Жұма күні Шыңғырлау ауданы, Ақшат ауылында жөңдеуден өткен ауыл мешіті ауыл тұрғындары үшін өз есігін қайта ашты.

Мешіт – мұсылман қауымының Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш беретін, арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінәжат үйі. Алла Тағалаға иман келтірген мұсылмандар намаз оқып, құлшылық жасайтын қасиетті мекен.

Ауданымызда ислам діні өркендеп игілік пен ізгілікке ұмтылғандар саны күн санап көбейіп, ай сайын толысып келе жатқаны көңіл қуантады. Ауылдық округтердегі мешіттердің санының да артуы рухы берік қоғам қалыптасып келе жатқанының куәсі.

Ауыл тұрғындарының жүректеріндегі иманының күшейгенінің бір көрінісі осы Ақшат ауылындағы мешіттің жөңдеуден өтуі. Оны да жүрегінде иманы бар азаматтар ел игілігіне беріп отыр.

Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев ауыл тұрғындарын осынау қуанышты сәтпен құттықтап, сауабы мол іске үлес қосқан азаматтарға өз алғысын білдірді.

Сонымен қоса елдің көркеюіне, халқымыздың діни және рухани дамуына, жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына үлес қосамын деген ниетті жандардың көмегімен бүгінде Шыңғырлау ауданына қарасты Ащысай және Ақбұлақ ауылдарында мешіт құрылысы жүргізіліп жатырғанын атап өтуге болады.