«Бірлік» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Подстепный ауылдық мешітінде қыз-келіншектерге арналған діни сауат ашу және тәджуид курсы ұйымдастырылды.
Қазан – желтоқсан аралығында ұйымдастырылған курсқа Теректі, Подстепный, Приречный ауылдарының және Орал қаласының тұрғындары қатысып, білім нәрімен сусындады.
Курста «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің теолог маманы Назгүл Данаева тәджуидпен қатар «Фиқһ», «Ақида» сабақтарынан дәріс өткізді.
Курсты қорытындылаған салтанатты шараға Подстепный ауылдық мешітінің бас имамы Ерлан Кенжин қатысып, білім алудың маңыздылығына тоқталды. Содан кейін шәкірттерге курсты тәмамдағанын растайтын сертификаттар мен бағалы сыйлық – Құран кітаптары табысталды.
«Бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аягөз Айтқалиеваның айтуынша, қаңтар айынан бастап сауат ашу курстары жалғасын табады. Шәкірттерді деңгейлеріне қарай топтарға бөліп, ұстаздардың санын көбейту жоспарланған көрінеді.
Камелия ӨТЕУ