ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҒЫН ДӘРІПТЕУГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРЕМІЗ

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Қазір әлемдік қауымдастық өзінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға күш салуда. Өйткені жаһандану заманында дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу маңызды мәселеге айналды. Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп келеді. Осындай мәселелер мен бастамаларды ескере келе, 2024 жылды діни қызмет аясында «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп жарияладық. Бұл бастама дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге серпін береді.

Дәстүріміздің дінімізде алар орны ерекше. Ислам діні халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға тыйым салмаған. Өйткені сан ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрлер құқықтық нормалар бастауларының бірі саналады. Ғұрыппен әмір ету – шариғатымыз рұқсат берген істің бірі. Бұған қатысты Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет…», – деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламға дейін әдет-ғұрыптан пайда болған, яғни өмірдің өзі туғызған шариғат негіздеріне қайшы келмейтін дәстүрге тыйым салмады. Сондай-ақ адамзат баласын бір-бірінің ұлты мен нәсіліне, ұлттық құндылықтарына тіл тигізбеуді өсиет етті. Өкінішке қарай соңғы кездері әлеуметтік желіде кейбіреулер діни және ұлттық құндылықтарымызға тіл тигізіп, қоғам арасына бүлік салып, алауыздық тудыруда. Бұдан бөлек қоғамда дін мәселесіне қатысты көптеген пікірлер айтылуда. Соның ішінде дәстүрлі дініміз бен жат ағымды бір санатқа жатқызып, айыптайтындар да аз емес. Қала берді «дін қызметкерлері дәстүрді насихаттамайды» деген сын тағуда. Асылында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – халқымыздың дәстүрлі жолын насихаттап, салтымыз бен ғұрпымызды дәріптеп келе жатқан бірегей рухани орда. Осы бағытта мүфтият бұған дейін «Дін мен дәстүр» жылын жариялаған болатын.

«Дін мен дәстүр» кітабының бірнеше томы шықты. Ол жамағатқа тегін таратылды. Былтыр осы жұмыстарды жүйелеу және алдағы уақытта да жалғастыру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Дін мен дәстүр бөлімін аштық. Аталған бөлім мамандары өткен жылы дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу мақсатында 42 080 іс-шара ұйымдастырды.

2023 жылы «Қазақ руханиятындағы дәстүрлі Исламның орны» республикалық ғылыми-танымдық конференциясын өткіздік. Алматыда ұлттық салт-дәстүр мен қазақы құндылықтарды насихаттайтын «Дәстүр керуені» жобасы жүзеге асты. Бұл өз кезегінде қоғамның назарын аударумен қатар үлкен қолдауға да ие болды. Сонымен қатар жарапазан жырын айту эстафетасы да халқымыздың көңілінен шықты. Осы бағыттағы іс-шараларды алдағы уақытта да республика бойынша жүзеге асырамыз.

Мүфтият жыл сайын жұмыстарды жүйелеу үшін қоғам талабына сәйкес басымдық беретін бағыттарды айқындап келеді. Өткен жылы дін мен дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру бағыттарына басымдық бердік. Аталған бағыттар діни қызмет пен қоғам үшін аса маңызды болғандықтан, биыл да осы жұмыстарға басымдық беру қажет деген ұйғарымға келдік. 

Осыған орай жыл басында еліміздегі барша дін қызметкерлеріне арнаған Бағдарлық баяндамамды аталған бес бағыт бойынша атқарылатын жұмыстарды сапалы, тиянақты және жоспарға сәйкес жүзеге асыруды тапсырдым. Қоғамда дәстүр құндылығын кеңінен насихаттау мақсатында алдағы уақытта төл телеарнамыз – «Мұнара» арнасынан «Ұлттық құндылық», «Дін мен дәстүр» бағдарламалары көрерменге жол тартады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», – деп атап өтті.

Президентіміз атап өткен адами құндылықтар – қанымызға сіңген қасиеттер. Сондықтан қазақы болмысымызға сіңіп, дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру тіршілігімізде көрініс тапқан адами қасиеттер баршамыздың өн бойымыздан табылуы қажет деп санаймын. Қоғамда болып жатқан отбасылық мәселелер баршамызды ойландырмай қоймайды. Қазақ – қыз баланы ерекше құрметтеп, төрге шығарып, аялап өсірген халық. Әйелге, ұл мен қызға қысым көрсету, аманат етіп берілген бала-шағаға қиянат жасау – әдет-ғұрпымызға, салт-дәстүрімізге жат әрекет.

Халқымыздың сан ғасырдан бері атадан балаға жалғасып келе жатқан отбасылық құндылығы бар. Біз халқымызға, мұсылмандық болмысымызға тән отбасы құндылығын арттыру және оны қоғамға барынша насихаттау мақсатында мүфтияттың «Өнегелі отбасы» жобасын республика деңгейінде жүзеге асырамыз. Бұл жоба жыл соңына дейін жалғасады.

Қазір қоғамда отбасындағы әкенің орны мен рөліне қатысты мәселе жиі талқылануда. Осы орайда дәстүрімізде қалыптасқан аталар, әжелер мектебін жандандырып, отбасындағы, қоғамдағы әке рөлін дәріптеуге көңіл бөлеміз. Бүгінде дәстүрлі дінімізге, жалпы дәстүрлі дүниетанымымызға қайшы көзқарастарды қоғамға таңу әрекеті кең етек жайып бара жатқаны жасырын емес. Қаншама қандастарымыз адасқан діни ағымдар мен топтардың идеологиясына алданып, өзінің түпкі мұсылмандық болмысынан ажырауда. Бұл өте үлкен өкінішті жағдай.

Қоғам арасына іріткі салғандардың идеологиясына халықтың қарсы қорғанысын қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл кешенді іс-шаралар мен жүйеліджұмыстарды талап етеді. Осыған орай Алла қаласа биыл Діни басқарма жанынан ғылыми-зерттеу орталығын ашамыз. Аталған ғылыми орталықтың негізгі мақсаты – қазақ топырағынан шыққан дін ғалымдарының еңбектерін зерттеу және жарыққа шығару, сонымен қатар қазақ ақын-жазушыларының, жырауларының еңбектеріндегі дін тақырыптарын жинақтап, кеңінен түсіндіріп, халқымызға жеткізу.

Біз дін мен дәстүрді қатар ұстанған халықпыз. Дәстүр қашан да тәрбие негізі болған. Осы ретте отандастарымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дініміз бен дәстүріміздің қастерлі құндылықтарын дәріптеу бағытындағы жұмыстарына үлес қосып, ортақ мақсаттарымызды жүзеге асыруда белсенді болуға шақырамын.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, халқымызға ауызбіршілік нәсіп еткей! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №2, 2024 жыл