ӨЗІН-ӨЗІ БИЛЕГЕН ЕЛ БАҚЫТТЫ

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Мына жер бетінде қаншама ұлттар мен ұлыстардың өз елі мен мемлекеті жоқ. Халқының саны миллиондардан асса да біреудің қарамағында, бодан болып өмір сүруде. Ғалымдардың зерттеуінше, дүниежүзінде 6 мыңнан астам тіл бар екен. Ақылға, логикаға салсақ, соншама ел болу керек еді ғой. Алайда 200-ден сәл ғана астам мемлекет бар. Аллаға шүкір, соның бірі сүйікті – Алаш жұрты, Қазақ елі.

Ел ел болу үшін оның жері, тілі, діні, шекарасы, басшысы мен қосшысы (халқы) болуы тиіс. Құдайға шүкір, ұланбайтақ жеріміз бар. Назар салып қараңызшы, бізде бәрі бар. Аспанмен таласқан таулар, жазық далалар, шөл мен шөлейт, шабындық пен ормандар бәрі-бәрі кең байтақ ұлы даламыздың сәні мен шырайын ашып тұр. Мысалы, кейбір елдердің аумағын тек ғана ормандар алып жатса, екіншілері мидай далада орналасқан. Тіпті біраз елдерде жылдың төрт мезгілі де жоқ. Жыл он екі ай бойы тек күн ыстық болып, басқа ауа-райын сезінбей, көрмей өмір сүруде. Сондай-ақ халқы шектен тыс көп, жер көлемі кіші мемлекеттер де жетерлік. Мысалы, жерінің аумағы біздің Жамбыл облысындай ғана Бангладеш түрғындарының саны 270 миллионнан асып кетті. «Greenpeace» экологиялық ұйымы сарапшылары жасаған зерттеудің қорытындысына сай Бангладеш ауа-райының ластануынан да алғашқы орындарда. Ал бүкіл жерінің 3-7 пайызы ғана адам тұруға жарамды елдердің де қарасы көп. Әрине, табиғаты өмір сүруге қолайсыз, халықтың әл-ауқаты төмен, соғыстан көз ашпай келе жатқан жұрттардың бар екенін ұмытуға болмайды.

Екінші ана тіліміздің қадір-қасиетін ұғындырып, қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл болуына да атсалысу – әрбіріміздің міндетіміз. Өйткені, тіліміз бай әрі қазақ халқының саны бүгінде 70 пайыздан асты. Республикамызда өзге ұлттар Алаш жұртының айналасына топтасатын тарихи сәт келді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – дегенін ұмытуға болмайды.

Әлемде сөйлеушілер саны 100 мыңнан асатын небәрі 100-ге тарта тіл ғана бар екен. Ал сөйлеушілер саны 10 миллионнан асатын тілдердің саны – 40. Дәл осы 40 тілдің құрамына қазақ тілі де енеді. Қазақ тілі – түркі тілдері ішіндегі сөздік қоры ең көп тіл ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ең таза тілдердің бірі. Сөздік қорының 60 пайызын түркілік түбірлі сөздер құраса, орыс тілінің 45 пайызы ғана славяндық негізді құрайды екен. Қазақ тілі көптеген тіл мамандарының пікірінше, диалектісі жоқ тілдердің бірі. Қазақ тілі – 500 млн қолданушысы бар Google Translate автоматты аударма қызметіне қосылған 90-тіл. Сондай-ақ интернет кеңістігі контент көлемі бойынша 57-орында. 

Тілге құрмет – халыққа құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Қазақстанда тұратын өзге ұлттар қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті. Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарында.

Тағы бір маңызды атрибуттардың бірі – ғасырлар бойы халқымыздың адастырмас темірқазығына айналған ата дініміз. Біздің хақ жол Исламды қабылдағанымызға 1270 жылдан асты. Ислам жұртымыз сүрінгенде демеді, жығылғанғанда тұрғызды. Халқымызды бір тудың астына біріктіріп, ел болуға жұмылдырды. Бүгінде ел тұрғындарының 80 пайыздан астамы мұсылман деп айта аламыз. Қазақ өзін мұсылман санайды. Ал еліміздегі жарты миллионнан астам өзбек, 300 мыңның айналасындағы ұйғыр ағайындар, түріктер мен күрдтер, татарлар мен башқұрттар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеттері. Сондықтан ел халқының 80 пайыздан астамы мұсылман деуімізге әбден болады. Бұл да – тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығының бірі. Өйткені бір ұлт, бір дін, бір мәзһаб – бірлік пен ынтымақтың негізі.

Көршілермен шекара шегенделіп, соғыссыз, тыныштықта, тәуелсіз елде тұрып жатқанымыздың өзі бір ғанибет. Экономикалық, әлеуметтік, денсаулық және тағы басқа салаларда шешілмеген мәселелер бар. Алайда, аспанымыз ашық, ұйқымыз тыныш ғұмыр сүріп жатқанымызға да бір сәт ойланып, шүкірлік етсек, артық емес.

Биыл – Алаш аспанында көк байрағымыздың желбірегеніне 32 жыл. Осы күнді көруді миллиондаған ата-бабаларымыз аңсап өмірден өтіп кеткенін жүрекпен сезіне отырып, егемендіктің қадірін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылдың 25 қазаны ел тарихындағы ерекше дата болғаны сөзсіз. Бұл күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама еді. Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. Сондықтан еліміздің тәуелсіздігі осы күннен бастау алатынына күмән жоқ.

Қазақ халқы ғасырлар бойы тәуелсіз ел болуға ұмтылды. Жүздеген ұлт-азаттық көтерілістер – соның айқын айғағы. Азаттық жолында мыңдаған, тіпті миллиондаған боздақтардың өмірі қиылды. Қуғын-сүргінге ұшырады, түрмеге жабылды, атылып, итжеккенге айдалды. Ұлтшыл ретінде айыпталып, ұрпақтары қуғындалды. Бүтін бір ұлт аштыққа ұшырап, тарих бетінен ізім-ғайым жоғалып кетуге сәл ғана қалды. Сондықтан тәуелсіздікті мерекелеу әрбір қазақстандық үшін ерекше мәнге әрі маңызға ие. Бостандыққа қол жеткізу бір басқа, мемлекеттің тұтастығын сақтай отырып, келер ұрпаққа аманаттап кету бір басқа. Бұл – ұлы миссия. Біз Қазақстанымызды сақтап қана қоймай, оны нығайтып, қайталанбас табысқа жетелеп, гүлдендіруге тиіспіз. Жас ұрпақтың санасына тіліміз мен жеріміздің, ата дініміз мен салт-дәстүріміздің қасиетін сіңдіре білсек, Алаш жұртының түтіні түзу ұшып, бірлігі мен ынтымағы жарасқан іргелі елге айналары хақ.

Кеулімжай ҚҰТТЫ

«Иман» журналы, №10, 2023 жыл