Ысырапқа жол бермеу

«Жер бетінде ризығы Аллаға тән болмаған ешбір тіршілік иесі жоқ» (һуд сүресі, 6-аят). Әбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нағыз байлық – дүниенің ағыл-тегіл көптігі емес. Нағыз байлық – жан сарайының байлығы», – делінген (Бұхари, риқақ 15; Муслим, зәкәт 130).

Дәстүрлі Ислам дінінде, Ысырап (исраф) мал-мүлікті діни тұрғыдан және муруәт (адамгершілік) тұрғысынан дұрыс болмаған жерлерге жұмсау деген сөз. Сай болмаған ысырап харам болып табылады. Кұран бойынша, ысырапқа тек қана мал-мүлік емес, дұрыс қолданбаған уақытты да айтады.

Әл-Анғам сүресінің 141 аяты «Ол сондай Алла аспалы және аспасыз бақшаларды, құрма ағаштарын, түрлі жемісті, өсімдіктерді, зәйтүн және анарды бір-біріне ұқсаған, ұқсамаған түрде жаратқан. Әрбір жеміс берген кезде, жемісінен жеңдер. Оны жиып алған күнде құшырын беріңдер; Ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» дейді.

Алдымызға келетін астың қаншалықты таза жолмен келгенін, және сол тапқан табысымыздың қайда, қалай кетіп жатырғанын басты назарымызда ұстауымыз керек. Бүгінгі қоғамда өзгелерден ерекшеленіп көрінгісі келетін көңілдердің белең алуына байланысты «жақсы көріну» үшін асыра сілтеп, қарызданып, қымбат баспана мен қымбат көлікке әуестену – тәкапппарлық пен ысырапшылдыққа апаратын төте жол. Қазіргі нарықтық заман қалайда сату деген режимде жұмыс істейтіндіктен, пенденің нәпсісіне жол салып, қызықтырып, «сен осыған лайықтысың», «өзгелерден айрықша боласың», «ерекшелігіңді басып көрсет» деп ұрандатып, қысқаша айтқанда шайтанның арбауына түсіріп, содан кейін сіз «әдемі әлемді» қызықтағыңыз кеп, сол ұсыныстың жетегінде қалай кеткеніңізді де байқамай қаласыз. Жақсы тұруға лайықпын деген желеумен, тұрып жатырған баспанаңыздан безіп, қарызданып болса да жаңасын алуға аңсарыңыз ауып тұратын болады. Көршіңізбен не досыңызбен жарысып жүріп, табысыңыздың қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын бақылауда ұстай алмай қалуыңыз да мүмкін. Қазіргі уақытта несие мен бөліп төлеу деген «жеңілдетілген» ұсыныстарды желеу етіп, ысырапшылық әбден етек алуда. Тіпті тағамның да есепсіз алынатыны соншалық, қоқыста да тағам қалдығы күннен күнге көбеюде.

«Олар (яғни, Алланың шынайы құлдары) қаражат жұмсағанда ысырап та етпейді, сараңдық та қылмайды. Екеуінің ортасын ұстанады» (Фурқан сүресі, 67-аят). Сондай-ақ «Хадид» сүресінің 20-аятына зер салсақ, «Біліп қойыңдар, дүние тіршілігі – құр ойын-сауық, уақытша ермек, сән-салтанат, араларыңдағы өзара мақтан және бала-шаға мен дүние –мүлікті көбейту жолындағы бақталастық қана. Бұл бейне бір нөсер тәрізді. Сол нөсерден кейін жайқалып өскен өсімдіктер шаруаларды тамсандырады. Алайда, кейін оның сарғайып, қурап қалғанын көресің. Содан соң үгітіліп, қоқысқа айналады. Ақыретте (дүниеге алданған кәпірлерге, ауыр азап, (ақыретін ойлаған ізгі жандарға) Алланың кеңшілігі мен разылығы бар. Шынтуайтында, дүние тіршілігі – есіл-дертіңді билеп әкететін өткінші қызық қана». Сол қызыққа түсіп кетпес үшін, адамзат ұдайы өзінен кейінгілерге көз салып, шүкіршілік етіп жүруі керек. Әбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.) «Пәни дүниенің мүмкіндіктері тұрғысынан өздеріңнен үстем болып, жоғары тұрғандарға емес, төмен тұрғандарға қараңдар, өйткені бұл сендерді Алланың берген нығметтерін азсынып, қанағат тұтпаудан сақтайды», – делінген (Муслим, зүһд 9).

Амр ибн Ауф әл-ансари (р.а.): «Бірде Алла елшісі (с.ғ.с) Әбу Убәйда ибн әл-Жәррахты Бахрәйнге жіберіп, сол елден жан басына салынатын салықты жинап әкелуді тапсырды. Әбу Убәйда тапсырманы орындап, Бахрәйннен мол дүниемен оралды. Оның келгенін естіген ансарлықтар әдеттегідей мешітке жиналып, таң намазын Алла елшісімен (с.ғ.с) бірге оқыды. Алла елшісі (с.ғ.с.) намаз оқып болып, мешіттен шығуға айналғанда ансарлықтар бір нәрсе дәметкендей оның қасына барды. Алла елшісі (с.ғ.с.) олардың осы халдерін көргенде еріксіз езу тартып: «Менің ойымша, сендер Әбу Убәйданың Бахрәйннен құр қол қайтпағанын естіген сияқтысыңдар?» – деді. Ансарлықтар: «Уа, Алланың елшісі! Иә, естідік», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Олай болса, сүйінші! Еншілеріңді  алып, әлі-ақ қуанышқа бөленесіңдер. Алланың атымен ант етейін! Асылында, сендер үшін кедейліктен қорықпаймын. Керсінше, сендерден бұрынғы қауымға ағыл-тегіл дүние берілгендей, сендерге де дүниенің молшылығы нәсіп болып, солар сияқты бір-біріңмен бақталасып, ақырында қу дүниенің олардың түбіне жеткеніндей сендерді де құрта ма деп қорқамын», – деп айтты», – деген (Бұхари, риқақ 7; Муслим зүһд 6). Бір кездері аштықтан көз жұмған бабаларымызды еске алсақ, біздің бүгінгі күніміз тасу емей немене? Қазіргі уақытта біз сол керсінше тоқтықпен сыналудамыз. Қазіргі уақытта бизнес саласынан келген үйретушілердің, бай болғың келсе байлардың жанында бол, солардың ортасына ұмтыл деген саясатын алып қарасақ, баю жолында жүріп пенде өзінің айналасындағы көмекке мұқтаждарды ұмытпай, оларға да жәрдемін бере жүруді мақсат тұтқан жөн. Ал ысыраптың ең үлкені ол уақытты босқа жұмсау. Теледидардың алды мен телефонның бетін сипаумен өткен әр минутымыз үшін де есеп беретін күн туатыны ақиқат. Игі істерге, туыс жақын, балаларымызға бөлетін уақыт деген қайта келмес қазынамыз күнделікті уақытта ысырап болуда. Ысыраптан құтылу үшін біз ғылымға ден қойымуыз керек, білімге бет бұруымыз керек. Білім жолына түскен адам ғана нәпсінің жетегіне ермейді. Қанағат ету мен қарапайым болуды бүгінде сәнге айналдыруымыз керек. Өресі биік адамдар ғана қарапайым болуға жігерленеді. Нан піскен қуыс кеуделер ғана, көкірегін соғып дүниелік мүліктерімен мен мұндалайды. Сондықтан жүрегімізді қайырлы ілімге толтырып, ысыраптан сақтанып, көркем де мағыналы ғұмыр сүруге ұмтылайық.

Қажымұқан қажы Елтайұлы,

 Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы

Орал қалалық мешітінің бас имамы