Разылық дегеніміз – тағдырға разы болу. Жақсылық та жамандық та, қуаныш та қайғы да, баршылық та жоқшылық та, барлығы Алла Тағаладан деп білу. Разылық – адамды Алла Тағалаға алып баратын төте жол. Разылық – жер бетінің жұмағы. Разылық – бақыттың кілті… Алла Тағала айтады: «Уа, адам баласы! Егер Менің саған бөліп бергеніме разы болсаң, жаның мен тәніңе тыныштық сыйлаймын [жаның жай тауып, рахат күйге бөленесің]. Әрі Менің алдымда абыройлы боласың. Ал егер наразы болсаң, дүниені сенен үстем етемін [нәтижесінде, «адам» деген атыңнан айырылып, дүниенің құлына айналасың]. Сен оның ізінен [таң атқаннан күн батқанша] жыртқыш аңша жүгірумен боласың. Бірақ, бәрібір маңдайыңа жазылғаннан артық ештеңе ала алмайсың. Есесіне, Менің алдымда [абыройдан айырылып] қор боласың». Билік те, байлық та бақыт сыйлай алмайді бізге. Бақытты біз жүректегі разылық пен қанағаттан ғана таба аламыз. Алланың елшісі ﷺ айтады: «Байлық – мал-дүниенің көптігінде емес, байлық – жан-дүниенің тоқтығында».
Ақида ілімінде тағдыр мәселесі «әл-қада уә әл-қадар» деген атау алған. «Әл-Қада» деп Алланың аспан, жерді жаратпастан бұрын қияметке дейін болатын бүкіл істі жазуын атаса, «әл-қадар» деп сол жазылған дүниелердің уақыты келгенде көрініс табуына айтылады. Ислам ғалымдары адамның тағдырын ерікті және еріксіз тағдыр деп екіге бөледі. Адамның еркінен тыс тағдырға оның қай елде, қандай отбасыда туылуы, еркек немесе әйел болуы, қай ұлттың өкілі болуы, ауруға шалдығуы, апатқа ұшырауы т.б. нәрселер кіреді. Мұның барлығы адам баласы жаратылмай тұрып Ләухул махфузда жазылып қойылған. Жоғарыда аталған нәрселер пенденің еркінен тыс, оған таңдау берілген дүниелер болмағандықтан, пенде Алланың алдында аталмыш дүниелерге қатысты жауапқа тартылмайды. Яғни Алла тағала оған «не үшін қазақ немесе араб болып туылдың, не үшін қыз болып туылдың, не үшін ауруға шалдықтың» деген сұрақтар қоймайды. Өйткені бұл дүниелер адамның өз еркімен таңдап алған нәрселері емес. Адам тағдырының ерікті түріне – оның иманға келу-келмеуі, Алланың бұйрықтарына бойсұнып немесе қарсы келіп өмір сүруі, басына түскен қиыншылықтарға сабыр етуі, жақсылықтарға шүкіршілік етуі, тұрмыстық жағдайына разы болуы секілді пендеге таңдау берілген тұстары кіреді. Алайда тағдырдың бұл екі түрі де Алланың құзырында жазылып қойылған. Яғни адамның ұл немес қыз, қазақ немес араб болып дүниеге келуі жазылғандай оның ізгі немесе жаман болып өмір сүруі, қай халде өлуі, сондай-ақ жұмақтық немесе тозақтық болуы да жазылған. Осы жазылған дүниелер пенде анасының құрсағында төрт айлық болғанда тағы да расталып, бекітіледі. Оған ардақты Пайғамбарымыздың мына хадисі дәлел болады:
Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай деді: «Сендердің әрбіріңнің ана құрсағында жаратылуларың қырық күннен тұрады. Ұрық алдымен (қырық күнде) тамшы, (қырық күнде) ұйыған қан, сонан соң (келесі қырық күнде) кесек ет болады. Осыдан кейін ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға жан беріп, төрт нәрсені белгілейді:1) ризығын; 2) қанша өмір сүретінін; 3) істейтін амалын; 4) бақытты не бақытсыз болатынын». Бухари мен Муслимнің риуаяты.
Кейбір адамдар осы және осыған ұқсас «әр бір пенденің тозақтағы немесе жұмақтағы орны белгілі» деген мағынадағы хадистерді оқығанда «менің амалым, жұмақтық яки тозақтық екенім жазылып қойылған болса, несіне әуре болып амал етемін? Мен жұмаққа қанша тырыссам да тағдырымда тозақтық деп жазылған болса соңында бәрібір тозаққа түсемін ғой. Ал егер жұмақтық деп жазылған болса қанша күнә істесем де соңында жұмаққа кірмеймін бе? Онда амалдың қажеті жоқ!» деген шайтани азғыруларға еріп, малғұнның тұзағына түсіп қалып жатса, енді біреулер әдейілеп осы хадистерді амалға шақырғандарға қарсы өздеріне құжат еткісі келеді.
Мұндай күмәндарға Ислам ғалымдарының жауабы: Тағдырға иман келтіру Алланың білім сипатына, білуші деген есіміне иман келтіру болып табылады. Алла тағала он сегіз мың ғаламды жаратпай тұрып, оның жағдайын білді. Хақ тағала қияметке дейін болатын шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, масалардың санын да, қанша тамшы жаңбыр жауатынын да, қанша тал өсіп қанша жапырақтың үзіліп түсетінін де біледі. Алланың білімі шексіз. Шексіз білім иесі болған Алла тағала қанша тамшы жаңбыр түсетінін білгендей пенделерінің өзі тарту еткен таңдау құқығын пайдалана отырып қандай жолды таңдайтындықтарын да білді. Сол білімнің негізінде пенделердің тағдырын жазды. Демек Алла тағала Өз құлдарына тозақ иелерінің немесе жұмақ иелерінің амалдарын мәжбүрлеп істеткендіктен емес, керісінше, пенделердің Алла тағала берген таңдау құқығын пайдалана отырып қандай таңдау жасайтындығын білгендіктен, олардың тағдырын жазды.
Тағдырға қатысты айта кететін тағы бір мәселе – ол тағдырға қатты үңілудің шариғатта құпталмайтын іс екендігі. Имам Жағфар ас-Садық:
«Алла тағаланың бізге қалағаны (жазғаны) бар әрі бізден қалағаны (талап) еткені бар. Қалағаны – тағдыр, талап еткені – шариғат. Бізге қалағанын, яғни тағдырды, сыр етіп қалдырды. Бізден қалағанын (талап еткенін) білдірді. Неліктен бізден қалағанын тастап, бізге қалағанына бас қатырамыз?» – деген. Имам Әбу Жағфар әт-Тахауи өзінің ақидаға арналған әйгілі мәтінінде: «Негізі тағдыр Алла тағаланың жаратылыстарындағы сыры. Оны Құдайға жақын болған періште де, жіберілген елші де білмейді. Оған терең үңілу, зерттеу сәтсіздіктің жолы, мақұрым қалудың баспалдағы, шектен шығудың қадамы. Сондықтан бұл мәселе жайлы зерттеуден, ойланудан, азғыруға ұшыраудан аса абай болу қажет. Өйткені Алла тағдыр білімін жаратылыстарынан жасырды, оны білуге құштар болуға тыйым салды. Алла Тағала Кітабында: «Ол (Алла тағала) не істегені жайлы сұралмайды, керісінше, олар (жаратылысы) сұралады», – деген (Әнбия, 23). Сондықтан кім «Мұны Ол (Алла) не үшін істеді» деп сұрайтын болса, ол Кітаптың (Құранның) үкімін терістегенмен тең болады. Ал кімде-кім кітаптың үкімін терістесе, кәпірлерден болады», – деген.
Тағдырға қатысты тағы бір маңызды мәселе – ол тағдырға разы болу мәселесі. Тағдырға разу болудың үкімі қандай? Ислам ғалымдары: «тағдырға разы болу – мустахаб, ал оған сабыр қылу – уәжіп», – деген. Разы болу – болған іске іштей келісіп, басқаша болуын қаламау, таңдауды Аллаға қалдыру дегенді аңғартады.Тағдырға разы болған пенденің басына бір қайғы түссе, оны күлімсіреп қарсы алады, «басқаша болғанда еді» деген ойда болмайды, «Алланың таңдағанында хайыр бар» дейді. Сабыр қылушы адам болса іштей қынжылып-қиналады, істің басқаша болғанын қалайды. Мысалы, баласы қайтыс болса, «қайтыс болмағанда еді» деген ойда, «тағы да өмір сүргенде еді» деген арманда болады, алайда ешқандай күпірлік, наразылық сөздерін айтпайды, керісінше, «Алла берді Алла алды. Барлығымыз Алланың құзырына қайтамыз» деген сөздерді айтады. Тағдырға разы болу әрбір пенденің қолынан келе бермейтін, жету қиын болған бір мақам болғандықтан Алла тағала оны пенделеріне уәжіп еткен жоқ. Құранда айтылғандай Алла тағала құлына шамасы келмейтін істі жүктемейді. Басқа түскен қайғы-қасіретке сабыр ету әрбір пенденің қолынан келетін іс. Сондықтан асыл дініміз тағдырға разы болуды мустахаб етті де оған сабырлық етуді уәжіп етті.
Сөз соңында Алла тағаладан баршамызды тағдырға толықтай иман келтірген, келтірген имандары өздеріне күш-қуат болған, бастарына түскен қиыншылықтарға сабыр ете білген құлдарынан етсін дейміз. Жаратушы Жаббар иеміз баршамызға пайдалы білім нәсіп етсін. Білгендерімізбен амал етіп, амалдарымыздың қабыл болуын нәсіп етсін. Әумин!
Ерденбек Ихсанов