ҚАНАҒАТ – ҚАРЫН ТОЙҒЫЗАР

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

«Қанағат» сөзі тілдік тұрғыда «өзіңе тиген үлеске разы болу» деген мағынаны білдіреді. Шариғи термин ретінде «қанағат» деп – адамның өзінде барына шүкірлік етіп, өзгенің мал-мүлкіне көз сүзбеу, тойымсыз әрі ашкөз болмауды айтамыз.

Қанағат – дүние және ақырет бақытының кілті. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 97-аятында:

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Кімде-кім ер не әйел болсын мүмин ретінде (салиқалы) игі іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз», – деп айтқан.

Аталмыш аяттағы: «жақсы тіршілікте жасатамыз» дегенді тәпсірші ғалымдарымыз: «ол адамның жүрегіне қанағат беріледі», – деп түсіндірген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

قَدْ أَفْلَحَ مَنْ أَسْلَمَ وَرُزِقَ كَفَافًا وَقَنَّعَهُ اللَّهُ بِمَا آتَاهُ

«Кім мұсылман болып, ризығы жетер-жетпес болса да, Алланың бергеніне қанағат тұтса, ол сөзсіз бақытқа кенеледі», – деп қанағат етудің артықшылығын айтқан (имам Мүслим).

Әдетте қанағатшыл адамның жүрегі тыныш, көңілі тоқ болады. Өйткені ол өзінде барды бағалай біліп, өзінде жоқ болған дүние үшін ешуақыт күйінбейді. Қазақ халқындағы: «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар», «Қанағат қылсаң, қарның тоқ» деген сөздердің де мағынасы осындай. Хакім Абай да қанағат етуді «бес асыл іс»-тің бірі ретінде сипаттап:

Талап еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз, – деп жазған.

Адам баласы әркез нәпсісін есепке алып, ниетін түзетіп, жаман қалауларымен күресіп отырмаса, рухани құлазып, түрлі жүрек дерттеріне шалдығуы өте оңай. Асыл дінімізде жақсы сипаттарды қалыптастыруымыз үшін немесе қандай да бір жаман сипаттан арылуымыз үшін қажетті болған бүкіл амалдар баяндалған. Ал енді ашкөздіктен сақтанып, жүрегімізде қанағат орнауы үшін мынадай амалдарға ден қоюымыз қажет:

Бірінші: Өзінде барға шүкірлік ету

Шүкірлік – Алла Тағаланың берген нығметтерінің құлының бойында мадақ сөздері мен мойындауы арқылы тілінен, куәлік етуі мен махаббаты арқылы жүрегінен, бағыну мен бойұсыну арқылы денесінен көрініс табуы.

Пенде барға қанағат етіп, Жаратушысына шүкір ететін болса, оған берілетін нығметтер одан әрі арта түседі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ибраһим» сүресі, 7-аятында:

لَئِنْ شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِنْ كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ  

«Егер (берген нығметтеріме) шүкір етсеңдер, әлбетте сендерге (нығметтерімді) арттыра беремін. Ал егер қарсылық жасасаңдар (шүкіршілік етпесеңдер), әлбетте азабым өте қатты», – деп айтқан. 

Ал барына шүкір етпей, өзіндегіні азырқанып, өзгенің қолындағыға қызығу адам бойында түрлі жүрек дерттерінің пайда болуына, сонымен қатар қолындағы бардан айырылуына алып келеді. Ыбырай Алтынсарин бабамыз: «Аз жұмысты қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боласың. Азға қанағат қылмасаң – көптен құр қаласың», – дейді.

Мәшһүр Жүсіп бабамыз:

Не пайда күш жоқ болса, нарлығыңнан,

Пайда жоқ, кең болмасаң, тарлығыңнан.

Көрінбеген нәрсені аламын деп,

Айырылма қолыңдағы барлығыңнан – деп өсиет айтқан екен.

Кейбір даналардан: «Байлық деген не?» – деп сұрағанда, олар: «Аз арманың, қолда барына ризашылығың», – деп жауап берген екен.

Уаһб ибн Мунаббиһ әл-Йамани: «Дүниесі бар болса да ашкөз адам –кедей, аш болса да қанағатшыл адам – бай», – деген.

Алла Тағаланың біздерге берген нығметтеріне ризалық танытып, Оған жүрегімен шүкірлік етіп, тілімен мақтау айтатын адам Жаратушысының разылығына кенеледі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ اللَّهَ لَيَرْضَى عَنْ الْعَبْدِ أَنْ يَأْكُلَ الْأَكْلَةَ فَيَحْمَدَهُ عَلَيْهَا أَوْ يَشْرَبَ الشَّرْبَةَ فَيَحْمَدَهُ عَلَيْهَا

«Расында Алла тамағын жегеннен кейін Аллаға мақтау айтқан әрі сусынын ішкеннен кейін Аллаға мақтау айтқан құлына разы болады», – деген (имам Мүслим).

Қисса

Исрайыл ұрпақтарының арасында бір ғалым адам бар еді. Күндердің күнінде ол ғалымның өмірлік жары дүние салып, осы сынақ жүрегіне қатты батқан ғалым қайғырғаннан төсектен тұра алмай жатып қалады. Оның осы жағдайын сол елдегі бір әйел кісі естиді. Әлгі ғалымның үйіне келіп, есік аузындағы кісілерге: «Менің ғалыммен жекеше шаруам бар еді», – дейді. Ауыздағы адамдардың бірі ғалымға: «Мына жерде сізді бір әйел күтіп тұр. Сөзсіз сізге жолығуым керек. Жеке мәселем бар дейді!» – деп хабар береді. Ғалым: «Келсін», – деп жауап қатады. Әйел ғалымның жанына келіп: «Сізден бір нәрсе сұрағалы келіп едім», – дейді. Ғалым: «Не сұрайын деп едің?» – дегенде, әйел: «Менің көршімнен аманат етіп алған бір алқам бар еді. Оны біраз уақыт тағып, пайдаландым. Кейіннен менен сол алқаны қайта сұрады. Алқаны иесіне қайтарып бергенім дұрыс па? – дейді. Ғалым: «Әлбетте, дереу қайтарып беруің тиіс», – деп кесімді жауап айтады. Әйел: «Бірақ алқа көптен бері мойнымда тағулы еді. Сондықтан оны қатты жақсы көріп қалған едім», – деп, алқаны бергісі келмейтінін білдіреді. Ғалым сонда: «Оған әбден үйреніп, жаныңа жақын болғанына қарағанда, ол сенде көп тұрып қалыпты ғой. Дереу аманатты иесіне қайтаруың қажет», – дейді. Осыны айтқанда әйел: «Құдай Тағала ақырын берсін! Сіз Алла Тағаланың аманат етіп беріп, енді қайтарып алған нәрсесіне қайғырып отырсыз ба? Ол берген аманатына сізден қарағанда әлдеқайда лайық емес пе?» – деп даналық өсиет айтады. Осыны естіген ғалым әйелдің насихатына құлақ асып, Алла Тағалаға шүкір етіп, истиғфар айтып, есін жиған екен. 

Екінші: Ысырапқа жол бермеу

«Ысырап» сөзінің тілдік мағынасы, дүние-мүлкіңді, керек-жарағыңды орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден артық ішіп-жеу, уақытыңды дұрыс қолданбау, Алла Тағаланың сыйлаған әрбір нығметін өз орнымен қолданбау дегенді білдіреді.

Ысырапқорлық – қанағатсыздықтың көрінісі. Әдетте ондай адам өзіне берілген нығметке қанағатсыздық танытып, қадірін түсінбей, оңды солды шашады. Алла Тағала қасиетті Құранда: 

وَ كُلُواْ وَاشْرَبُواْ وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді», – деп ескерткен («Ағраф» сүресі, 31-аят).

Ысырапқорлықтың тағы бір түрі қасиетті Құранда «әт-тәбзир» деп аталады. Ысырапқорлық тиісті болған дүниеден артығын жұмсау болса, ал «әт-тәбзир» деп рұқсат етілмеген дүниеге мал сарып етуді айтады. Алла Тағала Қасиетті Құранда ысырапқорлықтың бұл түрін:

إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُواْ إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُوراً

«Сөзсіз орынсыз мал сарып қылғандар шайтанға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші», – деп айтқан («Исра» сүресі, 27-аят). Арақ, құмар, зинақорлық сынды күнәлі іске жұмсалған қаражат ысыраптың осы түріне жатады.

Мұсылман адам Алланың өзіне берген нығметін есепсіз шашып-төгуден сақтанып, өзін үнемділікке тәрбиелеуі қажет. Шәкәрім бабамыз:

Қайтер еді, жігіттер,

Тым қымбатты кимесек.

Мақтан үшін борышты

Үсті-үстіне үймесек – деп, біздерді үнемді болуға шақырған.

Ендеше, қанағат етуші жан өзіне берілген нығметтің қажетін ғана пайдаланып, артығын ысырап етпеуі қажет.  

Үшінші: Өзін және отбасын қанағатшыл болуға тәрбиелеу

Қанағатшылдық адамның әдебі мен тәрбиесінің, ұстамдылығы мен рухани байлығының көрінісі. Әйгілі сахаба Сағид ибн Әбу Уаққас (Алла оған разы болсын) баласына: «Уа, балақайым! Егер сен Алла Тағаладан байлық сұрағың келсе, қанағатты сұра. Ол ақиқатында таусылмайтын байлық», – деп өсиет айтқан екен.

Қарны аш адамды тойдыруға болады, алайда аш қалудан қорқатын, қанағатсыз адамды тойдыру өте қиын. Өйткені ол тоюдың не екенін білмейді. Өмірде орын алатын түрлі жағдайларда шалыс басып, үлкен қателіктерге жол береді. Ал қанағатшыл адам әр істі саралап, көрсеқызарлыққа салынбай, байыппен шешім қабылдайды. Сондықтан да әр адам өзін, отбасы мүшелерін қанағатшылдыққа тәрбиелеуінің мәнісі үлкен.

Қазіргі уақыттағы жиілеп кеткен ажырасу мәселесінің негізгі себебінің бірі де осы – өмірдегі түрлі қиындықтарға сабыр ете алмау, барға қанағатшылдық қылмау. Бұл тұста ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасы баршамызға ғибрат. Алла Елшісі шалқып, шашып-төгіп өмір сүру мүмкіндігінің жоқтығынан емес, қанағат етіп, күн кешуді абзал білгендіктен өте қарапайым өмір сүрді. Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты  мен сәлемі болсын) дүниеде өмірінің соңына дейін үш күн қатарынан тойып тамақ жеген емес. Қаласақ тойып жейтін мүмкіндігіміз бар еді. Бірақ өзгелердің қажетін өзімізден артық қоятын едік», – деген.

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлімін алған саңлақ сахабалар мен олардың отбасы өте қарапайым өмір сүрді. Мысалы, хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) халифа болса да асып-тасып өмір сүруді қаламаған. Тіпті оның мұқтаждық көріп жүргенін білген сахабалар алатын жалақысын көтеруді қалап, өзіне айтуға ұялып, қызы Хафсаға жеткізеді. Хафса (Алла оған разы болсын) бұл мәселені әкесіне айтып жеткізгенде, ол: «Қызым! Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалай тамақтанып, қалай киінгені есіңде ме?» – деп сұрады. Сонда Хафса: «Иә, тек өзіне қажетті болғанын ғана алатын», – дегенде, Омар (Алла оған разы болсын): «Менің екі досым және мен – бір сапардың жолаушыларымыз. Бізден бірінші болып белгіленген жерге сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетті. Одан кейін сол жолмен Әбу Бәкір жүріп өтті. Ал олардан кейін үшінші мен болғым келеді. Менің жолға алған жүгім көп болса, ол екеуіне жете алмай қаламын ба деп қорқамын. Әлде сен менің сол жолда үшінші болуымды қаламайсың ба?» – деп жауап қайтарған екен.

Төртінші: Дүние тұрғысынан өзінен төмендерге қарау

Ашкөздік – үлкен рухани дерт. Ашкөз адам өзінде бар болса да, қанағатты ұмытып, тағы да болуын қалап, көбірек иемденуге тырысады. Бұндай ашкөздікке салынғандар турасында Алла Тағала құдси хадисте былай деген:

 إِنَّا أَنْزَلْنَا الْمَالَ لإِقَامِ الصَّلاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَلَوْ كَانَ لابْنِ آدَمَ وَادٍ أَحَبَّ أَنْ يَكُونَ لَهُ ثَانٍ , وَلَوْ كَانَ لَهُ ثَانٍ أَحَبَّ أَنْ يَكُونَ لَهُ ثَالِثٌ وَلا يَمْلأُ فَمَ ابْنِ آدَمَ إِلا التُّرَابُ وَيَتُوبُ اللَّهُ عَلَى مَنْ تَابَ

«Біз мал-дүниені намаз оқу және зекет беру үшін түсірдік. Егер адам баласының бір сай алтыны болса, әлбетте екі сай алтыны болғанын қалар еді. Ал, екі сай алтыны болса, әлбетте екеуіне қоса үшіншісін қалайды. Адамның ішін тек топырақ қана толтыра алады. Алла тәубе еткенді кешіреді» (имам Ахмад, Байһақи).

Мұсылманның қолында дүниесі болғаны жақсы. Қолында дүниесі бар адам өзгеге қол жаймайды, садақа мен зекетін беру арқылы қоғамға үлкен пайда келтіреді. Бірақ дүниені бар жан-тәнімен жақсы көріп, оны өмірінің негізгі мақсаты ету, ол үшін адамдықтан аттап, ашкөздікке салыну дұрыс емес.

Ғалымдарымыз екі нәрседе жоғарыға, екі нәрседе өзімізден төменгілерге қарауды өсиет еткен. Жоғарыға қарауымыз керекті болған екі жайт – ізгі, игі іс атқару мен білім алу. Ал төменге  қарауымыз болған екі нәрсе – дене бітіміміз бен дүние тұрғысында. 

Себебі адам баласы өзінен көбірек жақсылық жасаушы, ғибадат-құлшылық атқарушыларға, білімді адамдарға қарап қызығып, олардан озуға тырысса, ізгілік амалдарда тұрақты, құлшылығында бекем болады.

Бірақ жаратылысы тұрғысынан өзінен де сымбатты адамдарға қарап қызығу, дүние мәселесінде өзінен жоғарғыларға қарап тамсану пенденің шүкірлігін азайтып, қанағатын жоғалттырады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اٌنْظُرُوا إِلَى مَنْ هُوَ أَسْفَلَ مِنْكُمْ, وَلَا تَنْظُرُوا إِلَى مَنْ هُوَ فَوْقَكُمْ, فَهُوَ أَجْدَرُ أَنْ لَا تَزْدَرُوا نِعْمَةَ اَللَّهِ عَلَيْكُمْ

«Өздеріңнен төмендегілерге қараңдар, өздеріңнен жоғарыдағыларға қарамаңдар, өйткені бұл сендерге Алланың берген нығметін азырқанбауларың үшін жақсы», – деген. Тағы бір хадисте:

إِذا نَظَر أَحَدُكُمْ إِلَى مَنْ فُضِّلَ عَلَيْهِ فِي الْمَالِ وَالخَلْقِ فَلْيَنْظُرْ إِلَى مَنْ هُوَ أَسْفَلُ مِنْهُ

«Егер сендерден кім өзінен байырақ не әдемірек біреуді көрсе, бірден өзінен төменірек біреуге қарауды да ұмытпасын», – деп айтылған.

Кейбір даналар қанағатсыздыққа душар ететін төрт түрлі сипат бар дейді. Олар:

  1.Ауқатты әрі сараң адамдармен көп араласу;

  1. Өзіңе жете тұра, одан көбін сұрай беру;
  2. Құран оқып, аяттарына ой жүгіртуді тәрк ету;
  3. Өлімді ұмытып, ақыретін естен шығару.

Хамид әл-Лаффаф (Алла оған разы болсын): «Біз төрт нәрсені төрт нәрседен іздеп едік. Алайда, қателескен екенбіз. Іздегенімізді басқа төрт нәрседен таптық. Мал-дүниені байлықтан іздеп едік, бірақ оны қанағаттан таптық. Рахатты молшылықтан іздеп едік, бірақ оны дүниенің аздығынан таптық. Ләззаттарды нығметтен іздеген едік, бірақ оны денсаулықтан таптық. Ризық-несібені жерден іздеген едік, бірақ оны аспаннан таптық», – деген екен.

Қадірменді жамағат!

Уағыз соңында мына тарихи жаңалықты өздеріңізге айтып кетуді жөн санадық.

Өздеріңіз білесіздер, жуырда Марал Ишанның Кенесары Ханға сыйлаған Құранын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге қайтарылып, діни басқармаға тапсырылатынын айтып, былай деген болатын: «Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі.

Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды.

Кез келген өркениетті ел өзінің тарихи мұраларына зор құрметпен қарайды. Оны қастерлеп, мұражайға немесе басқа да арнайы орындарға қояды. Біз де бабалардан мирас болған әрбір жәдігерді қадірлеп, сақтай білуіміз керек. Осы Құранды жақында Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасына табыс етеміз. Өйткені бұл – бүкіл елге ортақ қазына. Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал. Сондықтан Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын.

Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік».

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазірет те өз сөзінде: «Президент Ұлттық құрылтай кезіндегі баяндамасында айтқандай, бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, кейін шет елге шығарылған екен. Аллаға шүкір, жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен елге оралды. Бұл Құранның ерекшелігі – қасиетті кітап дін қайраткері Марал ишанға тиесілі болған, кейін Кенесары ханға берілген. Кітапта қазақтың екі ірі тұлғасының мөрі бар. Бұл Құран – қазақтың үлкен жәдігері. Сондықтан оны сақтап, қадірлеуіміз керек. Құранның оралуы – жақсылықтың нышаны. Осы қасиетті кітап пен бірге елімізге құт-береке дарысын деп тілеймін! Алла қаласа, Діни басқармаға берілген соң, құнды мұраны Түркістандағы қастерлі орын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне табыстаймыз», – деген болатын.

Міне, Аллаға шүкір, Кенесары Ханның қасиетті Құран кітабы еліміздегі мұсылман қауымының қара шаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 04 шілде күні Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Тынымбайұлы бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері арнайы алып келіп, салтанатты түрде табыстады. Алла қаласа, Құранды қариларымызға хатым етіп оқытатын боламыз. Білесіздер, Құран – мұсылман үшін ең қастерлі кітап. Құранда барлық ғылым қамтылған, ол адам баласының қоғамдағы өмір сүру дағдысын реттейтін, адасқанға жол нұсқайтын, ауырғанға дауа сыйлайтын ұлық кітап.

Алла Тағала елімізге береке, халқымызға амандық нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі