Білімді ұрпақ  – болашақ кепілі

        ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Мектепке жол» акциясы Орал қаласындағы орталық «Ар – Рахман» мешітінде өз жалғасын тапты. “Білімді ұрпақ — болашақ кепілі” тақырыбында ұйымдастырылған шарада аз қамтылған отбасылардың балаларына мектеп құрал-жарақтары сатып әперілді. Барлығы екі жүз оқу сөмкесі құрал-жарақтарымен 1- 9 сынып оқушыларына  табыс етілді.            

        Игі шара соңында мешітке  жиналған ата-аналар қайырымдылық акциясын ұйымдастырған Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Қанатқалиұлы мен Батыс Қазақстан облысы бойынша «Зекет» қорының өкілі  Наурыз Ибатұлына және  демеушілік көрсетіп, ізгі шараға бір ауыздан ат салысқан барлық қала мешіттеріне өз алғыстарын айтты.

      Сондай–ақ БҚО өкілдігі бойынша ұйымдастырылған қайырымдылық  акциясы тамыз айының 25-жұлдызынан бастау алып, жалпы облыс бойынша 450 баланы оқуға қамдады.