Әке – отбасы тірегі

Осындай тақырыппен бүгін маусым айының үшінші жексенбісі «Әкелер күні» болып тағайындалуына байланысты аудандық ардагерлер үйінде мерекелік шара өтті. Оған еңбек ардагерлері, мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты. Шараны еңбекші әйелдер ісі жөніндегі аудандық комиссияның төрайымы Гүлнәр Қайырлиева ашып жүргізді. Шара барысында ардагер ұстаз Қабаш Жүнісов, аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова, аудандық аурухананың кадр бөлімінің инспекторы Зәмзагүл Сапарғалиева, ардагер ұстаз Меңсұлу Жұмақұлова, көпбалалы отбасылардың атынан Жанғуат Рамазанов, Ілияс Бекетаевтар сөз сөйлеп, бала тәрбиесіне мән беру, білім мен тәрбиені қатар алып жүру керектігіне, әкелердің отбасындағы рөлі әлсіреп бара жатқандығына, сондықтан олар рухты, иманды болу қажеттігіне баса назар аударды. Жастарға жақсы тәрбие беру бағытында түрлі қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, жұмыс жасау керектігі алға тартылды. Қазіргі ұрпақтың телефонға тәуелді болып қалғаны, ат мініп, асау үйрететін адамдардың қалмай бара жатқаны да назардан тыс қалған жоқ. Сөйтіп, түрлі ой-пікірлер ортаға салынған басқосу кезінде қамыстылық Серік Сүлейменов «Шетелдіктерге қазақты таныстыру», мәдениет қызметкері Райымбек Кәрімов «Әке туралы» әнді көпшілікке тарту етті. Аудандық демалыс орталығының қызметкері Шынтемір Рамазанов Құрманғазының «Балбырауынымен» балбыратса, саз мектебінің директоры Жақсылық Бисенғалиев өзінің төл туындысы «Әкеге сағыныш» өлеңін оқып, әрі қарай әнге кезек берді. Одан кейін әкелерге түрлі сауалдар қойылып, жауап алынды. Шараны «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев қорытындылап, ҚР Білім беру ісінің үздігі, жерлесіміз Өтебай Құспанов, мемлекет және қоғам қайраткері Нәжімеден Есқалиев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Мақсот Бергеннің шығарған жинақтарын көпшілікке таныстырды. Сонымен бірге Жанғуат Рамазановқа ардагерлер кеңесі атынан алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етіп, Ілияс Бекетаев, Шынтемір Рамазанов, Серік Сүлейменов, Жақсылық Бисенғалиевтарды алғыс хаттармен марапаттады.

«Шұғыла»-ақпарат