ТАЛАҚ – АЛЛА СҮЙМЕЙТІН ІС

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Дініміз Ислам – адам баласының өміріндегі барлық мәселелерді қамтыған кәміл дін. Асыл дініміздегі кез келген үкім адам баласын екі дүниелік игілік пен бақытқа жетелейді. Адамзаттың пайдасы үшін баяндалған осындай үкімдердің бірі – некелесу. Алла Тағала адам баласын бір ер, бір әйелден жұп етіп жаратты. Адам баласының ұрпағы некелесу арқылы жалғасады.

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Рум» сүресі, 21-аятында:

وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً ۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَاتٍ لِقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Сендерге Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін үйленіп, көбеюге шақырып, былай деп өсиет айтқан:

النِّكَاحُ مِنْ سُنَّتِي ، فَمَنْ لَمْ يَعْمَلْ بِسُنَّتِي فَلَيْسَ مِنِّي ، وَتَزَوَّجُوا فَإِنِّي مُكَاثِرٌ بِكُمْ الْأُمَمَ ، وَمَنْ كَانَ ذَا طَوْلٍ فَلْيَنْكِحْ ، وَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَعَلَيْهِ بِالصِّيَامِ فَإِنَّ الصَّوْمَ لَهُ وِجَاءٌ

«Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімнен бас тартса, менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімде-кім үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болады» (имам Бұхари).

Отбасы – шағын мемлекет. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың мекені. Зиялы да ізгі қоғам жақсы отбасыдан құралады. «Отан отбасыдан басталады», «Отан  қуат, отбасы – шуақ», «Отбасының сәні  сыйластық, достың сәні – қимастық», деген сөздердің астарында үлкен мән жатса керек. Екі жастың үйленуі үй болуға әкеледі. Үйлену – адамзат ұрпағының көбеюіне, жер бетінде сақталуына әкелетін табиғи құбылыс. Дініміз ислам әйел баласына үйленгеннен кейін ерінің аманатына жатқызады, оған құрметпен қарауды бұйырады.

Ал ажырасудың (талақ) қоғамға тигізер зияны өте көп. Ол тек екі адамның сөзі жараспағаны үшін екі жаққа кету ғана емес, ортадағы ұрпақтың психологиясына, тәрбиесіне, тіпті болашағына зиян тигізу екенін ұмытпау керек. Осындай сәтті пайдаланған шайтан көңілін мұң басып, жарынан ажырасқан жанның жүрегін алдамшы нәрсемен басу үшін алдымен құмар-ойындарға қызықтырып, кейін арақ-шарап сынды неше түрлі масайрататын, ақылынан адастыратын күнәлі амалдарға итермелейді. Мұндай істің ақыры қылмыспен аяқталу қаупі басым болады. Отбасы бұзылып, шаңырағы шайқалған адам осындай арсыз істерге баруы әбден мүмкін. Сондай-ақ отбасының бұзылмауына тек ер кісі ғана емес, бәлкім әйел адамның да, екеуінің бірдей жауапкершілігі тұру керек. Дана халқымыз: «Әйел – ерімен, диқан жерімен» – деп бекер айтпаған.

Қазақ халқының өткен тарихында ажырасу өте сирек кездескен. Ал қазіргі таңдағы статистикаға қарасақ, адам шошырлық. Бұл дініміз бен салт-дәстүріміздің ұмытылып бара жатқаны ма? Бұрынғылар ер балаға «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас», – деп, қыз балаға «Барған жеріңе балдай батып судай сің»«Ерге жаққан әйел, елге жағады», – деп ақыл айтатын еді. Осындай тәрбие көрген ұрпақ үйленген кезде жауапкершілікті сезініп, ажырасуды ар санайтын. Алла Тағала қасиетті Құранда «Ниса» сүресінің 34-аятында былай дейді:

فَإِنْ أَطَعْنَكُمْ فَلاَ تَبْغُواْ عَلَيْهِنَّ سَبِيلاً إِنَّ اللّهَ كَانَ عَلِيًّا كَبِيرًا

«Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы». Бұл аят адам баласын ажырасуға алып баратын асығыс шешімдерден қайтарады. Ажырасудың алдын алу керектігін еске салады. Ажырасуға бірден-бір себеп ол – адамның себепсіз сылтау іздеуінде.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

أَبْغَضُ الْحَلاَلِ إِلَى اللَّهِ الطَّلاَقُ

«Алла адал еткен істің ішіндегі ең ұнамсызы – ажырасу», – деген (имам Насаи).

Келесі бір хадисінде: «Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз еріне өзін талақ етуді сұрайтын болса, онда оған жәннаттың иісі харам болады», – деп қатаң ескерткен (имам Әбу Дәуіт). Осы мәселеге қатысты ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы ибн Абидин: «Ажырасу (Талақ) негізінен – харам іс. Бірақ оны мүбах ететін жағдайлар мен шарттар туындайтын болса ғана адал бола алады. Сол себепті некелік нығметтен орынсыз бас тартудың еш негізі жоқ. Жайдан-жай ажырасу – парасатты адамның ісі емес әрі ол Алла Тағаланың берген ырыс-несібесін аяқ асты ету. Сондай-ақ ажырасуы отбасы мен бала-шағасына азап шектіруден басқа еш нәрсе емес», – деген.

Мұсылман талақ үкімін жанұяны бұзу үшін емес, қайта жанұяның беріктігі үшін қолданады. Мұсылман құқығында «талақ» ету құқығы ер адамға берілуінің себебі, ер кісінің әйел психологиясынан ерекше салмақтылығы мен шешім қабылдауда байсалдылығы негізге алынған. Сондай-ақ, Ислам діні келгенге дейін әйелдерді қалаған кезде талақ етіп, қалаған уақытта қайта алатын болған. Отау құруды ойыншыққа айналдырған осы әрекетке Хақ дін тыйым салу мақсатында үш талақпен қасиетті Құранның «Бақара сүресінің, 229-230 аяттарында» шектеген. Аятта: 

ٱلطَّلَـٰقُ مَرَّتَانِ ……… فَإِن طَلَّقَهَا فَلَا تَحِلُّ لَهُۥ مِنۢ بَعْدُ حَتَّىٰ تَنكِحَ زَوْجًا غَيْرَهُۥ

«Талақ екі рет…»«Егер ер әйелін үшінші мәрте талақ етсе, бұдан кейін оған, ол басқа ерге тимейінше халал болмайды» – делінген.

Ажырасудың негізгі себебі – осы ажырасу факторын болдыртпау. Қарым-қатынасты осы шарықтау шегіне дейін алып келмеу. Себебі ажырасу – отбасының ойрандалуы, ал арада бала болса тағдырдың бұзылуы деген сөз.  Ажырасуды болдыртпау үшін ең бірінші, оның орын алу себептерін анықтау керек. Шын мәнінде – себеп өте көп. Әркімнің жеке тағдыры бар, проблемалары әртүрлі. Дегенмен қазіргі қоғамда ажырасудың мынадай себептері мыналар:

  • Тұрмыстық зомбылық;
  • Ер не әйелдің ішімдікке салынуы;
  • Ер не әйелдің есірткіге салынуы;
  • Күйеуі не әйелі жұмыссыз;
  • Жұбайлардың өмірге деген көзқарастары сәйкес келмеуі;
  • Күйеуі не әйелі некеге дейін бірін-бірі ұнатпаған, некеден кейін де ұната алмаған;
  • Көзге шөп салу;
  • Материалдық қиындықтар;
  • Ерлердің әйелге тиісті ақысын бермеуі;
  • Бедеулік.

Бұл аталғандар ажырасудың негізгі себептері. Сонымен қатар, біздің ортада ажырасудың себептерін ата-енемен тұру мен күйеу жақтың туған-туысқандары арасындағы қарым-қатынастар шиеленісімен т.б. мәселелермен байланыстыруға да болады.

Бүгінде қазақ отбасыларында келіннің  ата-енесімен бірге тұруы қалыпты жағдайға айналғанын көреміз. Алайда баласын аялап өсірген ананың келініне күн көрсетпейтіні сияқты шиеленісті жағдайлар да орын алып отыр. Ері ата-анасымен тұрған соң міндетті түрде арада түсініспеушілік, ұрыс-керіс болады. Кейбір ата-енелер екі жастың арасына түсіп те жатады. Немесе керісінше әйел күйеуіне таңдау жаса деп тікесінен шарт (ултьиматум) қояды. Бұл – Қазақстандағы ажырасудың бірден-бір кеңінен таралған себебі. Егер жоғарыда аталған ажырасудың себептерін ақыл көзімен саралайтын болсақ, күллі проблеманың шешімі имандылық тақырыбында екенін байқарымыз ақиқат. Олай болса, біздердің бүгінгі қоғамдағы отбасын құрған жастар әрбір сәттерін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірімен сәйкестендіруге тырысса, сондай-ақ салт-дәстүрімізді назарға алса, салиқалы ұрпақ өсіретін бақытты отбасыларға айналары сөзсіз.

Мысалы, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің жұбайларымен өте көркем, таза, бақытты ғұмыр кешті. Оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасындағы әрбір ісінде, сөзінде, көркем мінезінде Раббысы бұйырғандай:  

وَعَاشِرُوهُنَّ  بِالْمَعْرُوفِ

«Жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деген аятқа байланған болатын («Ниса» сүресі, 19-аят).

Осы орайда жұбайлармен жақсы қарым-қатынаста болудың бірнеше жолына тоқтала кетейік.                                                                                                                       

Біріншіден, әйелмен жақсы мәміледе болу

Ер кісі әр күні жұбайымен бірге отырып, мейірімділікпен әңгімелесуді тұрақты ісіне айналдыруы керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзатқа жанұямен қандай қарым-қатынаста болу керек екендігі жайында сөзімен, іс-әрекетімен үлгі-өнеге көрсетіп кеткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдеріне ерекше құрмет көрсете білген адам. Өзінің мүбәрак хадисінде:

خَيْرُكُمْ خَيْرُكُمْ لِأَهْلِهِ وَأَنَا خَيْرُكُمْ لِأَهْلِي

«Сендердің жақсыларың жанұяларына жақсы болғаны, мен сендердің ішінде жанұясына ең жақсы қарайтын адаммын», – деген.

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты сен сәлемі болсын) Абдулла ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисінде:

كانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ اِذَا صَلَّى الصُبْحَ جَلَسَ فِي مُصَلَّاه وَ جَلَسَ النَّاسُ حَوْلَهُ حَتَّى تَطْلَعَ الشَّمْسُ ثُمَّ يَدْخُلُ عَلَى نِسَائِهِ اِمْرَأَةً اِمْرَأَةً يُسَلِّمُ عَلَيْهِنَّ وَ يَدْعُو لَهُنَّ فَإِذَا كَانَ يَوْمُ إِحْدَاهُنَّ كَان

       عِنْدَهَا

«Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таң намазын атқарып болған соң айналасындағы адамдармен бірге күн ұясынан көтерілгенге дейін отырып, кейін жұбайларына бір-бірлеп кіріп, оларға сәлем беріп, олар үшін дұға жасайтын. Егер кезекте бірінің күні болса, сол үйде кідіретін», – делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым әйеліне жылы шырай танытып, мейірім көзімен қарайтын, әр кез әзілдеп, есімдерін еркелетіп атайтын. Айша анамызға «уа, Айш» кей кезде «Хумайра» деп, кейде әкесінің құрметін паш ету мақсатында «Уа, Сыддықтың қызы!» – деп, еркелететін.

Екіншіден, тұрмыс қамында әйелге жәрдемдесу

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым әйелдерімен араласып, оларға барлық істерінде жәрдемдесетін. Сахаба Асуадтан жеткен хабарда Айша анамыздан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйде не істейтіні жайында сұрадым дегенде:

كَانَ يَكُونُ فِي مِهْنَةِ أَهْلِهِ، فَإِذَا حَضَرَتْ الصَّلاةُ يَتَوَضأُ وَيَخْرُجُ إِلَى الصَّلاَةِ

«Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйдің қызметінде болатын, егер намаз уақыты кірсе, дәрет алып, намазға шығатын», – деп жауап берді. Басқа бір хадисте Айша анамыз (Алла оған разы болсын):

كَانَ يُخِيطُ ثَوْبَهُ ويَخْصِفُ نَعْلَهُ وَيَعْمَلُ مَا يَعْمَلُ الرِّجالُ في بُيُوتِهِمْ

«Ол өз киімін өзі жамайтын, аяқ-киімін жөндейтін, үйде ер адамға тиісті істі жасайтын», – деген. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздерге ер адамның жұбайының алдындағы міндеттерін осылай баян еткен.

Үшіншіден, отбасылық ақыларды толық орындау

Халқымызда «Екі жақсы қосылса, бірін-бірі сыйлайды, екі жаман қосылса, отбасына сыймайды», – деп айтқанындай, шаңырақтың берекесі шайқалмас үшін ер мен әйелдің екеуінен де бір-біріне деген сыйластық, өздеріне жүктелген міндеттерді орындау, отбасын аманат деп білу деген сипаттар талап етіледі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 228-аятында:

وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ

«Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақылары бар», – деп айтқан.

Сондықтан ер кісі әйелді аманат деп біліп, тиісті ақыларын өтеуі тиіс. Сол сияқты әйел кісілердің де ер кісілерден талап ететін ақылары бар. Мысалы, әйел кісіні бағып-қағу, ұрмау (зиян тигізбеу, қорғау) және ерлі-зайыптылардың арасында болатын Алла рұқсат еткен істі орындау ер кісінің міндеті.

Демек, отбасылық өмір екі жақтан да бірдей үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне назар салсақ ер адамға әйеліне құрмет көрсетіп, жақсы қарауды бұйырса, әйел адамға да еріне бағынуды, сыйлап құрметтеуді әмір еткен. Мысалы, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ер адамдарға:

خِيَارُكُمْ خِيَارُكُمْ لِنِسائِهِمْ

«Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандырың», – десе (имам Тирмизи), әйел адамдарға қатысты:

  إِذَا صَلَّتْ الْمَرْأَةُ خَمْسَهَا وَصَامَتْ شَهْرَهَا وَحَفِظَتْ فَرْجَهَا وَأَطَاعَتْ زَوْجَهَا قِيلَ لَهَا ادْخُلِي الْجَنَّةَ مِنْ أَيِّ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ شِئْتِ

«Әйел адам бес уақытын намазын оқыса, рамазан айының оразасын ұстап, ар-намысына ие болып және күйеуіне бағынатын болса, оған (ақыретте): «жәннаттың қалаған есігінен кір», – деп айтылады», ­– деген (имам Ахмад).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларының хақысын толық атқарып беретін. Яғни, рухани және тәндік қажеттіліктерінің күллісін қанағаттандырып отыратын. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте: «Расында Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі құлшылығын атқарып болса, егер мен ояу болсам менімен әңгімелесетін. Ал, егер ұйқыда болсам таң намазының азанына дейін Ол да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұйқыға жататын», – делінген.              

Имам Науауи (Алла оны рақымына алсын): «Бұл сүннетке назар салсақ, әрбір адамға үйіне келген кезінде ең алдымен отбасымен сәлемдесіп, жағдайларын білуі ұнамды іс болып қала бермек. Бірақ өзін үстем ұстайтын білімсіз көпшілік бұл істі орындауға тәкәппарлық танытады», – дейді.

Енді өзімізге қарайықшы! Біздердің әрбір таңдарымыз қалай, қандай сөздермен басталуда?! Кейде әйелдеріміз белгілі бір қажеттіліктерін айта алмай, ұялып қысылып тұрады. Қашан олардан жағдайларын сұраған кезде барып, өз іштеріне ұстаған қажеттіліктерімен бөліседі. Міне, осындай сұралмаған қажеттіліктер жинала берсе, бір күні үлкен дауға ұласары сөзсіз.

Төртіншіден, әйеліңе арқашан жылы шырай танытып отырусәті келсе, қалжыңдасу 

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінен шығардан алдын өзінің жұбайының бетінен сүйетін. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларының бірнешеуін (маңдайынан) сүйіп, сосын намазға шығатын, дәретін жаңаламайтын еді…», – делінген.

Сонымен қатар, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерімен көптеген көркем қарым-қатынастарын мысалға келтіруге болады. Мәселен, арадағы сүйіспеншілікті арттыру мақсатында жұбайының ішкен ыдысының оның ерні тиген жерден су ішуі, әйелі тісін тазалаған мисуакпен өзінің тісін тазалауы, жұбайының тізесіне басын қойып жатуы, бір ыдыспен бірге отырып ғұсылдануы, әйелінің есімін түрлендіріп, әдемілеуі, қонаққа кей кездері жұбайын ертіп баруы, жақсылықты өсиеттеуі, жұбайларымен әрбір сәттегі қарым-қатынасын өте көркем мәміледе жасауы. Міне, күллі ғаламға рақым етіліп жіберілген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз мойнындағы үлкен жауапкершілікті атқара жүріп, жұбайларымен мәміле жасауда уақыт таба білуі біздерге үлкен өнеге. Егер бүгінгі біздердің жасап жүрген қандай жұмыс болмасын істерімізді Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) істерінен көп болды десек, өтірік айтқан боламыз. Сөйте тұра, әйелдерімізбен қарым-қатынасымызды дұрыстай алмай, ажырасуға дейін барып жүрміз. Бұл біздің осалдығымыздан.

Иә, Жалпы адамдар арасында келіспеушіліктердің туындап отыруы – заңды құбылыс. «Егер Раббың қалағанда, адам баласын бір үммет етіп жаратқан болар еді», – деген Алла Тағала, адамзаттың әуел бастан-ақ бірдей түсінікте болмайтындығын тағдырына жазған. Міне, осындай түрлі түсінікке ие болушылық кей кездері Алланың құлдарының, тіпті соның ішінде ерлі-зайыптылардың да ара жігінің бұзылуына апарып соғатын негізгі себептердің бірі болса керек. Демек, ажырасу да – заңды құбылыс. Сондықтан болар, Ислам ерлі-зайыптыларға ажырасуға рұқсат берген. Бірақ «Талақ – Алла Тағала сүймейтін (ұнатпайтын) халал іс», – деген. Сондықтан осы қағидатты да естен шығармағанымыз жөн. Алла Тағала Құранда талаққа үш рет қана жол берілетіндігін айтады. Бұдан біз мынадай нәтиже түйеміз:

Ислам ажырасуға үзілді-кесілді тыйым салмаған және де бұл «есікті» айқара ашпаған. Сөзіміз дәйексіз қалмауы үшін, бұған байланысты Құраннан бір-екі аят келтіре кетсек:

وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ ۚ فَإِن كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسَىٰ أَن تَكْرَهُوا شَيْئًا وَيَجْعَلَ اللَّهُ فِيهِ خَيْرًا كَثِيرًا

«Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар, (ұмытпаңдар) Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» («Ниса» сүресі, 19-аят), – деп, Алла Тағала шаңырақ құрғандарды үстірттіктен тыйып, ойлануға шақырып отыр.

Құрметті жамағат!

Әрине, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, сол үшін халқымыз «үйлену оңай, үй болу қиын» деген. Сондықтан отбасында қандай бір жағдаймен келіспеушілік орын алған жағдайда ерлі-зайыптылар бір-бірінің мінезіне сабыр етіп, орын алған келеңсіз оқиғаны ақылмен шешсе, соңы да қайырлы болмақ. Даналардың сөзіне зер салып қарайтын болсақ, некені нәзік жіпке ұқсатады. Нәзік жіпті екі тарапынан тартса, үзіліп кетері анық, оның бірінші жағын тартқанда, екінші жағын босатып отырса, қандай нәзік жіп болсын, оның үзілмейтіндігі ақиқат. Сол сияқты бірі ашуланғанда, екіншісі тоқтай білсе, оңай шешіледі, ал түсінісе алмаса, соңы жақсылықпен аяқталмайды. Екі дүние сардары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп өсиет етеді:

 لَا يَفْرَكْ مُؤْمِنٌ مُؤْمِنَةً إِنْ كَرِهَ مِنْهَا خُلُقًا رَضِيَ مِنْهَا آخَرَ

«Мүмин ер адам еш уақытта мүмин әйелді жек көруші болмасын. Егер қандай да бір мүмин әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар», – деген (имам Мүслим).

Қорыта айтқанда, отбасын сақтап қалу ерге де, әйелге де қатысты. Сондықтан бір-бірін сыйлап құрметтесе, бір-біріне деген адалдығы болса, шынайы жанашырлық танытып, бақытты өмір сүру үшін әркім өзінің үлесін қосса, адалдық туын ұран қылса, олардан бақытты отбасы болмас еді. Алла Құранда:

هُنَّ لِبَاسٌ لَّكُمْ وَأَنتُمْ لِبَاسٌ لَّهُنَّ

«Олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер», – деді.

Ендеше, бақытты отбасы болу үшін бір-біріне киім сияқты жылулық, әдемілік бере білу керек, міне сол кезде бақыттың дәмін татады. Ханафи мәзһабының белгілі ғалымы Ибн Абидин (Алла оны рақымына алсын): «Біз үшін Адам ата заманынан осы заманға дейін шариғат етіп қойылған, кейін жәннатта да жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ», – дейді. 

Алла Тағала отбасыларымызға амандық, әр шаңыраққа береке мен бақыт нәсіп етсін!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі