Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының QAMQOR-SHARAPAT орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, облыс бас имамы Самат Қанатқалиұлы, «Sharapat-Digital» ЖШС-нің директоры Е.Тойжанов, БҚО Дін істері басқармасының басшысы А. Қаратай, абаттандыру секторының бас маманы М.Шамуратов, Орал қаласының ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Тыныштыкалиев, Орал қаласының жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары А. Джалмуханов және жергілікті мешіт қызметкерлері мен ақсақалдар қатысты.
Семинарда М. Қабылбекұлы жергілікті БАҚ өкілдері мен дін қызметкерлеріне мазарларды электронды қосымшаға тіркеудің мән-жайын түсіндірді. Дүниеден өткен жақын адамдарыңыздың жатқан жерін мобильді қосымша арқылы табу қызметі заман талабы екенін және биылғы жыл соңына дейін барлық облыс орталықтарындағы зираттарды цифрландыру, зираттар туралы деректерді орталықтандыру жоспарда екенін атап өтті.
Е.Тойжанов цифрландыру жұмыстары ҚМДБ-ның Уақып қоры мен «KazAeroSpace» мекемесі арасында жасалған меморандум негізінде жүргізіліп жатқанын, жыл соңына дейін еліміздің облыс орталығындағы зираттар цифрланып болғаннан кейін «JERLEU» жүктемесі іске қосылатынын айтты. Аталған жүктемеге қайтыс болған марқұмның қай зиратқа жерленгені, марқұмға құзырлы органдардан берілетін тиісті құжаттар, салттық қызметтер туралы нұсқамалар және киелі орындар туралы мәліметтер енгізілетінін түсіндіріп, бұл жұмыстарды өз мекемесінің есебінен тегін жасап жатқанын, келесі жылы зираттарды цифрландыру жұмыстары ел аумағындағы аудандар мен ауылдардыда қамтитынын жеткізіп, жиынға қатысушыларды цифрландыру жұмыстарына атсалысуға шақырды.
Ал жергілікті органның мамандары болса аталмыш жобаның Батыс өңірінде жүргізілуіне өз құзыреттері шегінде қолдау көрсететіндерін білдірді.
Кездесу барысында бейіт-тердегі деректерді анықтап, оны ортақ базаға енгізу жұмыстары әрбір мешіт қызметкерлеріне тапсырылды.