Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Қанатқалиұлы облыстық «ТДК-42» телеарнасына бағдарламасына «Ақ неке– екі дүниелік бақытқа жетелейді» тақырыбында сұхбат берді.
Адам баласын өз жұбымен жаратып, ер мен әйелден таратқан Әлемдердің Раббысы – Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын! Ардақты пайғамбарымыз, Алланың ақырғы Елшісі Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с), оның отбасына, ізбасарлары мен қияметке дейін соңынан ерушілерге Алланың игілі мен сәлемі болсын!
Адам баласын өмір көшін жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзбей берекелі қоғам құруы үшін, Алла Тағала үйленіп, отау құруға мұқтаж күйде жаратты.
Осы орайда «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген аталы сөз текке айтылмаған. Мақалдың мағынасы кемді уақыт дайындалып, бір сәттік ұлан-асыр той жасап үйлену оңай болғанымен, отбасыны әрі қарай сақтап қалудың түрлі машақаттар мен сынақтарға толы болатынын меңзейді. Бұл өзара пидагершілік, сабырлылық, шүкіршілік, жауапкершілік, құрмет, кісі ақысына ұқыптылық, мейірім мен қамқорлық сезімдерінің жиынтығымен ғана мүмкін болмақ.
Жарасымды жұптың бақытқа толы ғұмыры ақыретте Жәннат қызығына ұласатынын Алла Тағала Құран Кәрімің «Ясин» сүресінде былайша баян етеді.
«Расында жаннаттықтар ол күні зауқы соққан іспен шұғылданады. Олар да жұбайлары да көлеңкелі жерде жұмсақ төсеніштер жастанады».
Бұл аят некенің тек дүниелік, «Отбасы – ошақ қасындағы» селбестік қана емес, ақыреттік жалғасы бар киелі одақ екендігіне назарымызды аударады.
Бұл дүниеде қызығы мен қиыншылығын бөліскен, ащысы мен тұщысын бірге көрген, өзара сүйеу-демеу болған, жамандығын жасырып, жақсылығын асырып бірін-бірі өрге қарай сүйреген жұбайлардың ақыретте де Тәңір ілтипаты мен Жәннат сыйларын бөлісулері үлкен нығмет емес пе?
Алланың үкімінсіз тіпті бір жапырақ та үзілмейді. Солай болғанда тоғысқан тағдырлар иесі – ерлі-зайыптылар да Алланың тағдыры екендігі күмәнсіз.
Сұхбат барысында бас имам: “Ақ неке – екі дүниелік бақытқа жетелейді” деген тақырып аясында сүбелі сұхбат берді.
Баспасөз қызметі