Қоңсы тату болса – құт, қату болса – жұт. Жаман көрші асыңды бағалар, жақсы көрші басыңды бағалар, деп көршінің орнын ойып берген, ата-бабамыздан жеткен мақалдар дөп басып айтылған нақыл бізге. Көршіменен келісті қарым-қатынас жасай білу де бір өнер. Бірде Айша (р.а.) Алла Елшісінен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Расулла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Есігі ең жақын орналасқанына» деп жауап беріпті. Ең есігі жақын көрші сенің ең жақын адамың. Қуанышыңа, сүйінішіңе бірінші болып жететін де осы көрші. Қиындыққа тап болсаңыз, әуелі көршің келіп, басыңды сүйейді. Ендеше, жақын көрші – жақсылық жасауға лайық көрші. Бір жаққа қыдырыстап кетсең де бала-шағаңды, мал-мүлкіңді соған табыстайсың емес пе?, Ол сен оралғанша аманатыңа адал болып, бала-шағаңа, мал–мүлкіңе бас-көз болып отырады. Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жанындағы көршісінің аш жатқанын біле тұра, өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес» дейді (Әл-Баззар риуаяты).
Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен тағы бір хадисте: «Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, мұсылман әйелдер! Көрші әйел көршісіне қойдың қу сирағын берсе де, сый-сияпат жасаудың ешбір түрін қомсынбасын», – деп айтты» – делінген.
Көршімен тату, жақсы мәміледе болу мұсылмандықтың негізгі белгісі, әрі Алланың сынағы.
Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінде көрші-қолаңға да зияныңды тигізбей, жақсылық жасау бұйырылған. Көрші ақысы хақында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жеткізген тамаша хадистер де көп.
« سَيُوَرِّثُهُ أَنَّهُ ظَنَنْتُ حَتَّى بِالْجَارِ يُوصِينِى جِبْرِيلُ زَالَ مَا» :وَسَلَّمَ عَلَيْهِ اللهُ صَلَّى اللَّهِ رَسُولُ قَالَ :قَالَ عَنْهُمَا اللهُ رَضِيَعُمَرَابْنِ عَنِ
Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған Жебірейіл періште көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы сонша, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» (Бухари мен Муслим) – деген.
Ислам дінінде көршіге қандай да бір залал тигізіп, жамандық жасауға тыйым салынған. Әбу Һурайрадан жеткізілген хадисте (Оған Алла разы болсын) Алланың Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне еш зиянын тигізбесін».
«Бірде Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың атымен ант етейін, иман еткен болып саналмайды!» – деп үш қайтара айтты. Қасындағы сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Кім иман еткен болып саналмайды?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Көршісіне қауіп төндірген адам иман еткен болып саналмайды», – деп жауап берді», – деген.
Иманды көршің болса – сырласың, имансыз көршің болса – қу басың дейді. Негізі, жаман көрші болмайды. Көршіңе көрген жерде бірінші болып амандасып, сыпайы мінез таныту қажет. Әрдайым жақсылық жасауға тырысып, қуанышына ортақтасып, қайғысымен бөліскен жөн. Сырқаттанса – жағдайын сұрап барып, жол сапарға шықса, үй – іші мен мал – жанына бас – көз болып, қорған болған жөн. Міне осы көршінің ақысын өтеп, осы амалдарымызды жасап жүрсек, Алланың есебінде көршілердің ең жақсысы – көршілеріңе ең қайырлы болғаны деген сипатына амал еткен боламыз.
Жақсылықты алдымен көршімізге жасайық! Көрші-көлемімізбен тату, аман болайық!
Тұрсынғали Құжапов
Ақжайық аудандық мешітінің бас имамы