Дін – адамзат жаратылысынан бастап үндесіп келе жатқан ұлы күш. Адамның жаратылысында, фитратында, ішкі сұранысында бір нәрсеге сену, тылсым күштің барын сезіну, дұрыс жолды тауып, жоралғыларын жасаса жүрек тынышталу сынды сенім жүйесіне бейім болып келеді. Статистика бойынша қазірге дейін шамамен 10 мыңнан аса дін мен діни наным-сенімдер пайда болған. Жер шарында 8 миллиардқа жуық адам болса, солардың 85%-нан астамы қандай да бір діни сенімді ұстанады. Ал 50%-нан астамы христиан діні мен ислам дінін ұстанып өмір сүруде. Ақиқатында, адамзаттың барлығын өлім жалмап, адамзат тіршілігі тоқтағанға дейін дін де бірге өмір сүреді.
Қазақ зиялыларының дін туралы көзқарастарына келер болсақ, «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсынов: «Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу» десе, дана Абай : «Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды», – деп исламдағы иман парызының рөлін көрсетеді. Қожа Ахмет Яссауи бабамыз да: «Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейін заманды түзетуге болады», – деп, иманды алғашқы орынға қояды. Ы. Алтынсарин өз еңбегінде: «Ол Алла Тағала дене иесі емес, сурет иесі емес, асыл жауһардай заттар сипатында емес, мекен я бір орын иесі емес, бос орынды толтырушыдан емес, тамақ жеушілерден, ішушілерден емес, біреуді тудырған емес, яки біреуден туған емес…» дей келіп мұсылманша жүрсек мін баспас еді бізді дейді.
Мәшһүр Жүсіп бабамыз:
«Ол – Алла жисам, жауһар, ғариз емес,
Боларға басқа-басқа бөлектенбес
Алланы ешнәрсеге ұқсатуға
Еш нәрсе оған ұқсап, жөні келмес
Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,
Мекенін бір Алланың ешкім білмес», – десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Мұсылмандық шарты» атты кітабында адам хақы, хайуан хақына қатысты, адамның жақсы, жаман мінездері, күнә, тәубә, ниет, т.б. істер жөніндегі шариғат үкімдерін жіктеп жазады. Соңғы дәуірдің ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың:
«Алла – ақиқат.
Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен!»,- деген сынды өлең шумақтарына зер сала отырып, хақ дін Исламды дәріптегені байқалады.
Салт-дәстүрге келер болсақ, әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті өмірдегі бір мәдени топтың екіншісінен айырған ерекшелігі осы дәстүрлік құңдылықтар болып есептеледі. Салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Жалпы қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады.
Көргеніміздей салт- дәстүр мен әдет-ғұрып белгілі бір нәрсеге сүйене отырып, жылдар бойы жинақталған қазық болып табылады. Дәстүрдің сүйенген негізгі тірегі ол да – дін. Діннің негізі мен шарттарын қарапайым күнделікті өмірде қолдана отырып, дағды, тіршілік қайнар көзіне айналдыра білген бабаларымыз, дәстүрлік құңдылықтарымызға негізгі тіректі ислам дінінің шарттарынан алған. Жалпылама дәстүріміздің тарихына тереңінен қарасақ, шариғи тыйымдар мен бұйрықтар, Пайғамбар өмірінің негізгі ұстанымдары, адал мен арамды ажырату, бала тәрбиесі мен өсу дағдыларындағы жоралғылар, адамды ақтық сапарға шығарып салу сыңды ұстанымдарға жаңасатындығын байқаймыз.
Осыншама тарихы мен негізі біте қайнасқан дін мен дәстүрді бір-бірінен ажырату әсте мүмкін емес. Себебі, дәстүрдің қай бір жоралғысын көрсек те, түп негізін ислам дініне тіркей аламыз. Статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, қазақ қоғамындағы кейбір жоралғылар мен дәстүрлік қағидалардың негіздері ислам дінінен бұрынғы ұстанымдармен біте қайнасқанын көреміз. Алайда, бұл ұстанымдар мен жоралғылар қазақ дәстүрінің 100/10 % пайызы екендігіне көз жеткізе отырып, қалған 90 % ислам дінінен бөлінбес, соңғы нүктесі дінге барып тірелетін қағидалар деп білеміз.
Бағдат Русланұлы Шақаев
«Ар – Рахман» мешітінің наиб имамы