міндет.
Шындығында қасқайған дұшпанға төтеп бергенге қарағанда өз-өзіңді жеңу өз-өзіңмен күресу әлдеқайда қиынырақ.
Адам өзін тәрбиелеу үшін үлкен сабырлық қажет, әр адамның айтқан сөзі мен сен жайлы пікірін көңіліңе алмай, ашуланбау ол нағыз сабырлы мұсылман адамның сипаты.
Ашуға булығу ол шайтанның айласы, қатты ашуға берілген адам санасын жоғалтып, қисынсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Сол үшін де қазақта:“Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос”- деп ашудан бұрын ақылға жүгіну керектігін бабаларымыз айтып кеткен.
Асыл дінімізде сабырдың алатын орны ерекше, бірақ та біреу сенің ар-намысыңды жерге таптап, отбасыңа, ағайыныңа, еліңе, жеріңе зиянын тигізіп жатса үндемей қалу ол сабырлықтың белгісі емес, керісінше қорқақтық пен ынжықтықтың белгісі. Атам қазақ айтқан: “Алар жағың қалса да, айтар жағың қалмасын”. Сол себепті кей жерлерде айтатын кезде айтып,сабырлық қылатын жерде сабырлық қылу пенденің міндеті.
Алла Тағала елімізді аман, жұртымызды тыныш етсін, сіз бен бізді өзінің сабырлы құлдарынан қылсын.
Бөрлі аудандық мешітінің бас имамы
Ихсанов Ерденбек Жанұзақұлы