КЭШБЭК АЛУ АДАЛ МА?

Қазіргі таңда төлем карталар арқылы зат сатып алса, жұмсалған соманың белгілі бір пайызы клиенттің шотына аударылады. Сондай-ақ белгілі бір дүкендерде төлем жасаған уақытта, карта иесіне белгілі жеңілдіктер беріледі. Бұл – әртүрлі сауда салаларында кездесетін клиент тартудың кең таралған әдісінің бірі. Бұл әдіс экономика тілінде «кэшбэк» деп аталады. «Cashback» сөзі ағылшын тілінде «сash» – нақты ақша, «back» – қайтару дегенді білдіреді.

Карта иесіне шариғатта тыйым салынбаған ерекшеліктерді беруге рұқсат етіледі. Мысалы, карта иесіне қызмет көрсетуде артықшылық беру, әуе компанияларында, қонақүйлерде немесе мейрамханаларда бағаны төмендету секілді жеңілдіктер беріледі. Берілген бонустар клиенттерді ынталандыру болып саналады.

Клиенттің бір затты сатып алу немесе төлемдер төлеу барысында картасына түскен бонустарды қолдануына болады. Алайда төмендегі шарттардың сақталуына мән беру керек:

Біріншісі, төлем карталары шариғат талаптарына сай болуы керек. Кредит карталарын (Credit Card) пайдаланып, ол үшін бонустар алуға болмайды.

Екіншісі, түскен бонус шариғатта тыйым салынған болмауы керек. Мысалы, тыйым салынған жерлерге кіру бонус ретінде берілсе, қолдануға рұқсат етілмейді.

Үшіншісі, бонустың есесіне клиенттен комиссия алынбауы керек.

Төртіншісі, бонус қайтымсыз болуы керек. Егер бонус себепті тауарды қымбат бағамен сатса және клиент бонусқа қол жеткізу мақсатында тауарды сатып алса, құмар болып саналады.

Жоғарыда келтірілген шарттарға сай болса, төлем карталары арқылы түскен бонустарды, жеңілдіктерді қолдануға болады. Ал жоғарыдағы шарттарға сай келмесе, қолдануға болмайды.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

«Иман» журналы, №11, 2023 жыл