Отанға сүйіспеншілік

                                                 

   Туған жерге, отанға деген сүйіспеншілік терең  иманнан туындайтын сезім. Қасиетті Құран кәрімде: «Өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Сендер бір-біріңе дұшпан едіңдер. Ол жүректеріңнің арасын жарастырды, оның игілігімен туысқа айналдыңдар». («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп бір-біріне рухани  желімен көгендеген бүкіл иманды жандарды бауыр, туысқан дей отырып, осы бауырмалдықтан артық ешбір түрі жоқ екендігін білдірген.

   Кім-кімнің де  жапырақ жаяр жері – Отан.  Отансыз бақыт жоқ. Сол себепті, әрбір адам туған жерін, отанын қастерлеуі  керек. «Отанды  сүю –   иманнан» деген мағынасы терең қанатты сөз бар. Өйткені  иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін түсінбейді. Имандылыққа  бет бұрған ізгі ниетті мұсылман үшін киелі ұғымдардың бірі – елге, жерге, отанға деген сүйіспеншілік. Олай болса, Отанды құрметтеу  де мұсылман баласы үшін парыз саналады.

  Отан деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттар мен ақ жаулықты әжелеріміз, тай-құлындай  бірге  өскен құрбы-құрдастарымыз  бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Ал, бір тілде сөйлейтін, діні бір, тарихы мен мәдениеті бір қауымды ұлт деп атайды. Адам өз ұлтын таңдай алмайды. Алла оның белгілі ұлттың өкілі етіп жаратады.

   Осы туған ел мен жерге ие болу, амандаған тілеу – әр мұсылманның діни әрі азаматтық борышы.

    Ислам – қоғам ішінде  бейбіт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Үлгілі азамат өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды. Қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын қалайды. Экономикалық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды.

   «А, Құдайлап» жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ жерге бабалар  аманаты деп қарай білген  жөн. Өйткені құс – ұясын, ал адам –   Отанын қорғайды.

     «Біз, қазақ  деген мал баққан елміз,

       Ешкімге  соқтықпай,  жай жатқан елміз.

       Елімізден құт-береке қашпасын деп,

       Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

       Найзаға үкі таққан елміз.

       Ешбір дұшпан  басынбаған  елміз.

      Басымыздан сөз асырмаған елміз… »

 Қазыбек би бабамыздың отты сөзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне  түсіре білген батырлар ұрпағы  болғандығымызға дәлел.

  Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Бұл Отанды қорғау жолында бәріне бара білуді, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Адамға  алуан түрлі қасиет, дарын туған ортадан дариды. Сондай-ақ туған туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді. Отанын сүю үшін адал өз ана тілін, тарихы мен мәдениетін жақсы  білуі тиіс. Тіл – адамның  ішкі жан дүниесінің, рухани әлемінің көрінісі. Әр халықтың ойлау жүйесі тілінен көрінеді. Олай болса тілді таза сақтау халықты, ұлтты сақтаудың бір жолы.

 Сондай-ақ дінімізде бес нәрсені:  Отаныңды, дініңді, ұятынды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Отанның қадірін дұрыс ұғыну үшін оның тарихы мен салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілік, адамдық құндылықтарымен, көлімен, шөлімен, тауымен, бауымен іштей біте қайнасу керек.

   Туған жерге деген сүйіспеншілік елді көркейтуге білім іздеген жастардың талабына қолдау білдіруді де ұтқырады. Ол себептен Ислам дінінде ең жақсы садақа ілім жолындағыларға садақа екендігі айтылған.  Бұл  сол елдің болашағына жасалған қамқорлық екені сөзсіз: Өйткені бір тағылымды кеңесте «Бір жылыңды ойласаң, егін ек, Он жылдығынды ойласаң, ағаш  отырғыз, мың жылдығыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле, білімге, көңіл бөл» делінеді.

  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Ең  жақсы  адам басқаға пайдасы тиген адам» дейді. Осы себепті туған елімізді сүйем  деген  әрбір азамат ол айтқанын туған елге  жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек. Саясаткерлер халық игілігін көздейтін, мықты саясат жүргізуі керек. Балабақшаларда тәрбиешілер балаларға жақсы тәрбие, имандылықты үйретуі тиіс. Мектептерде ұстаздар сапалы білім беруге, дәрігерлер науқастарға қолдан келгенше жәрдем  бергені жөн. Өнерпаздар мен ақындар елдің, халықтың мұңын мұңдап, жырын  жырлайды, халыққа имандылық пен ізгілікті дәріптейді. Имамдар халыққа ислам дінінің құндылықтарын кеңірек танып, елдің ауызбіршілігін арттырып, іс-әрекетімен үлгі болуы тиіс. Отанға жанашырлық елдің үнемі тілек тілеуін, жүрген ортаны таза ұстауды да қажет етеді.

  Жер бетінде Отансыз ұлттар қаншама?! Сондықтан Отанды, елді құрметтегенде ұрпағым, елім болашақта жетім  болмасын, Отансыздықтың азабын тартпасын деп сақтау керек.

                                                                  Нұрлан Саматұлы,

                          ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі