Бүгін қасиетті жұма күні Атырау қаласына қарасты Ақжар ауылында 500 орындық мешіт пайдалануға берілді.
«Ар-Рахман» деп аталатын Алла үйінің ашылу салтанатына Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бастаған өңір имамдары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
«Мешіт – имандылықтың, тәрбиенің ошағы. Алланың мейірімділік сипатының атауын иеленген бұл мешіттің халықтың игілігі үшін қызмет жасайтын құтты орын боларына сенеміз. Бүгінгі таңда кәсіпкерлерімізге мешіт салумен бірге, жалпы білім беретін мектептер салу туралы да ұсыныстар айтып келеміз. Осы ретте мешіт жанашыры болып жүрген кәсіпкерлердің қолдауымен Атырауда «Алаш» мектебі ашылды. Қыздарға арналған зайырлы мектеп салынуда. Мешіттер жастарды әрі рухани, әрі зайырлы білім алуға үндейді. Жастар арасынан шыққан ғалымдар, білікті мамандар еліміздің болашағын жасаушылар. Сондықтан, мешіттер ағарту саласындағы барлық ізгі бастамаларды қолдайтын рухани орда ретінде қызмет етуде», – деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.