Құранның алғашқы аяты білімге үндейді. Білім – екі дүние бақытының кілті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте», – дегендей Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен 5 бағыттың бірі – Діни білім және ғылым. Ұстаз – білім мен мәдениетке жетелейтін бірден бір тұлға. Ұлттың рухани тәрбиесінде ұстаздың біліктілігі және жауапкершілігі, адами қасиеттері өте маңызды рөл атқарады. Себебі, ұстаз шәкірт үшін айна сияқты. Ұстазы жақсының шәкірті үздік.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, мен мұғалім (үйретуші) етіп жіберілдім» деп басты мақсатын айтқан. Осы орайда ҚМДБ БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлы мешіт қабырғасында құран құндылықтары мен хадис хикметтерін үйретіп, шәкірт тәрбиелеуде қажырлы еңбек етіп, асыл дініміздің дамуына лайықты үлес қосып жүрген білікті ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.