Ізгі болу, ізгілік – әдеп санаты, адамзат баласының қоғам арасында және жеке өмірінде мұратқа жету мақсатында адамгершілік мәнін бейнелейді. Ізгі болу моральдық – қоғамдық сананың жалпы ұғымдарының бірі. Ізгілікке қарама-қарсы ұғым – зұлымдық. Әдетте ізгілік түсінігі жақсылықтар мен жақсылыққа шақыру жолында жағымды құңдылықтарды қамтиды. Ішінара ізгілік – жақсылық, игілік, жағымдылық, пайдалылық концепцияларымен теңдеседі. Жалпы қоғамда ізгілік ол – бытыраңқылықты, жатсынуды жою арқылы моральдық теңдікті қалыптастыруға көмектесетін бірден бір құрал.
«Қоғам» деген ұғым әлеуметтану ғылымының басты категориясы болып табылады. Қоғам – бір-бірімен өзара байланыста, қарым-қатынаста болатын адамдардың үлкен қоғамдасуы. Ғылыми әдебиеттерде «қоғамның» мәнін түсіндіруге бағытталған анықтамалардың саны 150-ден астам. Әрине, олардың бәрі бірдей «қоғам» деген ұғымның мәні мен мазмұнын толық аша алмағанмен, бұл анықтамаларда ортақ сипатты белгілер бар. Мысалы көрнекті неміс ғалымы М. Вебер: «Қоғам – адамдардың бір-біріне ықпал, әсер етуінен туындайтын әлеуметтік байланыстардың жиынтығы» десе, Американдық әлеуметтанушы Парсонстың пікірінше, қоғам-адамдар арасындағы қарым-қатынастардың жүйесі, ал, ол қарым-қатынастардың негізі – ережелер (нормалар) мен құндылықтар болып табылады деген. Ал, К. Маркс қоғамды адамдардың бірлесіп қызмет етулерінің нәтижесінде пайда болып, тарихи дамып отыратын қатынастардың жиынтығы ретінде түсіндіреді.
Тақырыбымыздың өзегі болған жоғарыда келтірілген ізгілік пен қоғамды тіркестіре отырып, олардың ортақ бірлестігін ашуды жөн көріп отырмыз. Жалпы ізгілік адамды кемелділікке құлшындыра отырып, зұлымдық атаулыдан алыстауға бағыт-бағдар береді. Ізгілік мақсат ретінде адамдардың мінез-құлқына реттеушілік ықпал жасайды да, осы арқылы қоғамды да ізгілікте ұстауға әрекет жасап, өзімен және әлеуметтік ортаға осы жүйені қалыптастыруға әрекет жасайды. Қоғамның ізгі болып қалыптасуына байланысты жасөспірім тәлім-тәрбиені, ізгілік қасиеттерді үлкендерден, тәрбиешілерден насихат жолымен емес, тек шынайы көру, сезім қатынасында ғана алады. Жеке тұлғаның бойындағы жалпы адамзаттық құндылықтардың қалыптасуы осы бағытта жүзеге асады, сөйтіп оның өзін- өзі тануына, өзіндік бағдарын анықтауына мүмкіндік туғызатындай тәлім-тәрбие берілуі керек. Жақсы ізгілікті қасиеттердің түп негізі отбасында қалыптасатыны белгілі. Қазақ халқының мәдениетін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт- дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті азамат қалыптасады. Қазақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау ұлттық дәстүрге айналған. Ал халқымызда қалыптасқан ізгі қоғам түсінігінің негізгі қайнар көзі ислам дініне тіреледі.
Ислам дінінің қайнар көзі Құран Кәрімнен ізгілік турасында бірнеше аяттар келтіруді жөн көрдік, мысалы: «Алла пайғамбарларын жіберу арқылы жер бетін түзеп жөнге келтіргеннен кейін онда бүлік шығарып, бұзғыншылық жасамаңдар…» (Ағраф, 56), – деген аяты әр пайғамбардың адамзат қоғамында ізгілік пен ізгі қоғам қалыптастыратындығы туралы баяндалған. «Худ» сүресінің 116 – аятында Алла Тағала: «Сендерден бұрынғы дәуірлерде өмір сүрген қауымдардың ішінде жер бетінде бүлік шығып, бұзғыншылық орын алмау үшін аянбай еңбек еткен (иман, ілім, көркем мінез-құлық және игі істер сынды) өшпес құндылық иелері болғанда ғой. Өкінішке қарай олардың арасында осынау ұлы мақсатта еңбек еткені үшін (азаптан) аман алып қалғандарымыз өте аз болды…», – дей келе, қоғамның дамуы ізгілік пен дұрыстылық екендігін атап келе, зұлымдылық пен арсыздықтан тыйылуға шақырып, адамгершілікті дәріптейді. «Әл-Имран» сүресінің 116 -аятында : «(Уа, мүміндер) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер», – дей келе, ізігіліктің негізгі келіп жетер нүктесі не екендігін нақтылай келе, жақсылықтың жақтаушысы болуға шақырды. Бұдан бөлек Құранда 160 аятқа жуық ізгілік, ізгілер, ізгі қоғамға қатысты аяттар баян етілген.
Мүбәрак хадистердің бірінде мұсылмандардың ізгі қасиеттерінің бірін былай деп баяндалған: «Нағыз мұсылман басқа мұсылманға қолымен де, тілімен де зиянын тигізбеген адам».
Шәкәрім қажы өзінің өлең жолдарында:
«Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен алыс өлгенше» десе, Хәкім Абай атамыз ізгілікке немесе зұлымдыққа бастайтын қасиеттерді былай деп сипаттайды:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Ізгілік – адамның рухани арқауы. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және ізгілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады. Рухани-ізгілік тәрбие бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастыру болып табылады.
Бағдат Русланұлы Шақаев
«Ар – Рахман» мешітінің наиб имамы