Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мекке қаласында Қажылық миссиясы жанынан ашылған алғашқы медициналық көмек көрсету орталығының ашылуында: «Қажылардың денсаулығын қадағалау, оларға дер кезінде дәрігерлік көмек көрсету – Қажылық миссиясының негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Сондықтан бұл саладағы жұмыстарды тиянақты түрде жауапкершілікпен орындауымыз керек. Осы ретте қажылар арасында түсіндіру іс-шараларын жүргізу аса маңызды. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды іздеуге көмектесуіміз керек» деп атап өткен болатын.
Осыған орай медициналық орталық Мекке мен Мәдина қалаларында тәулік бойы жұмыс істеді. Миссия құрамымен қасиетті мекенге келген жоғары дәрежелі медицина мамандары қажылар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізумен қатар түрлі деңгейде алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қажылық миссиясы жанындағы дәрігерлер тобының жетекшісі Нұрлан Сейітов 1300-ден астам қажыға алғашқы медициналық көмек көрсетілгенін атап өтті. Оның айтуынша, қажылардың басым бөлігі жөтел, қан қысымының көтерілуі бойынша шағымданған.
Айта кетсек, қазақстандық қажылар үшін елден арнайы отандық дәрі-дәрмектер жеткізілген болатын.