«ҺИБАТУЛЛА ТАРАЗИ» МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖІНДЕ ӘЙЕЛДЕР ЖАМАҒАТЫНА СЕМИНАР ЖҮРГІЗІЛДІ

Бүгін «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің «Бейбіт ата» ғимаратында қыз-келіншектерге, әжелерге арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараны ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы, медресе директоры Бейбіт Мырзагелдиев алғы сөзімен ашып, Құран оқыды. Бас имам Айша бибі ауылында қыздарға арналған медресе ғимаратының ашылудағы мақсатын атап, осы игі бастама жолында атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, Қазақстан бойынша әйелдерге сапалы білім беретін ең үздік оқу орны болсын деген ниетін жеткізді. 

Көпшілік алдында «Әжелер алқасының» төрайымы Жәмилә Жұмабаева мен медресе-колледж ұстазы Ләззат Маханбетова сөз сөйлеп, осында білім алып жатқан қыздар мен курс оқып жатқан әжелер турасында атап өтті. Жамағатқа ғимаратты толықтай таныстырып, дәріс бөлмелерін, намазхана, асхана, акт залы, жатақхананы аралатты.  

Жамбыл облысының білікті ұстаздары жиналған әйелдер жамағатына насихат айтып, семинар барысында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева «Мұсылманның тұлғалық қалыптасуында медресенің рөлі», Жайна Бекназарова «Діни ақпаратты алу дереккөздері», Жібек Қолағұлова «Мұсылманның иман жүрегі» тақырыптарында сөз сөйлеп, басқа да білікті ұстаздар уағыздарын айтты. 

Жиыннан соң ақ дастархан жайылып, көпшілікке ас берілді. Оқу орының шәкірттері діни әндер орындап, салауат сәлемдер жолдады. Ұстаз сұрақ-жауап ойынын ойнатып, дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар үлестірді. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі