САБЫРЛЫҚ – АСЫЛ ҚАСИЕТ

Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Күллі әлемге қамқор әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Құдіреті күшті Алла Тағаланың құлдарына берген нығметтерін санап тауысу мүмкін емес. Сондай нығметтердің бірі – Сабырлық. Байлыққа да, кедейлікке де, қиындыққа да, қуанышқа да сабырлық қажет. Тіпті ілім алудың өзінде де сабырлық таныту абзал іс. Барлық өзендер бір арнаға тоғысқандай кез келген амалдар сабырлыққа келіп тоғысады.
​Атам қазақ: «Сабыр түбі – сары алтын» деп текке айтпаған. Қасиетті Құранда былай делінген:
وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ ٱلْخَوْفِ وَٱلْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ ٱلأَمَوَالِ وَٱلأَنفُسِ وَٱلثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ ٱلصَّابِرِينَ
«Сөзсіз сендерді қорқынышпен, аштықпен және де малды, жанды әрі жемістерді азайту арқылы сынаймыз, алайда сабыр етушілерді сүйіншіле!» («Бақара» сүресі, 155-аят) дей келе адам баласын әртүрлі қиындықтармен сынайтындығын баяндайды.
«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның қана маңдайына бұйырған. Ол жақсылықта тап болса, бірден шүкіршілік етеді – бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу Сабырлық танытады – бұл оған қайырлы»,-деген хадис және бар.
Сабыр дегеніміз ойламаған жерден әлдеқандай бір қиындыққа тап болғанда, ұнжырғаң түсіп, торыққан сәтіңде өз-өзіңді жігерлендіріп, өмірдің өзі Алланың сынағы екендігін ойыңа алып, Тағдырдың салған тауқыметіне мойымауға тырысып, керісінше Жаратушының көрсеткен әрбір сынына ризашылық танытып, шайтанның салған сан түрлі уайым-қайғысына берілместен, түк болмағандай қасқая қарсы тұру. Сабыр сақтай білудің өзі Алланың жазған тағдырына шынайы иман келтіруден, оған ризашылықпен мойын ұсынудан, яғни шүкірлік етуден келіп шығады. Ал тағдырға шын жүрегімен иман келтіре алмаған, әр нәрсенің Алланың қалауымен болатындығына мән бермеген адамның сабырлы боламын дегені құр бекер әурешілік немесе өз – өзін қинау ғана. Тағдырға ренжіп, сары уайымға салынып, Алланың әр қиыншылықтың артынан жеңілдік беруінен үміттенбеген адам жан дүниесі байыз таппай, өмірі өксумен өтіп, ақыр соңы жүрек ауру, психикалық ауытқу т.б. сияқты аты жаман әртүрлі науқастарға шалдығып жатады. Сондықтан өмірдің өзі уақытша сынақ болғандықтан, сол өмірдегі кездесіп жатқан қиыншылық пен қуаныштардың да уақытша, өтпелі екендігін адам баласы естен шығармауы керек.
Расында, иман екі бөліктен тұрады. Бір жартысы – Сабырлық, екінші жартысы – шүкірлік. Сондай-ақ, Сабырлық пен шүкірлік – Алла Тағаланың сипаттарының бірі. Алла Тағала өзін Сабур және Шакур деп атаған. Сабырлық пен шүкірлікті білмейтін адам – иманның екі жартысынан бейхабар жан. Алла Тағала тек иман арқылы ғана жақындай түсеміз. Демек, иманның болмысын білмейінше әлемдер Раббысына жақындай алмаймыз. Ал, сабырлық пен шүкірлік жайлы білмеу – иманның не екенін білмеу деген сөз.
Алла Тағала Құранда сабырлы адамдарды түрлі сипатпен суреттеген. Және сабырлық сөзі Құранда жүзге тарта жерде зікір етілген, көптеген мәртебелер мен жақсылық атауын сабырлықпен байланыстырып, бұларды сабырлықтың жемісі деп көрсеткен.
Әрбір сәтсіздікті Ұлы Жаратушының сынағы деп қабылдап, оған сабырмен, төзіммен қарауымыз керек. Қиындықтар кездессе оған сабыр ету – болашақта адамға келетін нығметтердің, жетістіктердің басы деп қабылдауымыз қажет. Қазақтың «Әрбір істің қайыры бар» деген сөздері осындайда еріксіз еске түседі.
Бұл жайында Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 146-аятында:
وَٱللَّهُ يُحِبُّ ٱلصَّابِرِينَ
«Алла сабыр етушілерді сүйеді», – делінсе, «Нахл» сүресінің 96-аятында:
وَلَنَجْزِيَنَّ ٱلَّذِينَ صَبَرُوۤاْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», – деп айтылады.
Қасиетті Құран Кәрімде сабырлылықтың хикметі туралы жетпіске жуық аят бар. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 153-аятында:
يَآأَيُّهَا ٱلَّذِينَ آمَنُواْ ٱسْتَعِينُواْ بِٱلصَّبْرِ وَٱلصَّلٰوةِ إِنَّ ٱللَّهَ مَعَ ٱلصَّابِرِينَ
«Ей, иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар. Күмәнсіз Алла сабырлық қылушылармен бірге», – деп бұйырады.
Алла Тағала құлдарына Жаратушы алдындағы жауапкершілікті жүктегені секілді адам баласын қоғам алдындағы міндеттерін де орындауға шақырады. Мәселен, адам баласы қоғамға кері әсерін тигізетін істерді жасамауға және бейбіт халықтың берекесін алатын келеңсіз әрекеттерден барынша өзін және бауырларын сақтандыруға жауапты. Демек, бүлік жағдайының алдын алу немесе оның отын өшіру мұсылмандық міндеттеріміздің бірі болып табылады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жайында былай дейді: «Бүлік алған жағдайда кісінің амандығы үйінде отыруымен байланысты». Иә, бүлік қайдан бастау алса да, иманы кәміл, ақыл иесі болған мұсылман баласы бұзақылыққа, бөлінушілікке апаратын кез келген әрекеттен сақтанады. Сондай-ақ, жаман-шылыққа үндейтін нәпсісінің бүлікке шақыруынан бас тартады. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан сақтаныңдар. Сондай-ақ, Алланың қатты азап иесі екенін біліңдер» («Әнфал» сүресі, 25-аят).
Ал ақылын нәпсісіне жығып берген жан өзі зиян көріп қана қоймай, көпшілікке де қатер төндіреді. Дініміз мейірімді, жұмсақ әрі бауырлас болуды көздейді. Ал қыңырлыққа салынып, аяқ астынан бәле іздеу – мұсылманды азғындыққа, бұзақылық-қа, бөлінушілікке апарып соғады. Сол үшін бүліктен бойды алыстату нағыз тақуалықтың белгісі. Әрине, Құдайдан шын қорыққан пенде жаманшылыққа бой алдырмайды.
Хазіреті Айша анамыздан (р.а.) жеткен хабарда Алла Елшісі (с.ғ.с) намаздың соңында былай деп дұға ететін болған: «Иә, Аллам! Қабір азабынан, Мәсіх Дажжалдың, өмір және өлімнің, күнә және қарыздың бүлігінен сақтану үшін саған сыйынамын».
Қысқа ғана өмірімізде дінімізді дұрыс үйреніп, шынайы бақыт тапқанға не жетсін?! Әрине, түрлі бүлікке апарар жағдайлардан сақтану үшін Алла Елшісі (с.ғ.с) көрсеткендей намаздарымызда дұғада болғанымыз жөн. Әрбір иманды жан сеніміне қарамастан бір-бірін бауыр етер болса, бірлігі беки түседі. Ал, тірлігі тағат-ғибадат, бірлігі бекем болған елден бақ та, береке де кетпесі ақиқат.
Тәуелсіздіктен артық ешқандай құндылық жоқ. Осыған байланысты біздің басқа діннің, өзге этностың өкілдерімен ұлтаралық қарым-қатынасымыз кіршіксіз. Алайда, бейбітшілік – барынша ұқыпты қарауды қажет ететін өте нәзік ұғым. Сондықтан да бейбітшілікті, тұрақтылық пен бірлікті сақтау бұған дейінгі де, бұдан кейінгі де өмірлік қағидамыз болып қала береді.
Рас, «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген халық мақалы тектен-тек айтылмағанын қалайша мойындамасқа?!
Өйткені, қолымызда бардың қаншалықты қымбат та маңызды екенін оны жоғалтқан кезде ғана ұғатынымыз жалған емес. Мәселен, дер кезінде тоқтау салынбаған бүліктен бейберекеттілік басталатыны тарихтан аян.
Екінші тілек тілеңіз, Ер, шұғыл, пасық, залымның . Тіліне еріп азбасқа,-деп, Бұқар жыраудың ескерткенін естен шығармау керек.
Кейде адам баласы басына түскен қиындықты Құдайдың қарғысы деп қабылдап жатады. Ісім оңға баспай, қырсық шалды дейтіндер мына өмірдің бір ырғақта, ешбір кедергісіз болғанын қалайды. Сағид бин Әбу Уаққастан жеткен хадисте: «Уа, Алла Елшісі! Қайсы адамға ең қиын сынақ беріледі?– деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Пайғамбарларға, сосын сол секілді, сосын сол іспетті адамдарға. Кісі дініне қарай сыналады. Егер діні берік болса, сынағы қатая түседі. Ал, діні әлсіз болса, иманына байланысты сыналады. Пендені қиыншылық пен пәлекет бойын тазартпайынша, тәрк етпейді»,– деді.
Демек, сынақтың мақсаты – мұсылманды шыңдау, шынайы сенім шыңына шығару. Түрлі тауқыметке төзіп, иманы шыңдалған адам нағыз иманның дәмін татады. Ал, бұл – дүниеге бергісіз сезім. Әрине, адам болмысы жеңілдікке, оңайлыққа құмар. Алайда, жай тас пен жауһар тастың айырмашылығы жауһарға жұмсалған қажырлы еңбек пен Сабырлықтан байқалады. Сол іспетті, дүниелік сынаққа Сабырлық танытқан адамның рухани болмысы байи түседі. Ал, бұл оңайлықпен келмейді. Сабырсыз бен қиыншылыққа төзімсіз жан бұл шыңды бағындыра алмайды.

Тілек қажы Нұралиев,
Дінтанушы, теология ғылымының магистрі,
Жалпақтал ауылдық мешітінің бас имамы