Қазіргі, «имам» мен «иманды» шатастыратын қазақ қоғамындағы, мешіт қызметкерлерінің әлеуметтік дәрежесі әлсіреуде десек артық болмас. Әнші мен биші, доп пен жұдырықкумир болған заманда, елдегі рухани тәрбиеші ролін Алланың қалауымен атқарып келе жатқан имамдар мен молдаларға, мешіт ұстаздарына деген көзқарасты, ақпараттық кеңістік еркін болғандықтан, жерден алып, жерге салып, арабтардың құлы етіп көрсеткісі келетіндер, «батыр» мен «ел қамын ойлаушылар» болып бара жатқан бір заман. Сонда да, Алла разылығы үшін қызметін атқарып, отын мен жарығын әупірімдеп, Алланың үйін жұтатпай ұстап отырған сол, өңірлердің имамдары болып, білім деңгейімізді көтеріп, елдің рухани болмысын құлдыратпайық деген ниеттеміз.
Білім мен ғылым күніге дамып бара жатқан заманда, мешіт қызметкерлері де, ардақты пайғамбарымыз с.а.с. нұсқауымен білім іздеп, Алматы қаласында орналасқан ҚМДБ жанындағы «Республикалық имамдаржың білімін жетілдіру ислам институтының» 2 айлық курсына елуге тарта имамдар жиналдық. Қаланың ортасында, жатар бөлмелер, кең дәрісхана, үш мезгіл тамақ бәрі қамтамасыз етілген екен. Дәрістерді жүргізетін ұлағатты ұстаздарымызға қоса, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі мүшелері де келіп, білім нұрымен сусындатуда. Әрине, әр пәннің күнделікті жұмыста қажет ететін мағлұматтары өте көп. Сондықтан, бос уақытта, араның ұясындай әр бұрышта шуылдап Құран жаттап отырсақ, ұстаздар келіп дәріс бастағанда, сол араның дыбысы ғана естілетіндей, тыныштықта отырып, әр сөзді қағып алып, санаға төгілмей құйылса екен деген ыждағаттпен отырамыз.
Демалыс күндері, еліміздің тарихын тасқа қашап кеткен бабаларымыз жәдігерлерін, мәдениет пен салт дәстүріміздің материалдық құндылықтары сақталған Мемлекеттік мұражайға барып тамашаладық. Білім іздеп келгендер, миллиондаға кітаптар жинақталған, елдегі ең үлкен – «Ұлттық кітапханаға» барып, оқырман билетін алып, кітап әлемінен әсер алып қайттық.
Институт ғимараты, өткен ғасырдың ортасында салынғандықтан, үнемі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Біздің де курс өтіп жатқан уақытымызды, демеушілер сол жұмыстарды атқарып жатыр. Айтайын дегенім, Алланың разылығын іздеген демеуші бауырларымыз бен осындағы шәкірт – имамдардың жамағаттарына, да рахмет. Аманаттарыңызды жеткізіп, шаңсорғыштар алып, пайдаланудамыз. Тазалық – мұсылманның бірінші белгісі ғой.
Ертең, 1 Наурыз – Алғыс айту күні екен. Осы сәтті пайдалана отырып, әуелі бардан жоқты, баршамызды жаратқан Аллаға, дүниеге келуге себепкер болған ата – аналарымызға, Ұстаздарымызға, еліміздегі барлық жүректері нұрға бөленген мейірімді жандарға, қайырымдылық қоғамдар мен қайырымды жандарға алғыс айтамыз.
Алдымызда дәрістер мен оқу қорытындысы – сынақтар мен емтихандар. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, ұлан – ғайыр Ұлы Даладан жиналған әріптес – бауырларымызбен қол ұстасып, бұл белестен де абыроймен өтсек деп жүрміз.
Ел алдында қызмет жасаушы санаулы қызмет саласында болғандықтан, барлық әріптес бауырларымды, білім алып, елге сапалы қызмет көрсетуге шақырамыз. Білім ордасына келер қадамдарыңызды сауаптан жазсын.
Орал қаласы, Круглоозерное кенті, Серебряково ауылдық «Айту ата» мешітінің бас имамы
Қаженов Жахия Мерекеұлы