Өз-өзіне қол салу, немесе суицид (лат.тілінен sui – өзін + caedere – өлтіру) адамның жан-дүниесінің тоқырауынан, күйзелісінен болатын, адамның өзіне, өз болмысына жасайтын қатыгездігімен сипатталатын дерт.
Қазір белең алып кеткен мұндай қатыгездікке рухани әлсіз, психикасы тұрақсыз адамдар ұрынады.
Алла Тағала былай дейді: «…Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30).
Тіршіліктің қиындықтары мен көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салу Жаратушымыздың қаһарына ұшыратады.
Ақыретте үлкен азапқа душар етеді. Дүниеден қалай кетсе, ақыретте сол кейпінде жазаланатын болады. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім таудан құлап, өзін-өзі өлтірсе, ол жәһәннам отында мәңгі-бақилыққа құлайды. Кімде-кім у ішіп, өзін-өзі өлтірсе, жәһәннам отында мәңгі-бақи сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім өзін-өзі темірмен өлтірсе, жәһәннам отында сол темірді қолына ұстап өзін-өзі мәңгі-бақи ұрғыштап тұрады». (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).
Адамның өмірі қандай қиын болмасын, басына қандай қиындық түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды.
Өйткені адамның жаны, тәні, өмірі – Жаратушы тарапынан берілген аманат. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім, егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар.
Бәлкім, егер жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар». (Нәсәи риуаят еткен).
Мамандар өз-өзіне қол салу оқиғаларының жиілеуіне қазіргі таңда әлеуметтiк жағдай, отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жетіспеуі, моральдық және физикалық зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, жоғары сынып оқушыларының төменгi сынып балаларының намысына тиюі сияқты жағдайларды басты себепке алады.
Ал, егер адам діни, рухани сауатты жан болса, бұл аталғандар өлімге еш себеп емес, пәни дүниеде әр адамға кезігетін кәдімгі жағдайлар ретінде қарар еді. Кейде жасөспірімдер де ішкі күйзелісін айтып бөлісетін адам таппай, жанын жегідей жеген дерті өлімге алып баруы мүмкін. Мұндай балалар мен жасөспірімдер сырын тыңдап, қолдау көрсететін кісі көмегіне зәру.
Бұл ауыр дерттің емі – рухани тәрбиеде.
Суицид жасаудың ауыр күнә екенін ескертіп, қасиетті Құранымызда келген аяттарды баяндаумен қатар, қоғам, отбасы, мектеп қабырғасы, ұжымда рухани ортаға, имандылыққа басымдылық беріліп, ар-ождан мәселесі әр адамның алғы мақсаты ретінде қарастырылуы керек. Бұл жеке адамның, немесе ата-ананың ғана жауапкершілігі емес.
Имансыз жалаң берілген білім мен тәрбие ақсақ. Барлық істің бастауын бір Аллаға сыйынып, «бісмілләмен» бастауды үйретіп, ұят пен обалды бойымызға сіңіре отырып тәрбиелеуді, білім беруді негізге алсақ, әрқайсымыз екі дүниемізді тең ұстап, әрі жүрген ортамызда осылай үндеп жүрсек, иманға шақырсақ, ортамыз өзгере түседі.
Балалар мен жасөспірімдерден бөлек, отбасылы, бала-шағасы бар жандар да күйзеліске түскенде тығырықтан қалай шығарын білмей дал болып, ауыр қадамға барып жатады.
Өйткені бүгінгі күнде өмірді қатыгездік пен әділетсіздікке ғана толы деп, немесе материалдық құндылықтарды рухани құндылықтардан артық деп есептейтін, басты мақсат-мұраттары тек пәни дүниедегі қызығушылықтары болып табылатын отбасылар жоқ емес.
Ал имандылық, рухани байлық адамды үнемі бір қалыпта ұстап, сабырдың дәмін сездіріп, өз-өзіне қол салуға деген ауыр қадамнан, ойдан сақтайды. Сондықтан да бұл дерттің емі – иман дейміз.
Имам Заһаби: «Ей, адам баласы! Өмірдің сынақ екенін біле тұра, қалайша жолым байланды, жұмысым жүрмей жатыр дейсің? Жаратқанның пенде маңдайына жазған әрбір ісінде бір сыр, бір пайда бар екенін біле тұра, сынақтан қалайша қашпақсың? Ақырет жолы ұзақ та қиын екенін біле тұра, өз қолыңмен сауап қоржынына салатын азығыңды неге кемітесің? …», -деп насихат айтқан.
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Біз Алла елшісімен (с.ғ.с.) Хунайн шайқасында бірге болдық. Пайғамбар (с.ғ.с.) мұсылман саналатын бір кісіні: ол тозақтықтар қатарында, деп айтты. Біз шайқасқа кіргенде әлгі кісінің жаумен өте қатты шайқасқандығына куә болдық. Ол ауыр жарақат алды. Адамдардың бірі «Уа, Алла елшісі! Сіз «ол тозақтықтар қатарынан» деген кісі бүгін қатты шайқасып, қайтыс болды» деді. Пайғамбар (с.ғ.с.) «ол тозақта» деді. Мұны естіген кейбір мұсылмандар шүбәлана бастады. Осы кезде біреу «ол өлмеген екен, алайда жарақаты ауыр» деп айтты. Түн болғанда әлгі кісі жарақатының ауырлығына төзе алмай, өзін-өзі өлтіріп қойды…» деп баяндайды.
Ол заманда жарақат секілді қатты ауруды басатын дәрі-дәрмек мүлде болмаған.
Бүгінгідей ауруын сездірмейтін дәрі екпей, жарақат ауруына төзімділік танытуды көзге елестету мүмкін емес.
Алайда, осындай ауыр жағдайда да кісі үлкен шыдамдылық танытуын пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қатаң ескертті. Бұл адам өмірінің аса қымбат екендігін аңғартады. Бұл хадис қандай жағдайда болмасын адам баласы өз жанына қастық жасамауы керектігін үйретеді. Ешбір себеп өзіне қол жұмсаған адамды ақтай алмайды. Мұсылман қандай қиыншылық болса да белін бүкпей, қасқайып қарсы алады, сансыз сынақ сенімі берік жанның сағын сындыра алмайды.
Керісінше шыңдай түседі. Әр қиындықтың артында жеңілдігі болатынына кәміл сенімде болады.
Адам өмірінен құнды дүние жоқ. Біз Алланың ең көркем де, кемел бейнедегі жаратылысымыз. Әрі Раббымыз біздің ешқайысымызды да бақытсыз болсын деп жаратпады.
Жаратушымыз тұрғанда, жаратылғандарға мұқтаж боп, өз қолымызды өзіміз кесіп, өз жолымызды өзіміз байлап, жамандыққа бет бұрғанша, барлық нығметке қол жеткізуге мүмкіндік беріп қойған Жаратушымызды тануға, иманға бет бұрайық.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша
баспасөз хатшысы,
дінтанушы Нұрлан Саматұлы