Қасиетті Құран адам баласы үшін тағылым мен ғибратқа толы. Құранда ертеде өткен қауымдардың оқиғалары, құлшылық, жаза және басқа да мәселелер айтылумен қатар мұсылман әйелдеріне үлгі боларлық нәзік жандылар мәселесіне де тоқталған.
Құранда әйелдерге қатысты аяттар баршылық. Алайда ол аяттарда әйелдердің есімдері аталмаған. Құранда есімі аталған жалғыз әйел – Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың анасы, Имранның қызы Мәриям. Алла Тағала «Тахрим» сүресінде: «Сондай-ақ абыройын сақтаған Имранның қызы Мәриямды да (мысалға келтірді). Біз оған рухымыздан үрледік те, ол Мәриям Раббысының сөздерін және Кітаптарын растап, бойсұнғыштардан болды», – дейді. Мүміндерге үлгі болу үшін Алла Тағала Мәриямды Құранда осылай сипаттаған. Ар-намысын сақтаған Мәриям бинт Имранның есімі қасиетті Құранда 34 рет айтылумен қатар, Мәриям анамыздың есімімен аталатын 98 аяттан тұратын «Мәриям» сүресі де бар. Ендеше, Құранда әйелдердің ішінде Мәриям анамыздың ғана аты аталуының сыры неде?
Біріншіден, бес ұлық пайғамбар қатарына кіретін Исаны (оған Алланың сәлемі болсын) өмірге әкелу үшін Алла Тағала әлем әйелдерінің ішінен Мәриям анамызды таңдады әрі оны барлық күнәдан таза қылды. Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 42-аятында: «(Уа, Пайғамбар! Есіңе ал!) Сонда періштелер былай деп еді: «Уа, Мәриям! Ақиқатында, Алла сені (құлшылығына) таңдады, (күнәлардан) таза қылды әрі сені әлемдердің әйелдерінен үстем етіп таңдады», – дейді.
Екіншіден, Мәриям анамыз Иса (оған Алланың сәлемі болсын) өмірге келмей тұрып та, одан кейін де пәк болған әйел. Алла Тағала «Тахрим» сүресінің 12-аятында: «Сондай-ақ абыройын сақтаған Имранның қызы Мәриямды да (мысалға келтірді). Біз оған рухымыздан үрледік те, ол Мәриям Раббысының сөздерін және Кітаптарын растап, бойсұнғыштардан болды», – дейді. Мәриям анамыз өзін өмір бойы арсыздықтан таза ұстау арқылы осындай биік дәрежеге ие болды. Сондықтан кім Аллаға бойсұнса, Алла Тағала оның дәрежесін көтереді.
Үшіншіден, Мәриям анамыз бен оның ұлы Иса (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаланың құдіретіне дәлел бола алатын ашық белгілер еді. Алла Тағала «Муминун» сүресінің 50-аятында: «Сондай-ақ Біз Мәриямұлы Иса мен анасын да бір белгі қылдық та, ол екеуіне шұрайлы һәм бастауы бар бір төбені пана қылдық», – дейді. Осы аяттың тәпсірінде Ибн Кәсир былай дейді: «Бұл – Алла Тағаланың қалаған нәрсеге құдіреті жететінінің ашық дәлелі. Өйткені Алла Тағала Адамды (оған Алланың сәлемі болсын) әке-шешесіз жаратты. Хауа ананы да ер адамнан әйелсіз жаратты. Ал Иса (оған Алланың сәлемі болсын) әкесіз жаратты. Қалған адамзатты ер мен әйелден жаратты».
Төртіншіден, Мәриям анамыз – бұл дүниедегі және жәннаттағы әйелдердің ең абзалы. Ол жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Осы дүние әйелдерінің ең жақсысы төртеу: Мәриям бинт Имран, Хадиша бинт Хуайлид, Фатима бинт Мұхаммед және перғауынның жары Әсия», – десе, тағы бір хадисте: «Жұмақтағы әйелдердің ең абзалы – Мәриям бинт Имран, Хадиша бинт Хуайлид, Фатима бинт Мұхаммед және перғауынның жары Әсия бинт Музахим», – деген.
Бесіншіден, Мәриям анамыз және оның ұлы Иса (оған Алланың сәлемі болсын) шайтанның нұқуынан аман болған. Шайтан Адамның ұрпағы туғанда оны қолымен нұқиды екен. Мәриям анамыз келер ұрпағына алаңдап, шайтанның жәбірінен оларға пана сұрап, Аллаға дұға қылған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір бала дүниеге келгенде оны шайтан қолымен нұқиды. Тек қана Иса (оған Алланың сәлемі болсын) және оның анасына (туған уақытта) шайтан тиіспеген» – деген.
Алтыншыдан, Алла Тағала Мәриям анамызды муғжизалармен қуаттаған. Зәкәрия (оған Алланың сәлемі болсын) қыс мезгілінде Мәриямның бөлмесіне кірген кезде оның дастарқанынан жазда пісетін жеміс-жидектерді көрген еді. Ол жайында Құранда: «Зәкәрия оның (Мәриямның) қылуетіне кірген сайын қасынан бір ризық (сан алуан жемістер) көрді. Ол: «Уа, Мәриям! Бұл саған қайдан келді?» – деп сұрады. (Мәриям) «Бұл – Алланың дәргейінен. Асылында, Алла қалағанына қисапсыз ризық береді!» – деді. Міне, осы және де біз білмейтін басқа да ерекшеліктері себепті Алла Тағала Құранның бір аятын Мәриям анамыздың есімімен атаған. Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың Құранда Мәриям ұлы Иса деп аталуының өзі – Алланың Мәриям анамызға берген нығметі. Мәриям анамыздың қиссасынан сабырлық, пәктік, мойынсұну, жауапкершіліктің қандай болу керек екенін үйрендік.
Әрбір әйел Алла Тағаланың разылығы мен жәннатқа жету жолында Құран мен хадистерде айтылған салиқалы аналарды үлгі тұтуы керек. Олар қалай өмір сүрді, не істеді? Намысын қалай қорғады? Өйткені әйелдің ең үлкен байлығы – абыройы. Сондықтан қазіргі уақытта да қыздарымызға хадисте айтылған салиқалы аналардың өмір жолын үлгі етіп көрсетуіміз керек. Мәриям анамызға Алла Тағаланың сәлемі болсын әрі Қияметке дейін әлем әйелдеріне үлгі-өнеге етсін!
Медет ҚҰРСАҚОВ,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
«Иман» журналы, №8, 2023 жыл