Жария садақаның түрлері қандай екенін білесіз бе?

Жария садақа тақырыбына кірмес бұрын, алдымен садақа дегеніміз не? Осыған тоқтала кетсек.  «Садақа»  – дегеніміз бір нәрсені жұмсау деген мағынаны білдіреді. Жалпы мағынасы   адалдық, шынайылық, шыншылдық, құдайшылдық деген мағыналарға қамтиды. Садақа беру  арқылы адам өзінің Алла алдындағы адалдығын, сенімінің шынайылығын дәлелдейді. Себебі садақа тек Алла разылығы үшін ғана жасалатын құлшылық түрі.

Адам әр дайым садақа беруге дағдылануы қажет екен. Себебі үздіксіз садақа беру күнәлардың кешірілуіне, бәле-жала және түрлі апаттардан аман қалуға себеп болады. Яғни адам садақа беру арқылы,  екінші бір адамды қуантып жатқан болса да, ең алдымен өзінің пайдасына жұмсалатынын түсінуі керек екен.

Садақа жайлы тағы бір ескеретін нәрсе, Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іспен берілген затқа да  – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілсе де ықыласпен, Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.

Көпшілік адам садақа берген кезде, ол өзінің қалтасынан шыққандай ойлайды. Яғни барлығын өз еңбегіммен таптым, болмаса дүние менікі деп қателеседі. Негізі  барлық дүние ол Алланікі. Осыған қатысты Құранда мынандай аяттар бар. Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың шын мәніндегі иесі Алла. Алла қалаған құлына дәулет беріп, қаламағанына бермеуі мүмкін. Адам өзі қаншалықты бай, мал мүлікі көп болса да, ол Алладан берілген нығмет екенін білуі тиіс.

قُلِ اللَّهُمَّ مَالِكَ الْمُلْكِ تُؤْتِي الْمُلْكَ مَن تَشَاء وَتَنزِعُ الْمُلْكَ مِمَّن تَشَاء وَتُعِزُّ مَن تَشَاء وَتُذِلُّ مَن تَشَاء بِيَدِكَ الْخَيْرُ إِنَّكَ عَلَىَ كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ

«Сен айт: «Патшалықтың иесі болған ей, Алла! Қалаған адамыңа патшалық бересің, қаласаң одан тартып аласың, ықыласың түскенге үйіп-төгіп байлық бересің де қырыңа алғаныңды қор етіп қоясың. Игіліктің бәрі өз қолыңда. Сенің құдіретің бәріне толық жетеді», (3.Али Имран-26).

Сонымен қатар, Алла біздерге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін ескертеді. Себебі Алла Тағала сол адамға байлықты беру арқылы, кедей кемшік адамдар болса, солардың ақысы да байлардың мойнында екен. Ертең ақыретте тірілгенде біз, мал-мүлкімізді қайда жұмсағанымыз жайлы сұралады екенбіз. Сол себепті, қолымыздағы мүліктің бір бөлігін, жағдайы төмен адамдарға беруіміз міндет.

وَفِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ لِّلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ

«Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» (51.Зарият-19).

Жалпы негізгі тақырыпқа оралсақ. Садақаны бірнеше түрмен беруге болады екен.

Мысалы Құранда 4 түрлі жолмен беруге болатын айтылған. «Мал-мүліктеріңнен күндіз-түні жасырын немесе ашық түрде  садақа беретіндердің сауабы Алланың алдында дайын. Оларға қауіп-қатер, қам-қайғы болмайды. (Бақара сүресі – 274аят).  Яғни күндізгі уақытта немесе түнгі және жасырып та немесе құпия түрде де беруге болады екен.  Яғни бір адам садақаны көрсетіп беріп жатса, оның садақасы «қате немесе жасырып берсе де беруге болатын еді ғой» – деп сөгуге болмайды. 

Садақаның тағы бір түрі ол – жария садақа.

«Жария садақа» дегеніміз не? Ол нені білдіреді? Көпшілігіміз оны «ашық түрде жасалған садақа» деп түсінеміз. Бұл садақаның түрі де бірнешеге бөлінеді. Жария садақа дегеніміз – ол үзілмейтін садақа. Мейлі адам қайтыс болып кетсе де, артынан үзілмей, үздіксіз тоқтаусыз барып түретін садақа. Сахих Муслимде келгендей: «Адам өлгеннен кейін жасаған амалы тоқтайды. Бірақ, мына үш нәрсенің сауабы тоқтаусыз барып тұрады.  Алғашқысы  – садақа жария, екіншісі пайдаланылатын ілім, соңғысы ол үшін дұға жасап жүретін бала» – деген екен.

Және тағы бір деректерде  Муаз ибн Анас (р.а.) айтады, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Кімде-кім ешкімге зұлым қылмастан және біреудің ақысын жеместен, қандай да бір ғимарат тұрғызса немесе біреудің ақысын жемей, зұлым қылмастан ағаш отырғызса, Алланың жаратылыстары одан пайдалана бергенше, оған сауап жетіп тұра береді».

Жоғарыда айтқанымыздай, жария садақа адам өлгеннен кейін де сауабы тоқтаусыз барып тұратын садақа түрі.  Мысалы, мешіт тұрғызу, көпір соғу, аурухана соғу, кітап жазып қалдыру, бау-бақша өсіру, міне осылар жария садақа деп аталады. Мысалы пақырды тамақтандыру – ол да үлкен сауап, бірақ «жария садақаға» жатқыза алмаймыз. Өйткені берген асыңыздың сауабы ішіп-жегеннен кейін тоқтайды. Алайда пақырлар тамақтанатын асхана салдыратын болса, онда ол жария садақа болып саналады екен. Яғни соғылған асхана бұзылмайынша, немесе тегін тамақтандыруды тоқтатпайынша сауабы үзілмей тұрады.

Имам Науаи деген дініміздегі ең ұлы ғалымдардың бірі: «Жария садақа – ол – уақып» деген екен. Ал уақып дегеніміз – қайырымдылық мақсатында халық игілігіне тапсырылған дүние. Уақып етілген дүниенің де сауабы үзілмей барып тұрады.  

Жария садақа – ашық та, жасырын да болады. Тіпті кей ғалымдар жариян садақаның ең ұлысы – біреудің үйленуіне себепкер болу. Өйткені, олардың ұрпағынан кім игі іс жасаса, соның бір сауабы себепші болған адамға жазылып тұрады.

Мақаламыздың соңын Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзімен аяқтасақ: «Мүмін өлгеннен кейін де сауабы барып тұратын игі амалы мен жақсылықтарының кейбірі мыналар:  үйретіп тарқатқан ілім, артында қалдырған салиқалы бала, мұраға қалдырған Құран, тұрғызған мешіт не жолда қалғандар үшін соққан үй немесе ағызған өзен», – деген екен (Ибн Мәжә: Сүнән №242 хадис)

Алматы қаласы бойынша «Уақып» қорының өкілі

Сапанов Талғат Дайрабайұлы