«Адамның басына қонған бақытының тұрақты болуы жақсы мінез –құлыққа байланысты» деген екен Әл-Фараби. Мінезі жақсының жүзі жылы, иманжүзді болады. Ислам дінімен ұштасып жатырған ата-бабаларымыздың нақыл сөздері мен мақал-мәтелдері де «Игілікті істі түсі игіден ізде», немесе – жамандыққа бармайтын «Түсі игіден түңілме» дейді. Жақсы мінез-құлық пен жүректерге шуақ төгер жайлылық пен жылылық – адамның сарқылмас бір байлығы. Ал жаман мінез-құлық пен қатулық – бұл рухани кесел. Жүзі жылы болуы үшін, әлбетте тұлғаның мінезі бірқалыпты болуы қажет. Рухани дүниесі бай, талғамы мен ой-өрісі кең адамдарды толық мінезді адам дейді. Мінездің жақсы сапаларының бірі – оның бірқалыпты болуы. Мұндай адам құйындай ұйтқып, желдей ұшып-ұшқалақтанып немесе тынымсыз күйге еніп тұрмайды, оның қастерлейтіні ылғи да сөз бен істің бірлігі. Кімнің мінезі толық болса, соның мінезі бірқалыпты да келеді. Ал бұл байсалдылық пен тұрақтылық адамның моральдық ұғымынан, түсініктерінен туындайды. Бұл қасиеттер адамның өмір сүруінің мән-мағынасын, әрекетінің мазмұнын белгілейді. Бұл мінез бітістері дүние есігін ашқан сәттен бастап отбасы, қоғамдық ортаның ықпалымен, белгілі топта, ұжымда, ортада адамның өзінің дамуымен қоса қалыптастып отырады. Сондықтан да тәрбиелеушінің нағыз данышпандығы – әкенің, шешенің, педагогтың – балаға бақыт беруі. Балалық шақтың бақыты – жылылық пен қорек беретін отбасының тыныштығы. Біздің ұлтымызды ұдайы жылқы мінезді, қой мінезді, жайсаң деп сипаттайды. Қазіргі уақытта жылылық пен жайсаңдықпен қатар қытымырлық пен сабырсыздық, ашушаңдық пен қатулықты жиі байқаймыз.
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны жазылған кітаптарда оның өте кішіпейіл, мейірімді әрі жұмсақ мінезді жан болғандығының мысалдары жиі кездеседі. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең нашар кісінің өзін ерекше ілтипат, жылы жүз, жұмсақ тілімен демде баурап алатын. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Алла Тағала барлық тіршілік иелеріне жақсы қарауды бұйырды. Олай болса, мал бауыздасаңыздар да оны қинамаңыздар. Малды бауыздарда пышақтарыңызды жақсы қайрап, оны жұмсақ бауыздаңыздар» деп, тіпті мал бауыздағанда да жұмсақтық пен аяушылықты ұмытпауды ескертетін (Мүслим, Сайыд, 57). Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кішілерге мейірім, үлкендерге құрмет көрсетпеген бізден емес» – деп айтқан екен (Тирмизи)
Алла Тағала қатты азғындаған Перғауынды тура жолға шақыру үшін Мұса мен Һарұн пайғамбарларды жұмсағанда, «Барып оған жұмсақ сөз айтыңдар, мүмкін насихаттарыңа құлақ салар, бәлкім үрейленер» (Та-һа сүресі, 44-аят) деп, жұмсақтықты негізге ала отырып майда тілділікпен, жылы-жылы сөз бастау керектігін үйреткен. Бірде Халифа Мәмунға бір кісі келіп, қателіктерін бетіне басып, қатаң ескертулер жасай бастағанда, Халифа оған қарап: «Әй, сенің мына дөрекілігіңді неге жатқызуға болады, кішкене жұмсақтау болсаңшы?! Алла Тағала сенен де жақсы кісілерді (Мұса мен Һарұнды) менен де нашар адамға (Перғауынға) жіберерде, жұмсақ сөйлеу керектігін айтпап па еді?!»,- деп, жоғарыдағы оқиғаны еске алып, жұмсақ тілмен айтылған насихаттың ғана адамға пайда беретінін меңзеген.
Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Шынында, мейірбандық ненің бойынан табылса, соны әсемдей түседі. Ал ненің бойында болмаса, сөзсіз көріксіз қылады», – деп айтты» – делінген (Муслим, бирр 78).
Адам бойындағы көп қасиеттің бірлігі, түрлі өзгешіліктердің қосындысы болған осы бір мінез деген нәрсе адамды әр қырынан танытатын қасиет болғандықтан, адам бойында жақсы қасиеттермен бірге жағымсыз мінездерде болады. Кей адамдар: «Менің туғалы мінезім осындай, бұл мінезімді енді өзгерте алмаймын» — деп жаңсақ пікірлер айтып қалады. Бірақ, шындығына келгенде, мінез өзгермейтін тума қасиет емес. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады… Нәресте анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам – бұлар тән құмары, екіншісі – білсем деген, не көрсе, соған талпынып… көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыныштық көрмейді – мұның бәрі жан құмары… мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім…» деді емес пе дана Хакім Абай атамыз.
Жылылық біздің өзгелерге жылыұшырай, жымия қарап сәлемдесуімізден басталады. Ал, «Ниса» сүресінің 86-аяты біреу сәлем берсе, сендер одан да артық ілтипат білдіріңдер деп бұйырады. Жалпы күлкіні «жұқпалы» деседі. Егер сізге бейтаныс жанның өзі күлімсірей қараса, сіз де еріксіз езу тартасыз. Жылы жүзіңізбен сіз өзгелерді қуантып қана қоймайсыз, сол жылылықтың пайдасына тоқталсақ:
- жүзі жайнап, әрдайым көңілді, күліп жүретін жандар өзгелерге қарағанда жүрек ауруларына аз шалдығатын көрінеді;
- күлген кезде беттегі ет талшықтары демалады;
- күлкі адам миының сол жақ жартысының жұмысын жақсартады деген де тұжырым бар;
- күлген кезде биохимиялық процестер күйзеліске түсіретін гормондардың пайда болуына жол бермейді;
Жүзімізде үйірілген әдемі күлкі, жылылық – тамаша көңіл-күйдің көрсеткіші ғана емес, күйзеліске түспеудің, жақсылық жасауға құлшыныстың артуының, өмір жасымыздың ұзақтығының да бір кепілі. «Қуансаң, балаша қуан» деген сөз де бар. Сәбидің саф күлкісі кез келгеніміздің езуімізде болсын. Бір-бірімізден жылы жүзіміз бен жұмсақ тілімізді аямайық.
Орал қаласы, Круглоозерный кенті,
Серебрякова ауылдық «Айту ата» мешітінің
Бас имамы Қаженов Жақия Мерекеұлы