ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСІНДЕГІ БІЛЕКТІЛЕР БӘСЕКЕСІ

Бүгін «Достық» алаңында Ораза айт мерекесіне орай аудандық мешіт жамағатының ұйымдастыруымен спорт түрлерінен сайыс өтті. Көрермендер қатарында аудан ардагерлері де табылып, арнайы тігілген киіз үй ішінде жайылған дастарханнан дәм татты. Алдымен ауданымыздың бас имамы Жомарт Лұқпанов мұсылмандар мерекесіне орай құран оқып, айт мейрамымен құттықтап, бұл күннің маңыздылығын атап өтті. Аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева және ауданымыздың ардагері Шаһидолла Ишанғалиев те құттықтау сөзін арнап, мәдени демалыс орталығының өнерпазы Нұрлан Хамзин «Адай» күйін тарту етті.
Одан әрі білектілер мен жүректілер бақ сынаған «Толағайлар тартысы» басталып кетті. Күш атасын танымас демекші ауданымыздың намысын түрлі спорт түрлерінен қорғап жүрген 8 спортшымыз қатысты. Олар гір тасы, ауыр қап көтеру және 350 келі дөңгелекті айналдыру сынды күрделі спорт түрлерінен сайысты. Сондай-ақ арқан тартыс, табан тартыс, садақ ату, асық ату сайыстары орын алып, жарыс тартысты өтті. Нәтижесінде «Толағайлар тартысынан» ІІІ орынды Жасқанат Сыралиев, ІІ орынды Жалғас Нығметов иеленді. Ал Еламан Рахимов І орынға ие болып, жеңіске жетті. Арқан тартыстан спорт мектебінің командасы жүлделі І орынға ие болса, «Jastar» спорт клубы ІІ орынға, мешіт жамағаты командасы ІІІ орынға табан тіреді. Табан тартыс спорт түрінен 80 келі салмақта Қолқанат Серіков, +80 келі салмақта Мерей Абдірешов І орынды қанжығалады. Садақ ату сайысынан Гүлнұр Құматай ІІІ орынды, Жасқанат Сыралиев ІІІ орынды қанағат тұтса, Жәнібек Уахитов І орынға ие болып, жеңіске жетті. Асық атудан Мәди Бақтығали І орын, Ерасыл Ишан ІІ орын, Ернат Мырзатұлы ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық мешіттің дипломымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Жаңақала аудандық мешітінің баспасөз қызметі