Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына барған сапарында өңір имамдарымен кездесіп, насихат айтты.
«Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында өткен кездесуде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңіз жақсы білесіздер, жуырда Астана қаласында ұйымдастырылған бесінші имамдар форумында «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі», «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы құжаттары қабылданды. Әр имам әр өңірде рухани жетекші болғандықтан жамағат оған ұйып, құлшылық жасайды. «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі» құжатын қабылдаудағы мақсат – мешіттерде көпшілікпен намаз оқу тәртібін бірізділікке түсіру, жамағат арасында түсініспеушіліктерге жол бермеу, сонымен қатар ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрлі ханафи мәзһабын дәріптеу.
Аллаға шүкір, бүгінде мүфтият қоғамда ата дініміздің асыл құндылықтарын дәріптеумен қатар жақсылыққа үндейтін салт-дәстүрлерімізді насихаттайтын рухани ордаға айналды. Біз ұлттық болмысымыз бен мұсылмандық келбетімізді сақтап қалу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани, яғни діни және ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлін арттыруға басымдық беріп отырмыз. Сіздерді игі бастамаларымызға үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамын» деді.