Бүгінде салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық салт – дәстүрді ұстану мақсатында тоғызқұмалақ ойыны қолдау табуда. Атап айтсақ, Астанада тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» республикалық турнирінің финалдық кезеңі өтті. Сайысты Парламент Сенаты мен Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясы ұйымдастырған болатын. Турнир көшпелілердің көнеден келе жатқан зияткерлік ойынын дәріптеу мақсатында, сондай-ақ V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау мақсатында іске асырылып отыр.
Сайысқа еліміздің 20 аймағынан келген мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері қатысты. Тартысты өткен сайыста жекелей есепте, сондай-ақ командалық есепте топ жарған Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау аудандық мешітінің бас имамы Әділхан Наурызбай Нұрбергенұлы жеңімпаз атанды.
Тоғызқұмалақпен шұғылданып жүргеніне 14 жылдан асқан кейіпкеріміз есеп-қисаптан тұратын бұл ойын түрін бала күнінен жанына серік етіп, ел намысын аудандық, облыстық, республикалық деңгейде қорғап жүрген жанның бірі.
- республикалық турнир оңай болған жоқ. Ол турнир 6 кезеңнен тұрды. Қарсыластарымның осалы жоқ. Дегенмен, тыңғылықты дайындық пен жаттығудың арқасында жеңіске жеттім. Ендігі мақсат, ұл – қыздарымды Азия және әлем чемпионаттарына дайындау дейді,- Әділхан Нұрбергенұлы.
Бізден тілек: алар асуыңыз, шығар биігіңіз аласармасын!