Бүгін отыз күн бойы ораза тұтқан Жалпақтал жамағаты Ораза айт намазын оқуға жиналды. Жалпақтал мешітінің бас имамы, дінтанушы, Тілек қажы Ахмеджанұлы айт мерекесіне жиналған жамағатқа ораза айтты тойлаудың тәртібі мен мәні мен маңыздылығы турасында уағыз айтты. «Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне қуаныш сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Әсілі, Ораза айт қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі. Бұл – араздасқан адамдар татуласып, туысқандық байланысты күшейтетін мейрам. Алла Тағала Құранда: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр», – деп (Ағраф, 199) мұсылмандарды барынша кешірімді болуға шақырған. Сол себепті, ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да айт күндері аса маңызды», – деді бас имам.
Жалпақтал халқы бірге оқыған айт намазынан соң, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізілді. Атап айтсақ арқан тарту, қол күрес, асық ату, ләнгі тебу, садақ ату және футболдан ұлттық спортты жаны сүйер ер азаматтар және мешіт жамағаттары сайыста белсенділік танытты. Оза шапқан жүйріктерді бағалы сыйлықтармен марапаттап, мереке қызығы арта түсті. Айт намазынан соң кәсіпкерлердің демеушілігімен 100 балаға айттық сыйлықтар үлестірілді. Мешіттің алаңында Киіз үй тігіліп 300 адамға айттық дастархан жайылып, ас берілді. Жүлделі орын алған қатысушыларға қаржылай және бағалы сыйлықтар берілді. Осылайша Жалпақтал мұсылман жамағаты айт мерекесін имандылық сән-салтанатына сай атап өтті.
ЖАЛПАҚТАЛ МЕШІТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ