Алла Тағала «Тин» сүресінің 4-аятында:
«Шын мәнінде, Біз адамды ең көркем бейнеде жараттық», – дейді. Расымен де, жаратылыстардың ішіндегі ең көркемі, ең саналысы адам екені сөзсіз. Бүкіл ағзамыз мінсіз үйлесімділікпен жаратылған. Бұл әлемдегі әр адамның өзіне ғана тән сұлулығы, ешкіммен салыстыруға келмейтін артықшылығы бар. Түрлі эмоцияны сезініп, ойлана алу қабылеттерімен ерекшеленген адам баласына таңдау құқығын беріп, дәрежемізді көтерген Алла Тағала неткен ұлық.
Құлдарын көркем бейнеде жаратқан Жаратушымыз бізге темірқазық етіп, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)арқылы асыл дініміз Исламды жіберді. Ол арқылы бұ дүние мен о дүниеде бақытқа кенелген құлдардың қатарынан болу қағидаларын үйретті. Өйткені, біздің бақытқа кенелу жолдарымыздың қандай екенін тек бізді жоқтан бар қылып жаратқан Алла ғана білері хақ.
Ислам – жан мен тән тазалығына шақыратын тазалықты дәріптеуші дін. Ислам – ізгілік пен адамгершілікке үйрететін ұстаз. Ислам – адам баласын үлкен қуаныш пен үзілмейтін бақытқа жеткізетін бағдар.
«Хашр» сүресінің 23-аятында Алла Тағала:
«Ол сондай Алла, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол патша, өте пәк, есендік беруші», – деген. Ия, дініміз Алланы бірлеуді, одан басқа ешкімге иман келтірмеуді, оның алдындағы барлық парыздарды орындауды, әрі күмәнсіз мойынсынуды талап етеді. Әйткенмен,бұл дегеніміз тек қана имандылық пен бес парызбен ғана шектеліп қалу деген сөз емес. Ислам адамның бүкіл сферасын қамтитын жақсы мінез-құлыққа, сыйлы қарым-қатынасқа, мәнді де мағыналы өмірге шақыратын дін. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен ізгі ахлақтарды толықтыру үшін жіберілдім»,- деуі арқылы дінімізде жан дүниемізді ізгі қасиеттерге толтырудың маңыздылығын көрсеткендей. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммадтың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қандай көркем мінез иесі, адамзаттың ардақтысы болғаны баршамызға аян деп білемін.
Жоғарыда атап өткенімдей, таңдау құқығы берілген жаратылыс тек қана адам баласы екені мәлім. «Аллаға иман еттім, шүкір мұсылманмын»,-деп тілмен ғана айтып, бірақ жүректегі тазалыққа, мінез-құлыққа, жүріс-тұрысқа мән бермей жүру ол – таңдау. Тілмен иман етіп қана қоймай, мүмкіндігі жеткенше, Құран мен сүннетке амал етіп, рухани тыныштыққа, ізгілікке ұмтылу ол – таңдау. Қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында кемшілік атаулыдан пәк Жаратушымыз:
«Алла бір қауымды қашан олар өз-өздерін өзгертпейінше, өзгертпейді»,- дейді. Яғни, Алла жаратқан көркем бейнемізді одан әрі көркейту әрқайсымыздың жасаған таңдауымызға, одан кейін ерік-жігер, күш-қайратымызға байланысты екенін ескеруіміз қажет.
Ия, жан дүниемізді гүлдендіріп, көркейту үлкен тер төгуді талап ететіні сөзсіз. Бірақ , өз-өзімізді ізгілікке тәрбиелеу арқылы біз тек қана өзімізді жақсартып қана қоймай, отбасымыздың, туыстарымыздың, ортамыздың және бүкіл қоғамның жақсаруына үлес қосып жатқанымызды көбіміз ескере бермеуіміз мүмкін.
Жалпы айтсақ, қоғам деп адамдар арасындағы байланысты, қарым-қатынасты, бір-біріне ықпал етуді айтуға болады. Бұл қоғамның кірпіштері болып қаланып жатырған мына біз, сіз және өскелең ұрпақ. Кез келген қоғамның бір мүшесі өзгеріске ұшыраса, міндетті түрде бұл өзгеріс қоғамның басқа мүшесіне әсер етері сөзсіз. Орын алып жатырған өзгеріске байланысты қоғам я гүлденіп дами бастайды, яки құлдырай түседі.
Қазіргі қоғамда әр адамның жеке тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі түсініктер қалыптасып жатқаны баршамызға аян. Және бұл қоғамнан өз ұрпағымызды бөліп алып кете алмайтынымыз да анық. Бірақ әрқайсымыз бойымызда имандылық, адамгершілік пен жақсы қасиеттерді арттырып, ортамызда ізгіліктің үлгісі болып жүрсек, ізгі қоғамның мүшесі болуға мүмкіндігіміз көп болар ма еді?
Шақаев Бағдат Русланұлы, “Ар-Рахман” мешітінің ұстазы