СЫР ЖАСТАРЫ СИРАДАН САЙЫСҚА ТҮСТІ

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, қалалық «Ыбрайым молда» мешіті, Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен қалалық «Расында, Сен ұлы мінезге иесің» атты білім сайысы өтті.

Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір тарихынан өткен жарысқа қала мешіттерінің жас жамағатынан жасақталған 15 топ қатысты.

Бірінші кезең – тестілеу, екінші кезең – билет сұрақтарына ауызша жауап беруден тұратын сайысқа Қызылорда қаласының бас имамы Берік Мәдиұлы қатысып, “Ақмешіт-Сырдария” мешітінің наиб имамы Қайырбек Тоқтықбайұлы, “Айтбай” мешітінің наиб имамы Асқар Жұбанов, “Нұр” мешітінің наиб имамы Әкімжан Нұрланұлы төрелік етті.

Нәтижесінде “Қарауылтөбе”, “Нұр”, “Әл-Уали” топтары жүлделі І, ІІ, ІІІ-орындарды қанжығаларына байлады.

Жүлдегерлер мен қалған қатысушы командалардың барлығына бағалы сыйлықтар табысталды.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі