Балаларға арналған сауат ашу курсы басталды

ҚМДБ бастамасымен еліміздегі мешіттерде «Имани жаз 2023» жазғы сауат ашу курстары өз жұмысын бастады. Мектеп оқушыларының жазғы демалысын пайдалы өткізу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба аясында биылғы жылы Ақжайық бойынша 200 астам оқушы Құран әліппесімен танысып, әдеп және имандылық дәрістерімен сусындамақ. ҚМДБ БҚО бойынша Бас имамы Самат Алибаев «Ар-Рахман» мешітінде, «Имани жаз 2023» жазғы сауат ашу курсында оқып жатқан балалармен жүздесті. «Бұл бастаманың басты мақсаты – жасөспірімдерді отаншыл болуға, ата-ананы қадірлеуге баулып, тұлабойына адамгершілік құндылықтарды ұялату. Иманды адам қашан да қоғамға шарапатын тигізбек» деп атап өтті.«Имани жаз» жазғы сауат ашу курсының маңыздылығына тоқталып, жас жеткіншектердің мешіт қабырғасында діни білім ғана емес, әдеп-тәрбие дәрістері, бала санасын дамытуға арналған түрлі ойындар, имандылық, салт-дәстүр сабақтарына қатысып, жан-жақты дами түсетінін жеткізді.

Баспасөз қызметі