ИМАН ЖӘНЕ ҮЛКЕН КҮНӘЛАР

«Иман» сөзінің мағынасы растау, сенім дегенді білдіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала тарапынан жеткізілген барлық нәрсені шын жүректен бекітіп, оны тілімен растауды «иман» деп атаған.

Иман былай келтіріледі: «Әшһәду әлләә иләәһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ»(мағынасы: Алла Тағаладан өзге тәңір жоқ екеніне куәлік етемін және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін). Кім бұл сөзді тілімен айтып, жүрегімен мағынасын растаса және қабылдаса, яғни «Алла Тағала жалғыз сыйынатын Құдай, Одан өзге сыйынуға лайық еш нәрсе жоқ, Мұхаммед Алла Тағаланың құлы әрі елшісі, Мұхаммед пайғамбардың Алла Тағала тарапынан жеткізген барлық нәрсесі ақиқат» деп шын жүрегімен бекітіп әрі қабылдаса және соны тілімен растаса ғана иманды болып саналады. Құлшылық пен салиқалы амалдардың қабыл болуы үшін иманның болуы шарт.

Осы орайда Ислам мен иманның негізгі маңызын баяндайтын хадисті еске алайық. Омар ибн Хаттабтан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген бұл хадисте былай делінген: «Бірде Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдында отырғанбыз. Жанымызға аппақ киім киген, шашы қап-қара адам келді. Ол сапардан келген адамға ұқсамады. Ешбіріміз оны танымадық. Ол Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы алдына келіп отырды. Екі тізесін оның екі тізесіне тіреді. Екі алақанын екі санының үстіне қойып:

«Уа, Мұхаммед, маған Ислам жайлы хабар берші», – деді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам – «Ләә иләһә иллаллаһу Мухаммәдур Расуулулла» деп куәлік етуің, намазды тұрақты оқуың, зекет беруің, Рамазан оразасын ұстауың, егер жолға жарамды болсаң, Бәйтті қажылық жасауың», – деді. «Дұрыс айттың», – деді ол.

Біз оған таңғалдық. Өзі сұрайды, өзі растайды. «Маған иман жайлы хабар берші», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман келтіруің, сондай-ақ тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің», – деді. «Дұрыс айттың!» деп растап: «Маған ихсан жайлы хабар берші», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай, егер сен Оны көре алмасаң, Ол сені көріп тұрғандай құлшылық етуің», – деді. «Маған қиямет жайлы хабар берші», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сұралушы бұл жағынан сұраушыдан білімдірек емес», – деді. «Оның белгілері жайлы хабар берші», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күн өз ханшайымын тууы, жалаңаяқ, жалаңаш, кедей шопандардың үй салуда бір-бірінен озуға тырысатынын көруің», – деді.

Сосын ол қайтып кетті. Кейін, мен аз ғана уақыт көрінбей жүрдім. Сосын Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Ей, Омар, сұраушы кім екенін білесің бе?» – деді. «Алла және Оның Елшісі білуші», – дедім. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, ол Жәбірейіл болатын. Сендерге діндеріңді үйрету үшін келіпті», – деді».

Тағы бір риуаятта: «Ол Алладан басқа ешкім білмейтін бес нәрсенің ішінде», – деді де Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның білімі (қияметтің анық мағлұматы) тек Алланың құзырында» деген аятты оқыды. Сосын ол қайтып кетті.

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оны қайтарыңдар», – деді. Адамдар ешнәрсе көрмеді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «БұлЖәбірейіл. Ол адамдарға дінін үйрету үшін келіпті», – деді».

Жүректегі иман Алла мен Оның елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық нәрседен жақсы көруге, бір адамды Алла үшін жақсы көруге, күпірлікті жек көруге жетелейді. Бұған қатысты Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын:«Үш нәрсе бар, олар кімде болса, иманның тәтті дәмін табады: Алла мен Оның елшісін өзге барлық нәрседен сүйікті ету; бір кісіні жақсы көрсе, Алла үшін ғана жақсы көру және күпірге қайтуды дәл отқа тасталуды жек көргендей жек көруі», делінген.

Дініміз Ислам тыйым салған ауыр күнәлардың бірі – кісі ақысын жеу. Ғалымдарымыз бұл күнәны серік келтіруден кейінгі үлкен күнәға жатқызған. Себебі, адам ақыретке кісі ақысын арқалап баратын болса, ақысы кеткен адам «мен оны кештім» демейінше әлгі құлды Алла Тағала да кешірмейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 188-аятында: «Бір-біріңнің малыңды нақақтан-нақақ жемеңдер. Сондай-ақ адамдардың малының бір бөлігін негізсіз жейтіндеріңді біле тұра, билерге пара беруге тырыспаңдар», – деп айтқан.

Асыл дініміз Ислам жетім-жесірге қамқорлық жасауға, олардың басынан сипап, көңілін аулауға, олардың мал дүниесіне қиянат жасамауға шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 10-аятында: «Жетімдердің мал-дүниелерін зұлымдықпен жеп алғандар, шын мәнінде іштеріне от жұтып алған болады. Олар сөзсіз тозаққа тасталады», – деп ескерткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімнің ақысын жеу жеті үлкен күнәның біріне жатқызылатынын айтып: «Жеті апатты күнәлардан сақтаныңдар», – деді. Адамдар: «Уа, Алланың елшісі, бұл қандай күнәлар?» – деп сұрады. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға ортақ қосу, сиқыр жасау, Алла өлтіруге тыйым салған жанды (кісіні) өлтіру, өсімқорлық, жетімнің дүниесін жеу, жауға шапқанда қашу, иманды, таза әрі жаман істі (жасамақ тұрмақ) ойларына да алмайтын әйелдерді арсыздық жасады деп айыптау», – деген.

Үлкен күнәлардың бірі – таразыдан жеу. Сауда-саттық жасайтын адам оны әділдікпен атқарып, өзгенің ақысына кірмеуі қажет. Ол үшін тауардың айыбын жасырмай айту, бағасын тым көтермеу, таразыда әділ өлшеу сияқты істерге аса мән берілуі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресінің 152-аятында: «Таразыда өлшеуді дұрыс орындаңдар», – деп бұйырады. Сонымен қатар «Мұтаффифин» сүресінің 1-4-аяттарында: «Өлшеу, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да. Қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. Олар қайта тірілетіндіктерін ойламай ма?» – деп айтылған.

Өзге адамның ар-намысын төгу, ғайбаттау, жала жабу сияқты істер де оның ақысына кіру деп танылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 23-аятында: «Расында абыройлы, ары мен көңілі таза мүмин әйелдерге жала жапқандар бұл дүниеде де, ақыретте де (Алланың рақымынан алыстап) лағынеттеледі. Әрі олар үшін үлкен азап бар», – деп айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға – харам», – деген.

Сондықтан да адамның осындай жеке басына қатысты сөз айтуға, ар-намысын төгуге, өсектеуге, сыртынан сөз тасуға, мазақ етуге болмайды. Ғалымдарымыздан: «Мұсылманның абыройын төгу қасиетті Қағбаны қиратудан да жаман», – деген сөз қалған. Аллаға иман келтірген кісі өзгенің ар-намысына қорған болып, оны жамандауға, ғайбаттауға жол бермейді.

Өзгенің ақысына қол салудың келесі түрі – ұрлық жасау. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Мүмин адам бұл жаман күнәдан бойын аулақ ұстауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес», – деген.

Зинақорлық – мүміннің сипаты емес. Оны жасаған адам жазаға жолығады, қияметте де қатты азапталады. Бұл жайында Құдай Тағала қасиетті Құранда «Фурқан» сүресінің 68-69-аяттарында былай дейді: «Олар Алламен қатар, басқаны да құдай тұтып жалбарынбайды. Алланың өзі ардақтаған әрі (жөн-жосықсыз) өлтірілуін харам қылған тірі жанды нақақтан-нақақ өлтірмейді, зина жасамайды. Кімде-кім осы айтылғандардың бірін істесе, ауыр жазаға ұшырайды. Қиямет күні оның азабы еселене түседі және ол сол азаптың құрсауында мәңгі-бақи қор болып қала береді».

Зинақорлық – жеке басты құрдымға жіберетін өте қауіпті күнә. Ол адамды күнәға батырып, шынайы тәубе жасалмаса Алланың назарынан, рақымынан алыстатады. Зинаның адамның басты байлығы болған иманына әсер ететіні жайлы хадисте былайша баяндалады: «Пенде зина жасағанда одан иман шығып кетеді де (оның үстінде) шатыр сияқты болып тұрады. Ал одан (зинадан) ажырағанда, (яғни, мүлде тыйылғанда) оған иман қайтып келеді».

Ата-анаға қарсы шығу – үлкен күнә.Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде сахабаларға қарап: «Сендерге үлкен күнәлар жайында хабар берейін бе?» деп, үш рет қайталап айтады. Сонда ардақты сахабалар: «Айтыңыз» дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға серік қосу, ата-анаға құрметсіздік таныту деп жантайған қалпынан бойын түзеп отырып, жалған сөз, жалған куәлік деп, үздіксіз жалғастырып айта береді». Ата-анасына құрметсіздік танытқан адам жәннатқа кірмейді. Ата-анасына құрметсіздік көрсеткен адамның істеген жақсылығы зая кетеді. Ешқандай амалы пайда бермейді.

Серік қосу – Алла кешірмейтін ең үлкен күнә. Жаратушы жалғыз Аллаға тән сипаттарды Одан басқаға таңу, басқаны құдай деп сену, Алладан емес өзгеден сұрау, ауруына шипа сұрау, ісіне береке тілеу және т.б әрекеттерді атауға болады. Құран Кәрімде бұл амалдың үлкен, зор күнә екенін Лұқман хакімнің  баласына айтқан насихаты арқылы біздерге ескерткен: «Сонда Лұқман өзінің ұлына уағыздап: «О, ұлым! Аллаға серік қоспа!   Расында, серік қосу өте зор күнә» («Лұқман» сүресі, 13-аят).

Жаратушы Алла шексіз рақым иесі дегенмен, Өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынуды ешқашан да кешірмейді. Ол жайында Құранда: «Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады» («Ниса» сүресі, 116-аят) деген.

Алла Тағала баршамызды күнә атаулы істерден сақтағай. Әмин!

Ерденбек ИХСАНОВ,

Бөрлі аудандық

мешітінің бас имамы

Батыс Қазақстан облысы