Ас адамның арқауы. Сонымен қоса дұғамыздың қабыл болуына әсер ететін бірден бір себеп те сол. Себебі асты адалдан жеу Ислам дінінің талаптарынан. Пайғамбарымыз () хадисінде: «Сапарға шыққан, үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып «Уа, раббым! Уа, раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?» деді» (Мүслим, зекет, 65). Демек асымыз адалдан болса, дұғамыз да қабыл болары анық.
Онымен қоса, Ата-бабаларымыз «Ауру-астан» деп тектен-тек айтпаса керек. Ғалымдарға құлақ түрсек, кез-келеген адал емес астан адам бойы дертке шалдығады деген. Қазақ халқы етті сүйсіне жетініміз барлығына мәлім. Сол жеп жүрген еттің адал не харам екеніне қатты назар аудару керек. Және оның харам я адал болуына бірден бір себеп сол малды сойған қасапшыға байланысты. Яғни кез келген жеуге жарамды жануар шариғат жолмен сойылмайынша халал болып есептелмейді. Алла тағала Құран Кәрімде «Маида сүресінің 3-ші аятында» осы туралы былай деген: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды. Және буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал харам…». Бұлардың бәрін жеуге болмайды, «… бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандардан басқа».
Демек малды жеуге болады немесе болмайды дегенмен қоса, жеуге болатын малдарды сою тәртібі бар. Ол тәртіпті ғалымдар екеу деген. Біріншісі, мал соятын адамның ақыл, есі дұрыс болу керек. Екіншісі, малды «бисмилля», яғни Алланың атымен деп сойылу керек. Алла Тағала былай деген: «Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар» («әл-Хаж» сүресі, 34-аят). Және Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында, мен сендердің пұттарға арнап бауыздағандарыңды және Алла-ның аты аталмай бауыздалғанды жемеймін!» (әл-Бухари 4/58).
Мал союдағы әдептер және тыйымдар
Малды мейірімділікпен сою керек, азаптауға болмайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды. Сондықтан, малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар, алдын-ала пышақты қайраңдар, жануарды қинамаңдар».
Осыған орай, мал сою кезінде келесі әрекеттерге тыйым салынады:
– Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды, өйткені малдың да түсінігі мен сезімі бар.
– Малды екінші бір малдың көзінше союға болмайды;
– Соятын құрал өткір болу керек. Тіс пен тырнақтан басқа кез келген өткір құрал малды союға жарамды. Жүзі дұрыс өтпейтін құралмен бауыздауға болмайды, өйткені ол жануарды қинап өлтіру болып саналады. Сондықтан, малды азаптамай тез сою үшін құрал міндетті түрде өткір болу керек.
– Желкесінен бастап союға болмайды;
– Мал мен құсты электр тоғы бар құрылғы, балға, балта және тағы да басқа құралдармен ауыр жарақат тигізіп талдыруға болмайды.
Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін:
– Мойнын сындыруға болмайды. Мойнын сындырса, мал қиналып өліп кетеді де, қаны етте қалып қояды.
– Басын денесінен бөлуге;
– Терісін сыпыруға;
– Ыстық суға салып жүнін жұлуға;
– Дене мүшесінен қандай да бір бөлшегін, әлде бір жерін шауып (кесіп) алуға болмайды.
Дұрысы, қаны мен жаны шығып кеткенше жатқызып қою керек.
Мал союдың тәртібі
1. Мал сойылатын жердің таза болуына көңіл бөлу;
2. Тізе бойындай қылып шұңқыр қазылады (қанын ағызуға);
3. Сойылатын жерге малды ұрмай-соқпай апару;
4. Малдың көздері (матамен) байланады;
5. Құбылаға қаратылып, сол жағымен жатқызылады;
6. Екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғы қоса байланады;
7. Пышақты малға көрсетпей қайрап келу;
8. «Бисмиллаһи Аллаһу Акбар» деп айту;
9. Малдың мойнында өңеш, кеңірдек және екі жағында екі тамырын бір мезетте кесу керек;
10. Малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күтіледі;
11. Мал сойылғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жүнін ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн.
Асхат Асылбеков, Ар-Рахман мешітінің азаншысы, БҚО бойынша Халал Даму ЖШС-нің жетекшісі