Ислам — бұл жай ғана дін емес, бәлки толыққанды өмір салты. Ол бізге таңертеңнен кешке дейін өзімізді қалай ұстап, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін үйретеді.
Кейбіреулер үшін тәулігінің 24 сағатын реттейтін ережелерді сақтау қиын болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде Ислам – бұл табиғи өмір салты, сондықтан оның ережелерін сақтау, сол жолды ұстану «тыныс алу» сияқты оңай.
Атап айтқанда, осындай табиғи нәрселердің бірі — күлімсіреу, жылы жүзді болу. Ауыздың аздап жымыюы бізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да жақсы сезіндіреді. Күлімсіреу біздің өмірімізді жеңілдетеді және рухымызды асқақтатады.
Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өте мейірімді, жылы жүзді және сүйіспеншілікке толы бір тұлға болды. Барлық қиыншылықтар мен ауыртпашылықтарға қарамастан, ол күлімсіреп, керемет көңіл-күймен адамдардың жүрегін нұрландырды. Кез-келген адам келіп, жүрегін Пайғамбарға аша алатын, ішіндегісін ақтара алатын. Ал оның күлкісі, жылы жүзі оларды жігерлендіріп, тыныштандыратын.
Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жиі және шын жүректен күлімсіреп жүретін және оның күлкісі мен жақсы көзқарасы сүннетте бірнеше рет айтылып, хадистерде келтірілген. Мысалы:
Абдулла ибн Харис: «мен Мұхаммед Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сияқты күлетін, жылы жүзді адамды ешқашан кездестірген емеспін.
Джарир ибн Абдулла: «Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен исламды қабылдаған сәттен бастап, мені көруден ешқашан бас тартқан емес және маған күлімсіремей қараған емес», — деді.
Пайғамбардың сахабаларының бірінен: «Пайғамбардың қасында отырдың ба?»,- деп сұрағанда, ол былай деп жауап берді: «Иә, өте жиі. Ол (Пайғамбар) әдетте таңертеңгі намаз оқитын жерде, күн шыққанға дейін отыратын, ол орнынан күн шыққаннан кейін тұратын. Сахабалар надандық кезінен кейбір сәттерді еске алып, күлсе, Ол жымиятын» (Муслим).
Бүгінгі таңда қазіргі өмірдің ритуалы немесе іс-әрекетіміздің бейнесі көбінесе үйге келгенде теледидар арналарын ауыстырып, газет оқимыз немесе интернет-серфингпен айналысамыз. Көптеген адамдар үшін өздеріне жылы жүзділік таныту, күлімсіреу қиындай түсетінін байқаған шығар. Дегенмен, күлімсіреу әртүрлі мәдениеттерде достық белгісі ретінде қарастырылады және бұл біздің бақытымызды басқа адамдармен бөлісуге мүмкіндік беретін табиғи реакция.
Сүйікті Пайғамбарымыз күлгендей күліп, жылы қабақ таныту ең алдымен, исламға шақырумен айналысатындардың, дәріс оқитындардың, сөз сөйлейтіндердің және ақпаратпен бөлісетіндердің, Ислам тақырыбындағы адамдармен сөйлесетіндердің барлығына қатысты. Өкінішке орай, кейде кейбір адамдар уағыздарды өте қатал түрде айтып жатады. Алайда, күлімсіреу, жылы жүзді болу ашуды басады, жүрегімізді дөрекіліктен емдейді, қоршаған әлемнің барлық негативтерін жоққа шығарады, проблемалар туралы ұмытып кетуге мүмкіндік береді, достық қарым-қатынас орнатады. Егер біз осы баға жетпес көмекшіні жиі қолданатын болсақ, оң әсерді бірден байқаймыз.
Сонымен қатар, жахандану дәуірінде медицина саласындағы зерттеулерге сүйенсек жылы жүзділік таныту, күлімсіреу денсаулыққа пайдалы екендігі дәлелденуде. Көптеген адамдар адам баласы қай кезде сөйлеуді үйренсе, сол кезде күлімсіреуді үйренеді деп ойлайды. Бірақ заманауи ультрадыбыстық технология баланың ана құрсағында күлімсірегенін көруге мүмкіндік берді. Күлімсіреу, жылы жүзділік таныту денсаулыққа өте пайдалы. Зерттеулер көрсеткендей, күлімсіреу жүрек соғу жиілігін төмендетеді және қан қысымын уақытша төмендетеді, бұл стресстің төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар, біздің денеміз эндорфиндерді шығарады, олар стресс гормондарының деңгейін табиғи түрде төмендетеді, сонымен бірге көңіл-күйімізді көтереді. Эндорфиндер де ауырсынуды азайтады.
Күлімсіреу, жылы жүзділік таныту мен күлу денсаулық сақтау саласында өте пайдалы құрал болып табылады. Сонымен қатар, денсаулыққа пайдасы туралы айтатын болсақ, күлімсіреу иммундық жүйені нығайтып, денені босаңсытып, иммундық жүйенің тезірек және тиімді жауап беруіне мүмкіндік беретінін атап өткен жөн, мысалы, қандай да бір вирусқа шабуыл жасағанда көріп жатамыз. Сонымен қатар, күлімсіреу, жылы қабақ таныту өмірді ұзартады және жас көрінуге көмектесетіндігі дәлелденді.
Күлімдеп, жылы қабақ таныту қарсы тараптағы адамға жұғады, өзіндік әсерін тигізеді. Егер сіз күлімсіреген адамды көрсеңіз, оған күлімсірегіңіз келеді, Шын мәнінде, күлімсіреу сенімділік пен кәсібилікті білдіреді.
Ислам дінінде күлімсіреуге, жылы жүзді болуға үлкен мән беретіні таңқаларлық емес. Себебі, күлімсіреу шынайы ислам мен мұсылмандықтың бет-бейнесін көрсетеді. Мұсылманның жүрегі таза және оны алаңдаушылық, стресс және үмітсіздік мазаламайтындығын айғақтайды.
Руслан Тыныштықұлы Султанов
«Тәжиден Батырұлы» мешітінің
бас имамы